Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасын тамашалады.
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасы бірқатар өңдеуден өтіп, көрерменге қайта ұсынылды. Оны көруге елордадағы зиялы қауым өкілдері келді.
Драманың авторы белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұған дейін 2010 жылы осы драматург пен режиссердің үндестігінде «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, ол бүгінгі таңда көрерменнің сүйікті қойылымына айналған.
Шығарма Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Онда Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелегінен қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады. Бұл шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ақыл-парасаттылығы, ержүрек батырлығы жан-жақты ашып көрсетіледі.
Қойылым соңында Г.Әбдіқалықова қорытынды сөз сөйлеп, тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу жөнінде қабылдаған саяси шешімінің аясында қойылып отырғанын айтты. Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта осындай тағылымды мәдени іс-шаралар Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы саяси-қайраткерлік рөлін халықтың жадына сіңіруге, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуге, түптеп келгенде, қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртуға және өзін-өзі тануына айрықша жол ашатынын атап өтті.
Қойылымда Абылай ханның рөлін белгілі актер Қуандық Қыстықбаев, өзге бас кейіпкерлерді Жанқалдыбек Төленбаев, Жәнібек Мұсаев, Қасымхан Бұғыбай, Айман Карпсейітова сияқты әртістер сомдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.