Жер-жердегідей, Қорғалжын ауданында да аудан әкімінің өз жұмысы туралы халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жамбыл Ахметбеков пен Талғат Ерғалиев және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева қатысты.
Алдымен аудан әкімі Қайыр Рыскелдинов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндап берді. Әкімнің айтуынша, өңірде білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында оң өзгерістер байқалады. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда.
Осы орайда, Қорғалжын ауылының тұрғыны, зейнеткер Қазкен Қанапин ақсақал аудан әкімінің атқарып жатқан істеріне оң баға берсе, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеухан Мұқанов көптің көкейінде жүрген біраз мәселені ортаға жайып салды. Оның ішінде аудан орталығындағы базар аумағында жүйелі түрде жәрмеңкелер өткізіп, онда тұрғындарға арзан бағамен мал азығын сату ұйымдастырылса, аудан жастары спортпен көбірек шұғылданса деген тілектер бар.
Аудан әкімі осындай маңызды мәселелерді шешу төңірегінде әрі қарай жұмыс жасала беретінін айтты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Балғабай Өмірбаев және аудандық мәслихаттың депутаты, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы Нұрлан Тәжин сөз сөйлеп, аудан әкімінің жұмысына халық қалаулылары ретінде өз бағаларын берді. Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Жамбыл Ахметбеков ауданда шешілмей келе жатқан мәселелер мүмкіндігінше Парламент деңгейінде көтерілетінін жеткізді. Осы орайда, ол Кеңбидайық ауылындағы су мәселесі және Астана-Қорғалжын тас жолының жөнделуі жайында халық алдында өзінің ойын ортаға салды. Одан Парламент депутаттарының да осы істің бір жағынан шығысатыны аңғарылды.
Әсел МЕЙРАМОВА,
«Нұр-Қорғалжын» газетінің редакторы.