Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қаһар» романы және тәуелсіздік (жалғасы) 2 - АРҚА АЖАРЫ

«Қаһар» романы және тәуелсіздік (жалғасы) 2

 

Серік Негимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

  Мұнан соң әңгіменің желісі Ақ патшаның зорлығы мен қазақтың көрген қорлығына ауысты. Кенесары Иосиф Гербуртке: «Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан, сендер бізден гөрі білгірсіңдер… білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді…» – деп, кеңесуге тәуекел етті.

 

(Соңы. Басы өткен сандарда).
Россия отаршылдық саясатының қысымынан Кенесары қолы Ұлытаудан Созаққа жылжуға мәжбүр болды. Екіара алты жүз шақырым, осыны бес күнде жүріп өтті. Не деген ұшқырлық, не деген шапшаңдық! І.Есенберлин «Кенесары күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан киік секілді туған даласының ой-шұңқырын жақсы білетіндігінде…» деп, суреттей отырып, Бетбақдаланың «қызыл күреңжар, бір түрлі суық, сұсты» келбетін, жер-су жағдайын, аң-құстар, өсімдіктер дүниесін, Кенесары әскерінің болдырған мініс аттарына «түркімендерше қойдың құйрығын жегізгенін» әсерлі әңгімелейді.
Осы бір шақта генерал Генс қазақ халқының этнографиялық материалдарын, ертегілерін, дастандарын ұқыптылықпен жинағанын губернатор В.А.Перовскийге айтып отырған-ды. Он екі жылдан соң, осы сұмырай «қазақ даласын қанға батырып, Ақмешітті алатынын кім білген?!»
Созақ датқасы Бабажанға бір нөкері: «Кенесары әскері келді, тұрыңыз!» десе: «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» деп, аюша ақырыпты.
Иосиф Гербурт: «Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай», «Қазақ халқы қанша ержүрек халық болғанмен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді… Сендер көгендеулі қойсыңдар» деп, шынын да, сырын да төгіп айтты.
Замана, халық, ұлт тағдыры мен тарихын сезімталдықпен, қырағы көрегендікпен болжайтын шешімді, өжет Кенесары: «Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін… Тікен шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі…» Қазақта  «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем» – деп, шарболаттай шамырқанып ойын шарт түйді.
«Қаһар» романында Орынбор әскери губернаторы граф В.А.Перовский, князь Горчаков, генерал Генс секілді құзғындардың пиғылы да жеріне жете пайымдалған.
Горчаков Перовскийге жазған хатында: «Кенесарыны Сібір шекаралығынан мүлдем алып кет, не болмаса маған оны өзінің ұясында құртуға рұқсат ет», – деп жазған.
В.А.Перовский: «Қазақ та бір, қой да бір, тек алдарына түсетін серкесі болсын!» – десе, Генс: Жоқ, қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең, бақытсыз халық. Қиянат көріп, қорланған жұрт қашанда болса тәуекелшіл» – дейді.
Кенесарының ақылды қайраткер, сарабдал саясаткер екендігін мына хатынан көруге болады: «Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық… Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді және менің осы сөзімді жоғары жаққа жеткізуіңізді өтінемін».
Россияның отаршылық саясаты Кенесары әскерін Оңтүстік пен Батыс жағынан қоршау, Батыс Сібір өлкесіне өтіп кетпеуі үшін, яғни Ұлытау, Арғынаты аймағына жылжымау үшін Омбы, Қызылжар, Қарқаралы бекіністерінен мұздай қаруланған мың мылтық асынған жасақ шығарып өз апанында тұншықтыру.
Әккі Кенесары соғыс әдісін күрт өзгертті. Ағыбай, Наурызбай, Жеке, Құдайменді, Иман, Жанайдар, Бұқарбай, Жәуке, Байтабын секілді тұйғындарына шаршата ұрысу тәсілін, сонымен қатар, әскер тобының керегедей қанаттарын жая шабуыл жасауын (хуннулардың ұрыс ұйымдастыруы осылайша) қолдануын міндеттеді.
І Николай патшаның Орынбор әскери губернаторына арнайы жасақ шығарып, Кенесарының басын әкелген адамға үш мың сом сыйақы беру туралы ұсынысы болған-ды.
1841 жылдың 7 қыркүйегінде Кенесары Алашахан мазары қасында хан сайланған-ды. Алашахан – «айбарлы мола, бір ғажайып асыл мүлік» іспетті.
Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алашахан бейітінің жаны. Бұл ара үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балхаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен, Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған».
Жазушы І.Есенберлин Алашахан мазарының түр-сымбатын былайша өрнектейді.
«Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл – тана көзденген өрмекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара… Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең далыз. Ал, моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр.
Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі – биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған Әмбұлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар…» Бейне бір архитектуралық пейзаждың тамаша үлгісі.
«Ал, Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алашаханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құм-топырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таң қалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы сар даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.
Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті.
…Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да, тек өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса, Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр.
Гербурт-Жүсіп Қасым баласының қандай күшті адам екенін де енді ғана ұқты. «Тарихтың әр сатысында, халық арманының бір тоғысқан түйінді көздерінде осындай адамдар туады. Олар өздерінің мақсаттарына жету үшін халықты да, тарихты да, бәрін де пайдалана біледі. Бұларда құр ғана қаніпезерлік, адамды аямастық қана емес, ақыл да, амал да мол келеді. Кенесары да соның бірі. Егер осындай адам миллиондаған халқы бар үлкен елге жаратылса қайтер еді? Азғантай қазақ халқын қанша қанға батырса, үлкен елді де сонша қанға батырар еді. Онда Кенесары қозғалысы кішкентай ел емес, үлкен ел трагедиясы болар еді. Халқының кішкентайлығынан бұл елдің үлкен трагедиясы өзге жұрттың көзіне кішкентай трагедия болып көрінеді».
Кенесарының шамына тиген Герберттің сөзіне «шықшыттағы күретамыры бүлкілдей ойнап», «шабатын барыстай» жиырылып, оған: «Еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғымен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем! Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының астына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен – ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін.
…Ажал табар болсам, батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл болсақ, енді хан билеген елміз!»
Кесек әрекеттің, кемелдіктің иесі Кенесарының өзекжарды ойы. Адамзаттың сырттаны жүрегін, тағдыр-талайын халқына, ұлтына тапсырады, жанын Аллаға береді, ал ар-намысын ешкімге таптатпайтыны аян.
Жазушы Ілияс Есенберлин ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тірлігін ғаламат өнерпаздықпен һәм білімпаздықпен тарихтың көркемдік философиясын жұтынтып жеткізген. «Қаһар» романының ішкі көркемдік әлемінде халықтың ой-сезімін, ақыл-парасатын, рухын байытатын ойлы-ойлы келісті суреттер жеткілікті. Көркемдік және тарихи дүниетанымы озық сөз зергері өзінің дәуірнамалық шығармасында монолог пен диалогты табиғилықпен шебер құру, ситуация мен конфликтіні қисынды орайластыру, композициялық тұтастықты мұқият ойластыру, характер сомдау, кейіпкер психологиясын терең сипаттау, оқиға дамуына орай пейзажды пайдалану, халық дәстүрлеріне, қазақша ай, жыл аттарына мән беру, шаһар сәулетін, соғыс қимылдарын айшықты бейнелеу тұрғысынан алғанда шынайылықпен көрсетілген. Бұл орайда Қасым, Кенесары, Ағыбай, Есенгелді, Саржан, Наурызбай, Жоламан, Байтабын, Масан би, Есіркеген, Сейтен, Нысанбай жыршы, Бопай, Ақбөкен ару тұлғасы. Сондай-ақ, Ташкент құшбегі Бегдербек, Мәделі хан, губернатор В.А.Перовский, князь Горчаков, Қоңырқұлжа сұлтан, генерал Генс, опасыз Ожар, Зейнеп сұлу және т.с.с. Жазушы І.Есенберлин өз кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін әңгімелеуде, суреттеуде, мінездеме беруде ұшқырлық, тапқырлық, көсемдік, зерделілік, зергерлік танытып отырады.
Көркем шығарманың материалы – тіл. Халықтың рухы, жаны, ой-санасы – тілінде. Ендеше, Ілияс Есенберлиннің философиялық ой шумақтарына кезек берейік:
1. «…Россия – дария, біз кішкентай ғана   мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады» (Кенесарының Гербурт – Жүсіпке айтқаны).
2. «Кенесары шын қабылан» (Горчаков пікірі).
3. «Қыран жете алмас қия жоқ,
Жаужүрек өте алмас мия жоқ».
4. «Жерді шұқылай берсең шұңқыр болады,
Денені шұқылай берсең жара болады». (Есенгелдінің Бегдербекке айтқаны).
5. «Жаралы жолбарыс жарасыз жолбарыстан ер келеді» (Есенгелдінің Бегдербекке айтқаны).
6. «Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады. Халық деген бір кеще жас бала, оны алдай алсаң болғаны, соңыңнан ере береді». (Қоңырқұлжаның аузынан).
7. «Ел бірлігі – ел теңдігі» (Ырым ақын).
8. «Аңшы қуған киіктей, сұм тағдырдан зәресі ұшқан халқың бар, тек соның қарғысына қалма… » (Масан бидің немересі Есіркегенге айтқаны).
9. «Адам ойы теңізге айналар болса, жүзіп өте алмас мұхит» (Есіркеген).
10. «Жүрегін көкейкесті арман торлаған, ел қамын ойлар жігіт – ойпат үстінде ерте солатын сарғалдақ гүл тәрізді, ерте пісіп, ерте қартаяды» (Масан би).
11. «Бақ уысқа сыймағанмен, атақ уысқа сыяды» (Байтабын батыр).
Немесе: «Бүйі қысылғанда өзін-өзі өлтіреді», «Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп», «Кекілідегі қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе», «Балта көтерілгенше, ағаш жол табады», «Қазаны бөлектің – қайғысы бөлек», «Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайға қашады» секілді халықтық ой оралымдары шығарма тілінің сымбаттылығын айқындайды.
Тарихтың көркемдік шынайылық, әсерлілік, суреткерлік қуатпен толғаған, «нағыз заманалық рухани, мәдени қажеттерді» жырлаған, «қазақ романшылық өнеріне ажарлы ағын қосқан» (академик Рахманқұл Бердібай сипаттамасы) дүлдүл шабысты І.Есенберлиннің «Қаһар» романы – қазақ прозасында ерен құбылыс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар