Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жіберді бізді халық ел қорғауға...» - АРҚА АЖАРЫ

«Жіберді бізді халық ел қорғауға…»

Адамзат баласына алапат қырғын әкелген екінші дүниежүзілік соғысқа тарихшылар әртүрлі баға беріп келеді. Бұрынғы Кеңестер Одағының тарихшылары фашистік Германия Кеңестер Одағына опасыздықпен тұтқиылдан шабуыл жасады десе, қазіргі кезде кейбір тарихшылар Кеңес Одағы батыс елдеріне әскер кіргізіп жаулап алуға әрекеттенгеннің салдарынан соғыс басталды дегенді алға тартады. Ал, енді бір пікірлер Германия мен

Кеңес Одағы жасырын шарт жасасып, Польша мен Белоруссияны бөлісе алмай, соғыс өрті содан тұтанды дегенге саяды. Қалай дегенмен де әлемге алапат қырғын әкелген бұл соғыс жанымызға мәңгілік жара салды. Әлемнің ондаған мемлекеті қатысқан алапатта 55 миллионнан астам адам опат болған көрінеді. Жаралы болып, жесір атанғандар қаншама? Қайғыдан қан жұтқан басқа адамдар ше. Жалпы, осынау соғыстың зардабын айтып тауысу мүмкін емес. Сұрапыл майдан даласында Кеңес әскерінің жанкешті ерлігін ешкім де жоққа шығара алмас. Зұлым жауға қарсы күреске қазақстандықтар да бір кісідей атсалысып, Ұлы Жеңіске жетуге зор үлес қосты. Барлық бағыттағы майданда шайқасып, ерлік көрсетті. Осы қанды қасапқа біздің Құдықағаш ауылынан жүзден астам азамат аттанып, оның сексенге жуығы елге оралмады.
Соғыс даласында болған азаматтар елге деген сағыныштарын көбінесе үшбұрышты үшбу хаттармен өлең түрінде жолдаған. Осы мақалада аталарымыздың соғыста жүріп жазған сондай хаттың бір-екеуінен сыр шерткенді жөн көріп отырмын. «Тотыжан» деген өлеңді Құсайын Есмағанбетов атамыз соғыста елде қалған қызына арнап шығарыпты. Ол майданға аттанып бара жатқанда анасымен бірге Тоты да Ақмоланың вокзалынан шығарып салады. Ол кезде Тоты үш-төрттер шамасында, анасының қолында жылап қалса керек. Содан әкесі ет-жүрегі езіліп, «Тотыжан» деп өлең жазып, оны 1942 жылы  хатпен елге жолдайды.       
Тотыжан қалды артымда аталаған,
Көңілім соның үшін қапаланған.
Барамыз алыс жолға сапар шегіп,
Құлыным, аман болшы елде қалған.

Құлыным, мен сағындым қатты деймін,
Тіліңнен айналайын тәтті деймін.
Аталап көрген жерде айырылмаушы ең,
Көп ойлап сол мінезің батты деймін.

Артымнан Ақмолаға бірге бардың,
Бетіңнен сүйемін деп қолыма алдым.
Атаңды іздеп келген алып қайтпай,
Құлыным Ақмолада неге қалдың?!

Аттандық Ақмоладан әнді салып,
Аман ба артта қалған біздің халық?
Көмектес тылда отырып сіздер дағы,
Қырамыз халық жауын біздер барып.
Біз жүрміз осы күні аттай желіп,
Көреміз туған жерді қашан барып.
Тілеңдер әр уақытта амандықты,
Барамыз аз күндерде жауды жеңіп.

Ісіне құдіреттің таң қаламын,
Әр уақыт бір өзіңе жалынамын.
Түскенде сен есіме құлыным Тоты,
Жылқыдай делбе болған сандаламын.

Құдай-ау, өзің оңда біздің жөнді,
Ісіне құдіреттің пенде көнді.
Жасымнан мұндай істі көрген жоқ ем,
Бұл нәубет 40 жаста келіп қонды.

Білмеймін дауыл қашан басыларын,
Қол босап, көздің қашан ашыларын.
Тірідей амандасып елден шықтым,
Білмеймін, елге қашан қосыларым.

Күркілдеп пойыз дағы қаһарланды,
Көрген жан жол үстінде қайран қалды.
Жол екен он бес сөтке бұрын жүрген,
Болғанда жеті сөтке алып барды.

Темір де қаһарланды фашистерге,
Жай жатқан неге тиді тыныш елге.
Жіберді бізді халық ел қорғауға,
Тығамыз фашистерді қара жерге.

Жаратты жалғыз етіп әуел бастан,
Бұл сапар жан ертпейді ауылдастан.
Далада жалғыз өзім зар жылаймын,
Айырылып Ералыдай жан жолдастан.

Айырылып кеткеннен-ақ келмеді ғой,
Өзекті әртүрлі ой кернеді ғой.
Өлсек те бір шұңқырда өлсек деп ек,
Құдай-ау, ол тілекті бермеді ғой.

Айырылып Ералыдан жалғыз қалдым,
Шәмшия-ау, сенің жазған хатыңды алдым.
Бөлініп әйел менен баладан-ау,
Ісіне құдіреттің қайран қалдым.
Айтыңдар елге, жұртқа бізден сәлем,
Аттанды бұл соғысқа айдай әлем.
Бар мақсат алдымызда жауды жеңу,
Бастаған бәрімізді бір іске әлем.

Бірге жүр аяғынан ақсағандар,
Зар қылып бір Аллаға қақсағандар.
Дұға оқып, елде қалған үлкендерім,
Әр уақыт аузыңнан тастамаңдар.   
Сөйткен Құсайын атамыздың елге аман-есен оралуының өзі қызықты хикаяға бергісіз. Соғыста жүргенде бұл кісілердің полкы немістердің қоршауында қалып, өздері тұтқынға түседі. Жау жағы қолға түскен жауынгерлерді  тұрғызып ата бастағанда, Құсайын иманын айтып, тілін кәлимаға келтіреді. «Лә илләһа илла Аллаһ» дей бергенде, бір неміс офицері қасына келіп «сен мұсылмансың ба?» – деп сұрайды. «Иә» дейді. Сөйтсе, офицер «легиондағы» түрік екен. Бұған бүйрегі бұрған ол Құсайынды концлагерьге жөнелтейін деп тұрған тұтқындарға қосып, бір ажалдан аман алып қалады. Бұларды Польшаға қарай жаяу айдап апара жатқанда күн бата бере, жанындағы түрікмен жігіті екеуі  қолайлы бір сәтті пайдаланып, анадай жердегі қалың бұтаның ішіне жанұшырып қойып кетеді. Немістер аңғармай, аздап өз-өздеріне келіп алған соң, түн қараңғылығымен шығыс жақты бетке алып, ақыры, не керек, арып-ашып біздің әскерлерге қосылады. Сол ұрыста Құсайынды өлдіге санаған командирлері үйіне қаралы қағаз жіберіп қойған екен. Елдегілер жылап-сықтап қырқын беріп жатқанда, Құсайыннан аман-есендігін білдірген хат келеді. Ал, 1945 жылы Жеңістен кейін өзі де Алла беріп, елге оралады. Жолда Петропавл қаласындағы әскери комиссариатта соғыстан келе жатқан менің әкем Есқақ Бейсекеевпен кездесіп, көріседі. Құсайын әлдебір себептермен қалада  қалады да, менің әкем ауылға сүйінші хабармен жетеді.       
Қолымыздағы екінші бір өлеңді ауылымыздағы Тасым деген кісінің Рақыжан деген ұлы жазған екен. Соғыста Рақыжан хабар-ошарсыз кеткен соң, жалғыз баласының қайғысына шыдамаған әкесі Тасым ақыл-есінен айырылған деседі. Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпірінің» прототипі деуге болатын Тасым ақсақал да «Қара шалдың» кейпін киіп, баласын ауыл қотанындағы әрбір үйден бір сұрап, іздеп жүріп, дүниеден өткен көрінеді. Ал, хабарсыз кеткен ұлы болса, сол жолы ажалдан аман қалып, тұтқынға түскен екен. Соғыс біткен соң елге оралайын десе Сталиннің жазалауынан сескеніп, Германияда қалыпты.  Содан ұзынқұлақтың жеткізуінше, неміс қызына үйленіп, үйлі-баранды болса керек. Ара-тұра Қазақстаннан қатынағандарды көрсе, елдің амандығын сұрап тұрған деседі. Ал, сол Рақыжан атамыздың майданнан жазып, ел аузында сақталған сағыныш хаты мынау еді:  
Уа, шіркін, қаласың ба қайран елім,
Бір кезде сайрандаған сайран жерім.
Түскенде есіме кеп көп туыстар,
Ішіме сыймай кетер, қайғы-шерім.

Құрттыкөл жерің жақсы, суың ащы,
Көңілім қапаланбай, дертті басшы.
Сағынған осы сәтте, ойға батып,
Қызыл тіл тәмам етіп, түгел жазшы.
 
Ойнаған құлыншақтай ауылым-ай,
Қалдың ғой, туған-туыс, бауырым-ай.
Тірлікте пенде басы не көрмейді,
Тұрмыстың көрші жеңіл, ауырын-ай.

Қарагер, Жыланды мен екі тау бар,
Егілген көк майсалы бақша-бау бар.
Қапаста бұл өмірде запыран құсып,
Айырылған өз жерінен талай жан бар.

Мақпал тау басың биік, аса алмадым,
Жайқалтып жапырағын баса алмадым.
Түскенде сен есіме сорлы анам,
Сенделіп екі аяқты баса алмадым.

Қымбатты Саржан аға Қаменменен,
Мен інің қапаланған арманменен.
Тірлікте пенде басы не көрмейді,
Бұл ғұмыр өтеді ғой зарлауменен.

Қолыма қалам алып, жазған хатым,
Руым қылды Қарауыл, болған затым.
Жалғыз ұлы  Тасымның мен боламын,
Рақыжан сұрасаңыз өзім атым.   

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар