Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақпанда туған асыл аға - АРҚА АЖАРЫ

Ақпанда туған асыл аға

Бар ғұмырын қынабынан суырған алмас қылыштай еш уақытта мұқалуды білмейтін қажырлы да қарымды қаламымен туған халқына жан аямай қызмет етуге арнаған Жанайдар аға Мусиннің шығармашылық қарым-қуатының тұңғиық тереңдігі әлі күнге дейін ойлы оқырманын тәнті ететіндігі, қаламынан туған тау бұлағындай мөлдір, таза дүниелері бүгінгі күні де еш мәнін жоғалтпайтын өміршең екендігі даусыз.

Заманында ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған, сөз өнерін айрықша қасиет тұтқан Көкшетау өңіріндегі ат төбеліндей қалам ұстаған қауымның рухани ұстазы саналған журналист-жазушы Жанайдар Баймырзаұлы туралы сөз сабақтамас бұрын сөз зергерінің өскен ортасы, шығармашылық бастаулары туралы бір ауыз айта кеткеніміз де жөн. Баспасөз ісінің шебер ұйымдастырушысы, туған елінің, жалпақ жұртының мәдени-рухани өміріне өлшеусіз үлес қосқан Жанайдар Баймырзаұлы 1936 жылдың 13 ақпанында Зеренді ауданына қарасты шоқ жұлдыздай ғана, етек-жеңі ықшам пішілген шағын елді мекен Қараөткел ауылында өнегелі, тәрбиелі отбасында дүниеге келген. 1955 жылы Көкшетау қаласындағы педагогика училищесін бітірген. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, оны 1960 жылы аяқтап шыққан. Өзінің журналистік, һәм жазушылық өмірін сол кездегі «Көкшетау правдасы» облыстық газетінде әдеби қызметкер болып  бастаған. 1965 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде, 1968 жылы Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет істеген. 1971 жылдан бастап он жеті жыл бойы үзбей Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.
Бұл кез қазақ тілінің қолданылу аясы әбден тарылып, жергілікті ұлт өкілдері қоныстанған елді мекендердегі қазақ тілінде білім беретін мектептер бірінен соң бірі жабылып, ана тілінде сөйлейтін, жазатын адам қорға саналып, оқырманның азайып тұрған шағы еді. Бірақ, газет редакторының қайраткерлік қасиетінің молдығынан басылымның таралымы сексенінші жылдардың аяғында бұрын-соңды болмаған 17 мың данаға бір-ақ жетті. Мұндай табысқа ең алдымен «Көкшетау правдасы» газетінің мазмұндық тұрғыдан байып, ел іздеп жүріп оқитын газетке айналуы себеп болды. Ал, сол деңгейге жету үшін Жәкең өзінен кейінгі іні-қарындастарының журналистік шеберлігін шыңдап, қаламынан туатын кез-келген дүниесінің арғы астарында ел мүддесі, ұлт мұраты жататындай жазуға жетеледі.
Жанайдар Баймырзаұлының жетекшілігімен сол тұста басылымда қаламы қарымды бесаспап журналистердің үлкен бір шоғыры еңбек етті. Газет облыс еңбекшілеріне коммунистік тәрбие берудегі қол жеткен жетістігі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылып, озық тәжірибесі сол кездегі елдің бас газеті – «Правданың» бетінде таратылды, елу жылдығында «Құрмет Белгісі» орденін алды. Бірнеше журналистер КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Сол тұста солтүстік облыстардың ішінен «Көкшетау правдасындай» көп тираж жинаған немесе соған таяған облыстық қазақ газеттері некен-саяқ.
Сонымен бірге, Жанайдар аға елімізге мәшһүр көрнекті жазушы еді. Бүгінгі мақалада артында мол әдеби мұра қалдырған ағаның барлық шығармашылығын толайым қамтып жазып шығу тіпті де мүмкін емес. Кезінде қазақ әдебиетіне сүбелі үлес болып қосылған «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары мен «Балқадиша» повесін, көркем әңгімелерін талдау кейінгі зерттеушілердің үлесінде. Біз өз әлімізше жазушының «Жалын» баспасынан 1989 жылы шыққан «Жер шоқтығы Көкшетау» деп аталатын жинағы жайында әуелі алдын көрген шәкірті, содан соң оқырманы ретінде аздап пікір айтып көрмекпіз.
Көгілдір Көкшетау! Оның жазиралы жалпақ даласы, адырлы-шоқылы, құйқалы, құнарлы төсі әсем әнге, аңыз-дастанға толы. Қазақ әсіресе, ұлан-ғайыр даласының бедерлі, бейнелі өңірлеріне өміршең ат қоюға шебер. Міне, соның барлығы қасаң саясаттың кесірінен ел жадынан өшіп бара жатқан кезең еді. Осы тұста «Менің Қазақстаным» сериясымен қазақтың тарихи, көрікті өңірлері туралы кітаптар шыға бастады. Сол сериялы кітаптардың ажырамас бір бөлігі – «Жер шоқтығы Көкшетау» атты, оқырман қауымды елең еткізген жинақ жазушы-журналист ағамыз Жанайдар Мусиннің авторлығымен жарық көрді. Осы жинақтың ішінде Көкшетаудың тұнып тұрған сыры арнасынан асып төгіліп, көркем суретпен көз алдыңда елестейтіндей құдірет бар. Әр тасының, әр төбесінің шерлі шежіресі шерменде болып шымырлаған бұрынғы кейпі, өткен тарихы қаз-қалпында қалыпталады. Жазушы осы шығармасында көп адам ұмытқан жер атаулары, Алаштың ардагер ұлдары туралы ой толғайды. Тілінің жатықтығы, пікірінің қонымдылығы, сол әр пікірін шегелейтін дерегі қандай! Ақ бураның аңызын естисің, Жұмбақтастың сырына қанығасың, Жекебатырдың өрлігін ұғасың. Ақ алаңнан көкірегіңді арман кернеп, беймәлім бір сезімге бойың балқып өте бергеніңде көзіңе «Шайтан ұршық» түседі. Оның да өз сыры бар. Жаратылысы да ерек, артында қалған аңызы да бөлек. Тас мүсіндер де түйсіне білген адамға тіл қатады екен. Тек ұғатын көкірек керек. Сәкен жырлаған, Сәбит суреттеген Оқжетпес, Үлкен Шабақты мен Кіші Шабақты, тостағандағы судай толықсыған Күміскөл. Бір Бурабайдың төңірегі қаншама ертегі іспетті есті сөзге, аңызға, тарихқа тұнып тұр.
Бұл кітап баспадан шыққалы қашан. Қазір бір данасын кітапханадан әзер табасың. Бүгінде курортты аймаққа келімді-кетімді кісі қаншама. Олар да жер шоқтығы Көкшетаудың тарихына қанығып кетсін десеңіз, өлке шежіресі дерлік осы тамаша туындыны қазіргі күні дәстүрге айналған үш тілге аударып, көркем суреттерімен тағы бір келісті етіп баспадан қайта басып шығарса, керемет болар еді-ау.
Осы жинақтағы «Өзекті өмір арнасы»  бөлімі де тұнып тұрған тарих. Елдің әрідегі тынысы ғана емес, Жанайдар Баймырзаұлы өмір сүрген кешегі кеңестік уақыттың тірі, шынайы бейнесі. Шығарманың берілу формасы да ұтымды. Көкірегі шежіреге тұнған Қартбай қария 13-тен енді асқан Көкше есімді жеткіншекті ертіп жүріп, келелі сыр шертеді. Оларға ертегі іспетті Қырым мен Кавказдың керегі жоқ. Аңсары жер шоқтығы Көкшетау. Көкшетаудың ғажайып тарихы, сыры мен жыры, әні мен аңызы. Кейінгі кезде шұбарланып, асылға арзан матадан жамау жамағандай қонымсыз болып көрініп тұратын жер атаулары жайындағы жан толғанысы, өкпе мен реніш, қапа мен наз.
– Балам, саған айтамын, келінім сен тыңда, – дейді қария тамағын кернеп, – он үштен асқанша ата мекенін көрмеген деген не сұмдық?..
Бұл Жанайдар Баймырзаұлының ақ қағазға қалдырған ой маржаны, қара сөзбен өшпестей етіп жазып шыққан сұлулық дастаны. Бұдан тыс қайраткерлік еңбегі хақында да тағы бір толғам. Қазақ тілі етпетінен жатып қалмаса да, шөкесінен түскен сол бір кезеңде жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептердің бірінен соң бірі жабылып, тіл өрісінің тарылуы ұлтының болашағын ойлайтын ұлық перзенттерді қатты қамықтыратын. Осы мәселе Жанайдар Баймырзаұлы редактор болып қызмет атқарған облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жиі көтерілді. Жанайдар ағаның жатпай-тұрмай қолға алуымен, лездеме сайын айтуымен, 1922 жылы ашылып, 1955 жылы жоғарыда аталған кері саясаттың кесірінен жабылып қалған бұрынғы Көкшетау қазақ педагогикалық училищесін «қайтсек қайтадан қалпына келтіреміз?» деген ой бүкіл шығармашылық ұжымның сана-сезімін билеп алды. Осы орайда, ұлтының болашағын ойлайтын басылымда бұл тақырыпта дүркін-дүркін проблемалық мақалалар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Өзі де алғаш осы оқу орнын бітірген Жанайдар аға бар ынта-шынтасымен ұмтылған тұтастай ұлтқа қатысты бұл ұлағатты іске әсіресе,  қаламы жүйрік Төлеген Қажыбаев, Райхан Сейітова тәрізді журналистер өз сүбелі үлестерін қосты. Халық ақыны Көкен Шәкеев те киелі сахнадан ел мұратын жыр тілімен өріп, мәселе көтеріп жүрді. Кейін 1989 жылы қабілет-қарымы мол Жанайдар аға Қазақстан коммунистік партиясы Көкшетау облыстық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланғанда, өзі басқарған басылымның да көмегімен көкейінде жүрген осы асыл арманын өз қолымен жүзеге асыруына мүмкіндік туды. Сөйтіп, 1990 жылдың маусым айында Қазақ КСР Білім министрлігінің бұйрығымен Көкшетау қаласында қазақ педагогикалық училищесі қайта ашылды. Жалғыз бұл емес, сол кездегі зиялы қауыммен бірге, облыстық «Көкшетау» газетінің де қызу атсалысуымен қаладағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке де қазақ сыныптары қайтарылып, ана тіліндегі алғашқы «Әсел» бала бақшасы ірге көтерді. Осының бәрі ұжымды ұдайы елдік істерге жұмылдырумен болған Жанайдар ағаның «ұлт» деп соққан ыстық жүрегінің мол шарапаты еді.   
Туған жерінің тарихын зерттеп, болашағының жарқын болуын көксеген қарымды қаламгердің артына қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Біз оны шағын ғана мақалада бетінен қалқып қана айта алдық. Оның өзінде де бір-біріне сабақтас екі тақырыптың төңірегінде ғана. Заманында Жанайдар аға жетекшілік еткен басылымның босағасынан біз де кезінде имене басып аттап едік. Сұм ажал арамыздан ерте алып кеткенімен, бір кезде ашылуына өзі бар күш-жігерін салған оқу орны бұл күнде Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжі болып мен мұндалайды. Ұстаз тұтқан, ұлағатын ұққан дара тұлғаның алдындағы шәкірттік парызымды бір мысқал болсын өтемек болып, осы жолдармен өрдім көңілдегі пейілді. Келесі жылы асыл ағаның туғанына 80 жыл. Осы айтулы күн де бүгіннен ойлантса екен жанашыр қауымды!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар