Жиектері оюланған, әдемі тақияның астындағы шаш ақпанда түскен ақ ұлпа қардай аппақ екен. Сексен жастың өзі әуелі шашқа ақ болып кіріп, аяққа тұсау болып байланатын тәрізді ме, қалай. Қимыл-қозғалыс баяулау, әп еткен беттегі әңгіме де саябыр. Жаңа сабақталған әңгімеге жан кіргізбек болып:
– Ақсақал, – дедім мен, – Қаратаудың басына қар түскелі көп болды ма?
Әнтек жымиып күлді. Күлген сәтінде ақсары, әдемі жүзіне уылжыған күлкі үйірілді. Сол уақытта маңдайдағы болар-болмас қос әжім сәл тереңдеп кетеді екен. Уақыттың, жасында кешкен бейнет, көрген азаптың таңбасы тәрізді. Иә, халқына қаламымен қызмет етіп, бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Айдархан Кәріпханұлының балалық жастық шағы оңай болмаған. Жалғыз Айдархан ағаның ғана емес, барша замандастарының иығына түскен ауыртпалықтың салмағы зілбатпан. Туған жері Көкшетау қаласының іргесіндегі қазіргі Зеренді ауданына қарасты Жаңаауыл ауылы. Ол кезде ұжымшар болатын. Шоқ жұлдыздай ғана шағын елді мекен. Ұлы Отан соғысы басталған тұста етек-жеңі жинақы кішкентай ауылдың аспанын күзгі қорғасын бұлттай сұрғылт, суық, ауыр қайғының қара бұлты торлады. Әкесі Кәріпхан Нұғыманұлы, әкесінің інісі Әміре зұлмат соғыста опат болды. Әкесіз өскен баланың маңдайы жарқырап тұруы мүмкін бе? Ендігі арада тіршіліктің бар салмағы анасы Ратай Ахметқызына түсті. Әйтеуір, құдай дес бергенде анасы көптеген қазақ әйелдері тәрізді қайратты, жігерлі еді. Сол қайрат-жігерінің арқасында әжесі Фатиха Жүсіпқызын, апайы Бәтеш Кәріпханқызын, Айдархан ағамызды, інілері Қалымтай мен Сайлаубектерді айдаһардай аранын ашқан аштықтың аузына түсірмей, жеткізді. Сол ананың таңғы шықтай мөлдіреген махаббатының арқасында аштықтың азабын, жоқшылықты көп тарта қойған жоқ.
Алғашында Жаңаауыл бастауыш мектебінде, одан соң іргедегі Қызылсая орта мектебінде оқыпты. 1956-1958 жылдары Қызылжар қаласындағы К.Ушинский атындағы педагогика институтының тіл және әдебиет бөліміне сырттай оқуға түсті. Түсуін түскенімен, орыс тілінде оқып кету ауырлау тиді. Ұзын-ырғасы төрт жылдай білім алған соң, денсаулығына байланысты оқудан қол үзуге тура келді. Әйтсе де, көкіректі қоламтаның шоғындай қыздырып жататын бір арман бар еді. Ол арман жатпай-тұрмай жоғары білім алу.
Жастайынан сөз өнеріне жақын болды. Сондықтан да болар, аудандық «Колхоз жолы» газетіне елдің тыныс-тіршілігі жайлы шағын хабар, мақала жазып тұратын. Жазғандары жариялана бастады. Әрбір жазғаны тасқа басылып шыққан сәтінде кішкентай ауылдың үлкендері «тілші баланы» құттықтап, бірге қуанатын. Өзі де әлгі елдің ықыласына марқайып, көңілі өсе түсуші еді. Ол уақыт сөздің құны қазіргі бөздің құнындай арзандап кетпеген кез болатын. Жазғаны газетке басылған адамды қарапайым ауыл тұрғындары керемет бір құдіреттің иесіндей көретін. Ауылда үш-төрт жылдай есепші болып та қызмет істеді. Жұмыс таңдаған жоқ. Жұмыс таңдайтын заман да емес еді. Жүргізушілік мамандықты да игеріп, автомашинаға да отырды. Күзгі орақ науқаны кезінде астық комбайнымен егін де орды. Ауыл шағын болғанымен, атқаратын шаруа мол. Қат-қабат науқандық жұмыстардың ара-арасында қолы қалт еткенде ауыл тіршілігін бейнелейтін хабар-ошарын облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жолдап тұратын. Зайыры ауыл тілшісінің қалам-қуатынан үлкен үміт күткен болар, 1960 жылы газетке жұмысқа шақырылды. Арманының тұңғыш бүр жарып, көңілдің қуанышқа кенелгені де осы кез еді. Мәңгі ұмытпастай жадында жатталып қалыпты. Газеттің бас редакторы Өміржан Оспанов.
– Өміржан Кәтренұлы, өте білімдар, екі тілде бірдей сөйлейтін, әрі шешен кісі еді,–дейді Айдархан аға, – ол кезде газеттің беделі керемет болатын. Жазғаны жерде қалмайтын жүйрік журналистер де мол. Әрі елдің де ықыласы ерекше. Газет редакторының орынбасары болып Уәп Рақымжанов істеді. Тумысынан журналист болып жаратылған жан еді. Газеттің барлық жанрда бірдей қалам тербей беретін. Біз тәрізді қасиетті қара шаңырақтың есігін имене ашқан жастарға үлкен өнеге, алдымыздағы бағытты нұсқайтын темірқазық, нысана солар болатын. Алғаш ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болдым. Бір жағынан қолайлы да еді. Өйткені, ауыл тіршілігін, ондағы сан-салалы шаруашылықты бір кісідей білетінмін. Ауыл шаруашылығы бөлімін майталман журналист Жанәбіл Темірбеков басқарды. Осы бөлімде Марат Әкпаров, Елубай Жәкеновтермен бірге қызмет істедім.
Газет ұжымы шығармашылық тұрғыдан алғанда барынша қуатты. Кейін қазақ журналистикасына үлкен үлес қосқан қарымды қалам иелері үзеңгі қағыстырып, өнер жарыстырып бірге қызмет еткен. Газеттің мәдениет бөлімін Сарбас Ақтаев, өнеркәсіп бөлімін Мұрат Жексенбин, партия тұрмысы бөлімін Қайыргелді Аяғанов, идеология бөлімін Сүлеймен Ақтаев, хат-хабар және бұқарамен жұмыс бөлімін Октябрь Бұқарбаевтар басқарды. Жұмыс қайнап жататын. Газет бетінде әдемі дүние шыға қалса, тұшынып оқып, жабыла талқылап, пікір айтып жататын. Осындай ұйымшылдық біз тәрізді жастардың шын мәніндегі шеберлік мектебі еді.
1963 жылы солақай саясаттың кесірінен Тың өлкесі құрылатын болды. Облыстық газеттер де жабылды. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жанға шуақ дарытқан ұжымның мүшелері тұс-тұсқа тарап кете бастады. Осы кезде Айдархан Кәріпханұлы Еңбекшілдер ауданына сапар шекті. Аудандық газеттің редакторы болып Уәп Рақымжанов, орынбасары болып Жанайдар Мусин тағайындалды. Ал, Айдархан аға жауапты хатшының қызметін атқарды. Арада аз уақыт өткен соң Уәп Рақымжанов Ақтөбе облыстық партия комитетіне қызметке ауысты. Жанайдар Мусин де басқа жерге қызметке кетті. Редактор болып Сәкен Әділбаев бекітілді. Содан 1970 жылға дейін сол Еңбекшілдер аудандық «Колхоз жолы» газетінде қызмет атқарды.
Кеңес заманында қаламың қаншалықты қарымды болса да, қызметте өсуің үшін партия мүшесі болуың шарт еді. 1970 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Партия мектебін ойдағыдай аяқтап келген соң, 1974 жылы сол кезде жаңадан ашылып жатқан Уәлиханов аудандық «Простор-Шалқар» газеттеріне бас редактор болып бекітілді. Партия мектебінде оқып жүрген кезінде сонда шығатын «Лениншіл» қабырға газетінің редакторлығын төрт жыл бойы атқарған болатын. Ендігі арада саяси жағынан қаруланған, газет жұмысының жілігін шағып, майын ішкен редактор еді.
Көксеңгірдің кең жазира даласында ақтылы мал өсірген ел тынысын, ұлт болашағын қаузаумен қаншама ғұмыр өтті. Өкініші жоқ. Еңбек етсе елге етті. Елдің сөзін сөйледі, шамасы келгенінше ұлты ұшпаққа ұшса деп талпынды. 1995 жылы зейнеткерлікке шығып, ата қонысқа бір табан жақындап, Көкшетау қаласына көшіп келді.
Қалған ғұмыр күздің жайма-шуағындай шуақты болар-ақ деп еді. Тіршіліктің алдыңа тартар сыйы ащылы-тұщылы, сынағы да кейде қатал болады екен. Тұңғыш қызы Гүлнәрі өмірден өткенде қабырғасы қаусап-ақ қалды. Денсаулықтың сыр беруі де содан.
– Адамның бір бақыты жары екен, – дейді Айдархан аға, – осынау тіршілігімде Раушан Қазиқызымен шаңырақ көтергенімді өзіме бақыт санаймын. Ғұмыр соқпақ бірде биікке көтерсе, енді бірде еңіске алып түседі. Өне бойы түзу жол, айқын бағыт болмақ емес. Бесаспап аспаздың да Алланың мейірімен алдыңа тартар дәмінің өзі кейде ащы, кейде тұщы болып жатпай ма? Бәрін де көріп келеміз. Жаныма нұр құйып, көңіліме шуақ дарытып келе жатқан Раушан Қазиқызына дән разымын. Екі ұлымызды өмірге әкеліп, аяқтандырдық. Осы күнге дейін қолымнан қалам түспесе, әуелі құдай, содан соң жарымның жақсылығы. Газет жұмысы журналисті тоздырмаса да, тоқыратады. Ара-арасында көркем дүние жазуға да талаптандық. Қаламымнан «Мен бір жан ой сортаңын ащылаған», «Ата, сағынып жүрміз», «Тегіңді білу де тектілік» тәрізді кітаптар жаздым. Өз хал-қадерімше көркемсөз жазсам, жүрегімнің терең бір түкпірінде тұнып жатқан сезімдерімді жыр тілімен қалыптасам, жарымның арқасы. Балалары мен немерелерін қалай күтсе, мені де солай күтіп келеді. Әйтеуір, бесікке бөлеген жоқ, қалғанының бәрін жасады.
Әңгіменің арасында ардагер ағаның көңілін аулайын деп қалжыңмен тұздықтап, әзілмен әрлеп сұрақ қойдым.
– Сексен қандай жас екен, аға?
Әуелі үндемей отырды. Сөзден тосылмағаны анық. Елу жыл қалам ұстаған, әлденеше жыл қалам ұстағандардың жазғанын қырнап, ұштап, әрлеген редактор сөзден тосылушы ма еді. Шамасы жаңа толып жатқан сексенінің салмағын безбендеген шығар. Сәл жымиды. Тұс-тұстан сәуірдің ақ шағала бұлттарындай қаулап, қаумалап келген ойларды серпіп тастағандай ақ ұлпа көмкерген басын сәл сілкіп:
– Сексенің оңай жас емес екен, айналайын,–деді ақсақал, – бұрынғылар «сексен селкілдетеді» деуші еді. Селкілдеп отырмыз, мінекей. «Арқа ажарын» оқып тұрамын, ұжымыңа сәлем айта бар. Көбін танымаймын ғой. Танитыным редакторларың Қайырбай Төреғожа, қалғаны жастар ғой. Сенің осы жазғаныңнан сөйлегенің жақсы. Жоқ, жазғаның да осал емес.
Ілкідегі талай жақсымен қызметтес, қаламдас болған ардагер журналистен тәуір баға естігеніме марқайып қалдым. Сыр-сұхбат түйінделген соң, Айдархан Кәріпханұлы қолыма «Мен бір жан ой сортаңын ащылаған» деп аталатын жыр жинағын ұстатты. Көліктің ішінде келе жатып, оқып едім, 58-інші бетте «Өмірдің думаны – қас қағым» деген тақырыпта жазылған өлеңі көзіме түсті.
Уа, жүрегім! Қапаланба, бәрін қайта бастағын,
Өткен күннің елестерін сырып, кейін тастағын.
Алдағыға жіті қара, жіті қара, жанарым,
Бұл өмірдің бар думаны – қас қағым.
Солай екен-ау, өзі!..
Суретте: ардагер журналист, ақын Айдархан Кәріпханұлы.