ХХVІІ қысқы универсиаданың Словакия жеріндегі бірінші бөлігі аяқталып, жарыстың екінші бөлігі Испанияның Гранадасына ойысты.
Мұнда мұз айдынындағы спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталады. Ал, Словакияның Осрбльесы Қазақстан құрамасы үшін сәттілік алып келді деуге болады. Мұнда шаңғы мен биатлоннан сайыстар өткен болатын.
Біздің еліміз бұл жарыстарды бес алтын, бес күміс, барлығы он медальмен аяқтап, жалпы командалық есепте ресейліктерден кейін екінші орынға табан тіреді. Команданың бұл табысына жекелей сайыста қоржынымызға алтын салған ақмолалық биатлоншы Алина Райкова да өзінің лайықты үлесін қоса білді.
Енді Испания жеріндегі бәсекелерге келсек, Қазақстан хоккейшілері Жапония құрамасынан 3:2 есебімен соңғы минуттарда жеңісті тартып алып, буллиттер сериясында 2:3 есебімен американдықтарға есе жіберіп, өз тобындағы бірінші орынмен универсиаданың ¼ финалына шықты. Оның осы ойындағы қарсыласы 10 ақпанда өтетін Жапония мен Қытай құрамаларының арасындағы кездесуде анықталады. Бұл матч бүгін кешкі 18.30 минутта тікелей эфирде KazSport телеарнасынан көрсетілмекші.
Бүгінге дейін универсиаданың медалімен мерейленгендер қатарында 17 елдің спортшылары бар. Солардың ішінен Қазақстан құрамасының шоқтығы биік тұрғаны баршамыз үшін де абырой.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.