«Арқа ажары» газетінің өткен жылғы санында жарық көрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Смағұлдың «Кеудесі қазына қарттар қайда?!.» деген тақырыптағы мақаласы оқырманға өзінің өзектілігімен оқырман жүрегіне ой салды.
Біздің ұжымда да бұл мақаланы талқылап, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған аталар ұлағаты жайлы пікір алмастық. Себебі, ойды ой қозғайды демекші, қазақтың қадірі де, қасиеті де сол қарттар десек, журналист бауырымыз ойланатын, ойландыратын үлкен мәселе көтеріп отыр.
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде тас мүсін.
Құрыштан құйған құдірет
Қарттарым, аман-саумысың?
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші, –
деп Сағи ақын жырлағандай, шынында, төрімізден қарттарымыз кетпеген халық едік қой. Енді неге қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын заман туып, немересімен шүлдірлеп басқа тілде сөйлесетін аталар көбейді екен?!
Расында, біраз жасты еңсеріп, немере-шөбересіне аталы сөз айта алмай, даналыққа жетелейтін тәрбие бере алмай, қазақтың аңыз әңгімелерінен сыр шерте алмай дағдарған қарттықтан не пайда?
Қарт дегенің – ағып жатқан дария іспеттес емес пе. Дарияның тереңдігі мен тұнығы қандай болса, бұрынғы қариялардың да білетіні сондай терең еді-ау. Оны бәріміз бала күнімізде көріп, біліп өстік. Қазақтың дана тарихы да бұл жайлы тағылымды сыр шертеді.
«Қарты бар елдің қазынасы да бар» демекші, олар біздің өткеніміз бен бүгініміз, тұнып жатқан тарихымыз деп түсінеміз. Сондықтан, олардың тәлімі мен тәрбиесінің ұрпақ үшін тағылымы мол. Қай заманда болсын қарияларға деген құрмет, ізет пен ілтипат ерекше болған, олардың даналықтары да үлгі-өнеге тұтылған.
Біз бұл мақалаға ерекше ықылас танытып отырғанымыздың басты себебі – біз де ұстаздар тәрбиесімен айналысамыз. Бұрнағы жылдары ЮНЕСКО-ның «Ересектерге арналған білім апталығы» акциясы аясында «Өмір бойы оқу: дәстүр, жаңарту, келешек» тақырыбында біздің институтта форум өтті. Онда да біздің ұлттық құндылықтарымызға қатысты ойлар қозғалып, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі кеңінен сөз болған еді.
Негізінен бұл барша қоғамның ортақ мәселесі. Оны отбасы, ошақ қасының ғана мәселесі десек қателесеміз. Бұған ұстаздар қауымы да назар аударады деп ойлаймыз. Өйткені, қазіргі қоғамымызда қарияларға деген құрмет те, ізет те бар, тек, жалғасын таппай жатқаны қарттарымыздың немереге деген тәлім-тәрбиесінің кенже қалғаны дер едік.
Еркін ИСІМБАЕВ,
Ақмола облысы
бойынша «Өрлеу»
біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалының директоры,
Жақсылық ӨТЕБАЕВ,
осы филиалдың аға оқытушысы.