Садовый селолық округінің әкімі Серік Әжібаев ауыл тұрғындары алдында атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, алда тұрған міндеттерді саралады.
Ауыл әкімі алдымен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін көптеген жобалар қарастырылып жатқанын алға тартты. Мұнда әкімдік пен жеке кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс орнатылған екен. Өткен жылы осындай екіжақты меморандумдар арқасында ауылдың жолы жөндеуден өтіп, көшені жарықтандыру мәселесі де шешімін тапты. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға және қарттарды қолдау айлығында қарияларға көмек көрсетіліпті.
Округте ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Дайын өнім тек облыс ішінде ғана емес, республикалық нарықта да сұранысқа ие. Ал, мал шаруашылығымен үш шаруа қожалығы айналысады. Бұл қожалықтарда жалпы алғанда 451 бас ірі қара мал, 710 қой және 157 жылқы бар. Тұрғындардың үй-жайларында да мал күтіледі. Агросекторда он төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, он шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Алдағы уақытта округте ет өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашылмақшы. Бұл ауыл тұрғындары үшін 30-40 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызады.
Сондай-ақ, округ әкімі ауылдардағы түйткілді мәселелердің түйіні тарқамағанын айтып өтті. Бұл Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпір, он бес жыл жұмыс істемей тұрған су құбырлары болып табылады. Одан басқа, жаңа мектеп пен бала бақша салып, әкімдік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екен.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары округ әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Валентин КУШКО.
Зеренді ауданы.