Қазақстан Республикасы-ның Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрайымдылық етуімен шет елдердегі қазақстандық танымал ғалымдарды елге тарту және олардың жұмысының тиімділігін арттыру, ғалымдарымыздың сырт жерлерге кетіп қалу қаупін жою мақсатында тиісті жағдай туғызу мәселелеріне арналған кеңес болып өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ғылыми зерттеулермен 23,7 мың адам айналысады. Ғылыми ортадағы ғылым докторларының саны 1688, (9,8 пайыз), ғылым кандидаттары 4915 (28,6 пайыз), PhD докторлары 218 (1,2 пайыз), кәсіптік бағыттар бойынша докторлар 605 (3,5 пайыз), ғылыми атағы жоқ ізденушілер 9774 (56,85 пайыз) адамды құрайды. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі
38 пайыз болса, 45 жасқа дейінгілердің үлесі 56 пайыз.
2014 жылы Қазақстанда әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша жұмыс жасауға 600-ден астам шет елдік ғалымдар жұмысқа тартылды. Олардың 75-і кезінде Қазақстаннан барған ғалымдар. Бүгінгі таңда шет елдік ғылыми орталарда 53 қазақстандық ғалым табысты жұмыс істеуде.
Кеңесте Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі және Ғылым мен техника саласында әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтар беру комиссиясының аясында жүзеге асырылатын мәселелер туралы нақты тапсырмалар берді.