Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Құдайберлі Мырзабектің «Науан Хазірет» атты тарихи драмасы сахналанды. Қойылымның режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі
Қасиетті Көкше топырағында дүниеге келген тарихи тұлғалардың бірі – Наурызбай Таласұлы. Қойылым сол бір кезеңдегі тартысты, ұлтқа қиянат әкелетін, қасірет еселейтін оқиғалар жүйесі арқылы өрбіп, ұлтын сүйген ұлық бейненің адамгершілік ажары, имандылық нұры, кемеңгер кескіні қылаң береді. Жо-жоқ қылаң бермейді, айқын, көзбен көріп, қолмен ұстағандай анық көрінеді.
Кешегі кірпігіне қырау қатқан кеңес заманында әдебиетте де, тарихи материалдарда да Науан Хазірет ескілікті көксейтін кәсәпір кейіпкер болып сипатталатын. Яғни, дін апиынды таратушы, ілгері басқанды кейін тартушы. Тіпті, заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасында да солай көрінген. Оның барлығы дәл сол уақыттағы саясаттың салқынынан, улы уытынан. Әйтпесе, сергек көңіл, сезімтал суреткерлер шынайы шындықты тап басып білмеді деп айта алмас едік. Науан Хазірет бейнесі, өнегесі мен ұлағаты саясаттың құрбаны болып кетті. Артында аңызға бергісіз шындығы, ертегі пішіндес ақиқаты қалды. Тұтас, толымды күйінде емес, үзіп-жұлған жартылай жарақатты деңгейде. Бәлкім, шөкімдей. Тұтас жететін жөні де жоқ еді. Қожа-молданы қамшымен қуған, тілден бездіре алмағанымен, ділден бездіруге қарымы қаптал жетіп қалған кеңес өкіметі саясатының қылышынан қан тамшылап тамып тұрған. Тек Алаш жұрты тәуелсіздік алғаннан кейін ғана уақыттың буда-буда шаңынан аршылып, алтын жүзі, ақық нұры қара түнек қаптаған аспанда жарқ етіп шығып, он бесінде толған айдай шұғыласын шаша бастады.
Әлдебір құдіретті сәтті тосқандай қобалжыған көңілдің болмашы дірілі басыла бергенде, қойылым басталып та кетті. Қаймағы бұзылмаған қазақы орта. Иманға ұйыған, имандылықты серік еткен жұрт. Елегізулі, елеңдеулі. Науан келе жатыр. Сол дәуірдегі мұсылман діні дәрістерін шыңыраудың түбіндегі иненің жасуындай жалғыз көзден нәр шығарғандай етіп суырып шәкірт бойына шым-шымдап сіңіретін іргелі, жан-жақты білім ошағын тәмамдаған. Ертеректе ел ішінде дәл осы деңгейде бойына білім сіңіргендерді «он екі пәнді тауысқан» деп айтушы еді. Яғни, пәленшекең он екі пән тауысқан молда. Түпкі мазмұнын, мағынасын көп адам түсіне бермейтін. Сөйтсек, Орта Азиядағы жоғары оқу орны жалғыз шариғатты ғана емес, барлық білім салаларын қатар оқытады екен. Демек, оқыған жан діни ғана сауатты емес, өз дәуіріндегі ғылым-білімнен толық хабардар, толайым игерген ғалым. Науан Хазірет те осы биікте. Қойылымның өне бойында туған халқына жан-жүрегімен қызмет етуді қалаған Хазіреттің өршіл іс-әрекеті, сабырды серік қылған, ақылды алға тартқан болмысы көрініп тұрады.
Пенденің пешенесіне жазылатын тағдырының жолы тектен тамыр тартып, бастау алатындығы талассыз. Науан Хазіреттің әкесі Талас беделді, батыр адам болған. Кенесарының інісі Наурызбай батыр ауылына келген тұста Таластың шаңырағында жарық дүниеге іңгәлап ұл келеді. Көне ырым, қашанғы жоралғы бойынша балаға ырымдап Наурызбай аты беріледі. Наурызбай батыр тәрізді алдаспанын жарқылдатып қан майданға түспесе де, қан майданнан қаһарлы сұрқай саясат майданына ақыл-парасатымен түседі.
Сөзіміздің басында қойылым тарихи шындықты арқау еткендігі жөнінде айтқан болатынбыз. Ұлтының болашағын, дінін, ділін, тілін қорғау үшін өз басына төнген қатерден қаймықпай, қарсы тұрған Науан Хазіретті көз көріп, құлақ естімеген Иркутскіге үш жылға жер аударады. Науан Хазірет мұсылман балаларын шоқындыруға да қарсы тұрады. Ол төңірекке имандылық пен ізгілік, ізеттілік пен адамгершілік нұрын сепкісі, жастардың бойына осы бір асыл қасиеттерді сіңіргісі келеді. Бірақ, қолын байлар бұғау да, аяғын байлар тұсау да аз емес. Өз ішімізден де сатқындар шығып жатыр. Сырттан аңдыған, сойылын қамдағандар қаншама. Қазақтың жеріне қызыққан, жайлауында жатпақшы, байлығына батпақшы болып көзін алартқан іргедегі ормандай қалың жұрт. Бірақ, әуел баста жаратқан ие бойына өзгеше қасиет сыйлаған Науан Хазірет тағдырдың тауқыметін қанша арқалап жүрсе де алған бетінен қайтпайды.
Ақынның өлең өрнектеген қаламынан драмалық шығарма тұңғыш туып отырса да, кейіпкерлердің әрекеті әрлі, бейнесі шыншыл, тілі оралымды. Тіпті, кей тұста көрерменді күлкіге көметін ащылау уәж, астарлы әзіл де аз емес. Қойылым барысында Науан Хазіретті сомдаған Төлеубек Көңбай көрермен көңілінен шықты. Хазіреттің ақыл-парасатқа тұнған салмақты да, сабырлы кескінін қандай оқиғаға, қандай жағдайға тап болса да, сабырмен шешетін парасатын танып-білдік. Театр актерлері Құмарбек Қалқатаев сомдаған Жылкелді қарт, Қайрат Мырзаболатов кескіндеген Әбілхакам молда, Троицкий бейнесіндегі Жарас Қалдаров сәтті шықты. Тек актер Зүлкәпіл Батихан сомдаған Ақан сері бейнесінде кішкентай кінәрат бар. Ел сүйген, өнеріне тәмам жұрт тәнті болған Ақан серінің бейнесі сәл басқашалау емес пе еді. Серілігі, паңдығы, маңғаздығы пышақпен сылып алғандай. Оның орнында шендінің шабарманы тәрізді алып-ұшқан, жеңілтектеу, ұшқалақ біреу. Сондай-ақ, театр актеры Бағлан Иманғазинов ойнаған Мәмбетәлі бейнесі де одан гөрі бедерлі, сәл асқақ, парасат биігінде болса екен дейсің де.
Тұтастай алғанда қойылым табысты өтті. Жас ұрпақ еміс-еміс естіген, жасамыстың жадында шындығының шырайы жартылай ғана сақталған Науан Хазірет бейнесі өзінің бар болмысымен, тұтас бітімімен киелі сахна төрінде туған халқымен, ұлықтаған ұрпағымен қайта табысты деуге толық негіз бар. Бұл тарихи драмалық шығарманың авторы Құдайберлі Мырзабек пен қоюшы режиссер Мұратбек Оспановтың елінің рухани әлеміне сыйлаған әдемі олжасы.