Еліміздегі бүйректің ауыр сырқатына шалдыққан науқастар енді халықаралық стандарттар бойынша ем қабылдайды деген үміт бар.
Осындай науқастарға медициналық қызмет көрсететін Diaverum компаниясы Қазақстандағы «Нефрос-Азия» компаниясымен оның тоғыз гемодиализ орталығын сатып алмақшы. Сөйтіп, біздің еліміздегі гемодиализ орталықтары Еуропа, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Австралиядағы Diaverum клиникалық желiсіне бiрiгуі мүмкін. Компанияның біздің елімізден сатып алуы ықтимал орталықтардың ішінде Көкшетау қаласындағы осындай жекеменшік орталық та бар.
–Созылмалы бүйрек ауруы мен бүйректің зақымдануының соңғы кезеңдегі сырқаты Азияның басқа да елдері сияқты, Қазақстанда да көбейіп келе жатыр. Бұл үлкен алаңдатушылық тудырып отыр. Біз бүйрек қызметінің дұрыс жұмыс істемеуінен зардап шегіп жүрген қазақстандықтарға әлемдiк деңгейдегі кәсiби дәрiгерлiк көмек көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің ұстамды және адал серiктесі болуға ниеттіміз, – дейді компанияның бас атқарушы директоры және президентi Даг Андерссон.
Әлемде үш миллионнан астам адам бүйрек ауруларының соңғы кезеңінен зардап шегуде. Өкінішке орай, Қазақстанда да бүйрек терапия-сын қажет ететін науқастар саны күн сайын арта түсуде. 2013 жылы бүйрек алмастыру терапиясы бойынша 2100-ге жуық науқас диализге мұқтаж болса, 2014 жылдың соңына қарай олардың саны 3800-ге дейiн өскен көрінеді.
–Қазақстанда да бүгінгі күні диализбен емдеу жолға қойылған, алайда, әлі де болса қызмет сапасын жақсарту қажет, – дейді бұл орайда, Diaverum-ның Қазақстандағы басқарушы директоры Сардар Садықов.
Аталмыш компания жаңа клиникалардың ықпалдасуы бойынша белсендi жұмыс жүргiзіп, «100 күн және 1 жыл» деп аталатын жоспарды іске асыруда. Бұл жоспардың негізінде компания медициналық қызмет көрсету қауiпсiздiгінің және сапасының жоғары стандарттарын толық енгiзуді қамтамасыз ету үшiн қажеттi шараларды жүргізу үстінде. Сонымен қатар, компания науқастың және қоғамның игiлiгi үшін денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджетті пайдалануды оңтайландыра отырып, сала тиiмдiлiгiн арттыруға көмектеседі.
Бүйректері ауыратын науқастарға көмек көрсететін диализ клиникасының ашылғанына 20 жылдан асқан. Бүгінгі таңда компанияның 8 мыңға жуық қызметкерi 18 елде, атап айтқанда, Еуропа, Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Австралиядағы 26 мыңнан астам науқасқа күтім жасайды. Компанияның штаб-пәтері Германия мемлекетінің Мюнхен қаласында орналасқан. Компанияның www.diaverum.com вебсайтынан толық ақпарат алуға болады.
«Diaverum» компаниясының
ақпараты бойынша дайындалды.