Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Осы Тәуелсіздік мерекесі күндері облыс орталығындағы №1 «Арман» бала бақшасында этнопедагогика бағытындағы «Менің Қазақстаным» атты мұражай ашылған еді.
Мұражайдың ашылу рәсіміне қала мекемелерінен меймандар келіп, ізгі тілектерін жеткізген болатын. Салтанатты шара тартымды концерттік бағдарламамен әрленіп, бұл күн ұжым мүшелерінің есінде ұзақ уақыт сақталып қалды десек, бір артық-кемі жоқ.
Бұл мұражайды ашудағы мақсат – жас бүлдіршіндерді кішкентайынан ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге көздерін қанықтырып, қазақы негізде тәрбиелеу. Мұражайға қойылған әртүрлі елдік белгілер мен нышандардан, ата-бабаларымыз ұстанған бұйымдар мен тұрмыстық заттардан балғындар көкіректеріне белгілі бір ой түйіп өсулері, ұлттық тәлім-тәрбие алулары тиіс.
Бала бақша меңгерушісі Үгіл Шәкеннің жетекшілігімен осы мақсатты көздей отырып, жемісті еңбек етудеміз. Біздің бұл ұмтылысымыз зая кетпей, жас ұрпақты өз елі мен ұлтына деген сүйіспеншілік сезімінде тәрбиелеуде игі нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Асылжан БЕЙСЕКЕЕВА,
«Арман» бала бақшасының мұғалімі.