Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов - АРҚА АЖАРЫ

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында Қазақстаннан шыққан 531 Кеңес Одағының Батыры мен 124 «Даңқ» орденінің толық иегері туралы мәліметтерді жинақтап, түгендеу жұмысын жүзеге асырды. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының бастамасымен бүгіннен бастап газет оқырмандарын киелі Қараөткел, көрікті Көкше өңірлерінен қан майданда ерлік пен батылдықтың өшпес үлгісін көрсеткен  52 Кеңес Одағының  Батыры мен 11 «Даңқ» орденінің толық иегерінің қысқаша өмір және  жауынгерлік жолымен таныстыра бастауды  жөн көріп отырмыз. Осы орайда, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болар ерлік  шежіресі туралы алғашқы сөз Ақмола топырағынан түлеп ұшқан әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов жайында болмақшы.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Майбалық ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен ұшқыш болуды армандаған ол 1940 жылы Балашов әскери авиация мектебіне оқуға түсіп, кейін Чкалов әскери авиа-ция училищесіне ауыстырылады. Ал, 1943 жылы қаңтар айында майданға алынып, басқыншы жаумен болған әуе ұрыстарында өзінің көзсіз ерлігімен ерекшеленді.
Атақты ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағы алғашқы рет  1944 жылдың 26 қазанында Знаменка, Кировоград қалаларын жаудан азат ету кезіндегі ерлігі, яғни, жаудың 4 ұшағын жойғаны үшін берілді.
1-ші Украин майданында ұрысқа қатысқан эскадрилия командирі, гвардия капитаны Талғат Бигелдинов өзінің ерлік жолын одан әрі жалғастырды. Ол соғыс кезінде барлығы 305 рет жауынгерлік тапсырмаларға ұшып шығып, жаудың бекіністерін, әуежайларын, теміржол тораптарын, көпірлер мен шоғырланған жау әскерін қиратып, жермен жексен етті. Курск доғасындағы, Кишинев, Берлин және Прага маңындағы ұрыстар кезінде жаудың 7 ұшағын құлатып түсірді.
1945 жылдың 27 маусымында өз эскадрилиясына білікті басшылық жасап, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау және Берлин қалалары үшін болған ұрыстарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Соғыстан кейін 1950 жылы Әскери әуе академиясын бітіріп, 1956 жылға дейін КСРО Әскери әуе күштерінде қызметін жалғастырды. Оның барысында реактивті ұшақтарды игерумен шұғылданды. Бір жолы сынақ кезінде апатқа ұшырап, алты ай бойы ажалмен арпалысты. Осылайша екінші топтағы соғыс мүгедегі болса да, бейбіт өмірден өз орнын табуға құлшынды. Ал, әскерден оралған соң еліміздің азаматтық авиациясы саласында басшылық қызметтер атқарып, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Қайтпас қайсар жанның қан майдандағы өшпес ерлігінің  айқын айғағы ретінде Бішкек және Көкшетау қалаларында батырдың қола мүсіні орнатылған. Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Қарағанды қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатта Талғат Бигелдиновтың есімімен аталады.
Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылып қалған даңқты жерлесіміздің жүрегі 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында мәңгілікке соғуын тоқтатты. Алайда, адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыста өшпес ерлігімен көзге түскен Ақмоланың ақиық қыранының аяулы есімі ұрпақтан-ұрпаққа жасай береді. 
«Нұр Отан» партиясы
Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар