Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаментінің және облыстық әкімдіктің қолдауымен өткізілген І халықаралық «Жаңа Ақкөл – экологиялық туризмнің орталығы» атты туристік форум осы өңірге туристер тартудың мол мүмкіндіктерін ашып берді.
Форумның аясында алдымен «Экологиялық туризм: тарихы, бүгінгі жағдайы және жаңалықтары» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Владимир Елисеев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Салтанат Рахымбекова, «Табиғат» экология одағы мен Қазақстан кәсіпорындары қауымдастығының президенті Мэлс Елеусізов қатысты.
– Біздің басты мақсатымыз – табиғат ғажайыптарын сақтап қалу, оларды ел экономикасын, туризм саласын дамытуға кеңінен пайдалану, – деп атап өтті конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз алған облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов. – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қарсаңында облыстың және Ақкөл ауданының экологиялық туризмін дамытудың маңызы зор.
Шетел нарығына республикалық қоғамдық және аймақтық туристік бірлестіктердің қатысуына кең жол ашу да пленарлық мәжілісте баса сөз болды. Мәжіліске қатысушылар назарына «Ақкөл – жастардың курортты қаласы», «Ақкөл экополисі» атты көрмелер ұсынылды.
Форум барысында экологиялық туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің рөлі, осы салаға инвестициялар тарту тақырыптарында дөңгелек үстелдер, «Ақкөлдің туристік бағыттары» ақпараттық туры ұйымдастырылды.
Шараны ұйымдастырған «Тұрақты даму» жер қоры» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан ата қоныстары» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Әлем Жастары» шетелде білім алып жатқан жастардың қауымдастығы. Ақкөл ауданының экологиялық туризмінің болашағы зор екенін, оның аумағында имиджді ресурстардың молдығын айтып тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.
Суретте: форумға қатысушылар жас домбырашылар өнеріне тәнті болды.