Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заңдағы өзгерістер ізгілікке негізделген - АРҚА АЖАРЫ

Заңдағы өзгерістер ізгілікке негізделген

Біздің Ата Заңымызда қоғамның ең басты құндылығы – адам факторы екені айтылады. Бұл өркениетті қоғамның баса назар аударатын мәселесі  дер едім. Өйткені, адамның құқығы мен бостандығын қорғамайынша, әділетті қоғам құру мүмкін емес. Сондықтан, біздің еліміз өз тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден бастап, адам мүддесін бірінші орынға қоя білді. Мұны бүгінгі құқықтық реформалар барысында да анық байқаймыз.

Ал, биылғы жылдың басынан күшіне енген жаңа қылмыстық кодекстің өн бойында заңды негізсіз тәрк етпеу қағидасы байқалады. Ұсақ-түйек қылмысқа бола адамды темір торға тоғытып, тағдырына сына қағудың да қисыны жоқ екендігі ізгіліктің бір көрінісі болса керек.
Шыны керек, бұрынғы заңнамада  қылмыстық мәселені шешуде қиындықтар болғаны еш жасырын емес. Біреудің азын-аулақ мүлкін ұрлағандар да бас бостандығынан айырылып, түзету мекемесіне жөнелтілетін. Қазір ше?  Мысалы, жаңа қылмыстық кодексте  құқық бұзушылық құрамы – теріс қылыққа қатысты  болмашы мөлшер түсінігі енгізілді. Ұсақ-түйек жымқыруға қылмыстық кодекспен ұйымға тиесілі мүлікті жымқыру – 10, ал, жеке тұлғаға 2 айлық есептік көрсеткіштен асқанда ғана жауапкершілік көзделетіні айтылады.
Сонымен бірге, қылмыстық жазаланатын әрекеттердің екі буынды жүйесін енгізу де жаңа өзгерістердің бірі саналады. Бұл біріккен қылмыстан және қылмыстық теріс қылықтан тұрады. Демек, осы кодексте көрсетілген қылмыс және қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады. Сондықтан, қылмыстық теріс қылықтар үшін құқықтық ықпал ету шаралары қарастырылады. Бұл әкімшілік жазаға қарағанда ауырлау, қылмыстық жауапкершілікпен салыстырғанда жеңілдеу болып келеді.
Жаңа қылмыстық кодекстің 40-бабында теріс қылық жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту және қамау   жазалары қарастырылады. Ал, қылмыс жасағаны үшін  айыппұл, түзеу жұмыстарымен бірге, бас бостандығынан шектеу мен айыру және өлім жазасы қолданылады.
Сонымен қатар, жаңа заңнамада  он сегіз жасқа дейін, 63 жаспен одан жоғары жастағылармен қылмыс жасағандарға өмір бойы бас бостандығынан айыруға  және өлім жазасын кесуге шектеу қойылған. Ал, жалпы қылмыс жасағандарға бас еркінен айыру 6 айдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына тағайындалады. Қылмыстардың жиынтығы бойынша бас бостандығынан айырудың ең көп мерзімі 25 жылды, үкімдердің  жиынтығы бойынша – 30 жылды құрайды.
Меніңше, қылмыстық кодекстегі ең елеулі өзгерістердің бірі – лаңкестік пен экстремизмге қарсы жазалау тетіктері алғаш рет халықаралық талаптарға сай қарастырылып отыр. Бүгінде бұл қылмыстар бейбіт тұрғындарға мол қауіп төндіретінін де естен шығармау керек. Дегенмен, қазір ғимарат жарамын деп жалған ақпар тарататындар да тыйылар емес. Мұны бұзақылықтың бір көрінісі дейін десең, әлгіндей зардаптары да бар екенін көресің. Бірақ, бұл заң бұзушылықтың  астарында көбіне бұзақылық жататынын да ескеруіміз қажет. Осыған байланысты зардабы жеңілірек қылмыстарды  теріс қылық әрекеті деп бағалау енгізіліп отыр. Сөйтіп, қылмыстық кодекске енген 156 теріс қылық әрекетінің  негізінен, бұрынғы қылмыстық және әкімшілік заңнамалардан алынғанын айтар едік.
Жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексінде де көп өзгерістер бар. Оның жаңа талаптарына сәйкес  бас-ты назар аударатын жай – сот бақылауының ауқымы кеңейіп, қосымша тергеу уақыты  қысқарады. Ендігі жерде тергеуге дейін тексеру болмайды. Яғни, осылар негізге алынып, жәбірленуші жақтан өтініш түскен сәттен бастап, тергеу амалдары жүргізіледі.
Күдіктінің мүлкін тәркілеу мәселесінде де жаңалықтар бар. Бұрын кінәлі деп танылған адамға сот үкімі шыққасын ғана тәркілеу жүргізілетін. Ал, қазір ондай үкім шықпай-ақ алдын ала тәркілеу талабы енгізіліп отыр.  Бұл шетелдік құқықтық заңнамаларда баяғыдан бар. Мысалы, қылмысын жасап алып, шетке қашқан отандастарымыздың мүлкі тәркілеусіз қала береді ғой. Ендігі жерде ондай тұлғаларды елімізге әкелмей-ақ, мүлкін тәркілеу арқылы жазаға тартуға болады.
Жалпы, халықтың ортақ қазанындағы игілікке қол сұққандарға аяушылық жасалмауы керек. Жаңағы мүлікті тәркілеу ұғымының астарында  айыпталушының қылмыстық жолмен тапқан бар мүлкі тәркіленуге жатады. Тіпті, ол мүлік кімнің атына жазылмасын, дәлелденді екен, заңмен мемлекет есебіне алынады.
 Сонымен қатар, сот процесін оңайлату және уақытын үнемдеу үшін «айыптау қорытындысы» түрінде іс жүргізу актісі шығарылатыны да жаңа өзгерістердің бірі болып табылады. Онда күдікті адам туралы деректер, жасалған әрекеттің сипаты, саралау және жиналған дәлелдер тізбеленеді. Бұл акті прокурормен бекітілгеннен кейін ғана  ол адам айыпкер саналады.
Міне, осының бәрі темір тордағылар санын азайтуға бағытталады. Мысалы, экономикалық қылмыс жасап,  шығынды өз еркімен толтырған жазалы тұлғаларды бас еркінен айыруға шектеу қойылады. Жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаға атағынан, шенінен және мемлекеттік наградасынан айыру түрінде жазалаудың қосымша міндетті түрлері қарастырылады.
Бұл екі кодексте де өзгерістер жетерлік. Осының бәрі жазаны ізгілендіруге бағытталады. Мәселен, қылмыстық кодекстің қылмыстық  қылықтар санатына 60 әкімшілік құқық бұзушылықтар ауыстырылып, мұндай заң бұзушыларды қоғамнан оқшауламауға қадам жасалды. Атап айтсақ, жүкті әйелдер, жас баласы бар аналар мен үш жасқа дейінгі баланы өзі тәрбиелеп отырған әкелер мәжбүрлі еңбекке тартылмайды және тұтқындалмайды. Осы санаттағы адамдар кісі өліміне әкелмеген  немесе денсаулығына зардап келтірмеген қылмыстарды алғаш рет жасап, зардап шегушімен ортақ мәмілеге келген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Жаңа қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің қабылдануы заң саласындағы айтулы оқиғаның біріне айналды. Біз осылай өз құқықтық заңнамаларымызды әлемдік талаптарға жақындата түстік. Осының бәрі адам мүддесін бәрінен биік қоюға деген ұмтылысты білдіреді. Өйткені, заң от сияқты, егер оны орнымен қолданбасаң, жолындағысын өртеп тынады. Ал, мұның зардабын қарапайым адамдар тартпауы үшін заңдар да белден басылмауы тиіс.

Манарбек СӘДУОВ,
облыс прокурорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар