Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тілек тіріге айтылмай ма?.. - АРҚА АЖАРЫ

Тілек тіріге айтылмай ма?..

Аумағы ат шаптырым мейрамхананың ішінде ине шаншатын жер жоқ, иен тірескен халық. Елге сыйлы, халыққа танымал, заманында әртүрлі қызмет атқарған, ел басқарған азамат еді марқұм. Қайтпас сапарға аттандырып салуға жиналған жұрттың қарасының көптігі де сондықтан шығар. Жер

бесіктің құндағына тапсырған соң, ел мейрамханада өтетін асына жиналған. Дастарханның үсті құтты бір ұлан-асыр тойдағыдай сыңсып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Артында қалған екі қыз, үш ұлы сүйек сындырмайық десіп, намысқа тырысқан шығар-ақ. Атам қазақ мұндайда «өлім бардың малын шашады» дейтұғын. Ащылау жалғасы тағы бар. Айтпағымыз ол емес. Соңғы жылдары осындай қаралы жиынды көбік сөздің басып кеткендігі де рас. Құтты жиналыс тәрізді. Алдымен, той басқаратын асаба тәрізді елге танымал ағамыздың бірі шықты. Бүгін ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қақыратып, өмірден өткен марқұмның тіршілігінде халқына сіңірген еңбегі, өнегелі өмірбаяны, артында қалған ұрпағы туралы түгел тәптіштеп, таратып айтып шықты. Жөн-ақ. Алыс-жақыннан жиналған құда-құдағиы, ілік-шатыс бар. Біреу анық біліп, біреу білмейтін шығар. Жақсының артынан жақсы іс, жақсы лепес қалады. Сонымен тәмам болса жарар еді. Жоқ, құтты жарыссөз тәрізді лебіз басталды. Алдымен, марқұмды көзі көрген, бір кезде үзеңгілес жолдас болып қатар жүрген ағамыз шықты.
– Мен пәлен совхозда бас инженер болып жүргенде, бұл кісі ана совхозда агроном болатын, – деп бастады әңгімесін.
Содан соң бар әңгіме өзі туралы, өзінің азды-көпті қызметі туралы болып кетті. Кейінгі микрофонды қолына алған өзгелер де әлгі соқпақпен саулата жөнелді. Басы бүгінгі тақырыппен басталып, содан соң өзіне ауады. Халық қажи бастады. Тіпті, болатын емес. Дәл осындай тағы бір жаназада азалы жұрт сөйлеуге құлықты болмай шықты. Себебін кім білсін. Ас ағасы:
– Енді кім тілек айтады? – деп тақақтап қайта-қайта сұраумен болды. Қарап отырып қысылады екенсің. Марқұмның ет жақындарына да ыңғайсыз. Нақ, бір ауыз жылы сөзін қимай тұрғандай. Ас ағасы ел ыңғайын көрген соң, алғашқы сұрақтан кейін қоя қойса қайтер еді. Жоқ, болмады. Ас аяқталғанша енді кім тілек айтады деп қайта-қайта сұраумен болды. Өзін де, жұртты да қажытты.
Астан шығып бара жатып ойладым. Тілек тірі адамға айтылмай ма? Мұндайда «марқұмға бір-екі ауыз аза сөзі» десе қисынға келер еді. Жалпы, сызығы жетіп, өмірден өткен адамға құран бағыштап, дұға оқығаннан артық сауапты іс жоқ шығар. Жаназаны жиналысқа айналдырып, өзімізге жарнама жасайтын әдеттен қашан арылар екенбіз. Бұрын жоқ еді, осының бәрін бертін шығарып алған соң, амал қайсы?!.

Бие сойсаң, құлын жоқ

Биыл қыс ішінде, желтоқсанның жуан ортасында күн күрт жылынып, кей жерлерде тіпті, жаңбыр сіркіреп, дала төсін жапқан ақ ұлпа қаймыжықтай мұзға айналды. Оның үстіне соңғы күндері тағы да Арқадағы ауа райы май тоңғысыз болып тұр. Қар тым қалың болмағанымен, сіресіп қатып қалды. Күпшек санды бие мен қаба жалды айғырлар болмаса, ұсақ мал, жабағы-тай тебінге жарамай қалу қаупі бар. Оның үстіне кей жерлерде орылмай қалған егін де малшыға сор. Жемге жерік жылқы малы, оның ішінде желіндеген биелер шамадан тыс көп жеп қойса, ішке түскен жем қызып, ісініп, бөртіп құлын тастамақ. Демек, жылқыны аңызға емес, адырға жайған жөн. 
Жалғыз бұл ғана емес, соңғы кезде іргедегі Астананың соғым құмарлары тек байталдың, жас биенің етіне жерік болып алды. Түнеукүні Көкшетау қаласындағы орталық базардың ет сататын орамына бас сұққан едік. Сатармандар бірінен- бірі асырып, жас биенің еті деп жар салып тұр. Бәрі тегіс, түгел. Шынында да алдарындағы мүшеленіп бұзылған  семіз жылқының еті аппақ. Мініс көрген кәрі малдың еті сарғайып кетсе керек еді. Ойын-шынын араластырып сатарманның бірінен кәрі малдың етін сұрадық. – Оны қайтесің? – деді сатушы. – Құрдастарымды шақырайын деп едім. Отырсын тістері өтпей, қаужаңдап, – дедім мен. Басын көтеріп, бетіме қарады. Ақыл-есімнің дұрыстығына күмәнді. Мен де күмәндімін. Жас биені жау тигендей жайратып сата берсек, тігерге тұяқ қала ма?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар