«Біздің ауыл» партиялық жобасы аясында құрамында бірқатар жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың өкілдері бар «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында болып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Олардың қатарында облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ғайса, облыстық мәслихат депутаты Серік Аяғанов, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің мамандары болды.
Жалпы, бұл қабылдауда облыс орталығына сабылмай-ақ, өз ауылдарында көкейіндегі мәселелерін тиісті басшыларға жеткізуге мүмкіндік алған красноярлықтардың қарасы көп болды. Мұны да партияға деген сенімнің арта бастағанымен байланыстыруға болады. Халықты жер, жылу мен тиесілі мемлекеттік жәрдемақылар, жолдамаларды алуға қатысты сауалдар толғандырады екен. Мәселен, зейнеткер Ақық Төлепбергенова өзінің де, қырық жыл еңбек өтілі бар жолдасының да тым болмаса Қарттар айлығында ескерілмей қалғандығына налиды. Ол Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының орынбасары Инна Адамнан екінші топтағы мүгедек күйеуіне не себепті шипажайлық-курорттық емге жолдама берілмейтіндігін де сұрады. Ал, маман өз кезегінде тиесілі дәрігерлік тексеруден өткеннен кейін ақ халаттылар осындай ем түрін қажет деп тапса, кезекке қойып, жолдама беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Осы маманға жолыққан көп балалы ана Құралай Бұғымбаева пәтерін жөндеуге материалдық көмек көрсетілсе дейді. Дегенмен, оған мемлекет тарапынан мұндай атаулы көмектің көрсетілмейтіндігі ашып айтылды. Күйеуі мен өз табысы шеттей бала-шағаны асырауға жете бермейтін анаға жыл сайын берілетін бір реттік материалдық жәрдемақыға құжаттар әзірлеуге кеңес берілді.
Зейнеткер Нағашыбай Бекенов болса, кезінде өзінің еңбек ардагері екенін растайтын құжатты ала алмай қалған. Осыны қалпына келтірудің жөнін сұраған бұрынғы медицина қызметкеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасының ардагерлер кеңесі арқылы тиесілі ведомстволарға хат жазып, мәселені шешу тетігі түсіндірілді.
Тағы бір зейнеткер Василий Левченконы үйінде жарықтың әлсіз жанатындығы толғандырады. Қарт соның кесірінен немерелерінің кешке сабаққа дұрыс дайындала алмайтындығына алаңдаулы. Ақсақалдың базынасын мұқият тыңдаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Хамзин «Көкшетау Энерго» кәсіпорнынан мәселенің мән-жайын анықтап, оның оң шешілуіне атсалысатындығын жеткізді. Осы орайда, қоғамдық қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесінің әрі қарай оң шешімін табуы тікелей нұротандықтардың бақылауына алынғанын айта кетейік.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.