Кеше кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай, Көкшетауда сол соғыста қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды және осы оқиғаға арналған салтанатты шара болып өтті.
Сол кездегі қолдан жасалған саясаттың салдарынан тұтанған ауған даласындағы бұл соғысқа 1113 ақмолалық жауынгер қатысып, олардың 61-і қаза тапты. Қаншама аналар балаларын тосып, жүректері қайғыға толды. Бөтен елде бейбітшілік орнатамыз деген ерлердің есімін туған елі ешқашан ұмытпайды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде ауған соғысының қасіретіне кеңінен тоқтала келіп, сол соғыстың оты мен жалынынан өткен бір топ интернационалист-жауынгерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Олардың қатарында Сәтбек Әлімжанов, Олег Дегтярев, Болат Дүйсенов, Анатолий Митрофанов, Қайролла Қосмағанбет, Владимир Тесля, Болат Уәйісов сияқты жерлестеріміздің барын айта кеткен жөн.
Осы шараға Елордадан арнайы келіп қатысқан Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өзі әкесіз өссе де, аға ұрпақтың ерлік дәстүріне адал болып, ауған жерінде ұлт намысын қолдан бермегенін атап көрсетті.
– Міне, ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына да ширек ғасырдан асыпты. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары азайып бара жатқан бүгінгі таңда ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер де жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне араласып жүргені өте ғанибет, – деді өз сөзінде сол соғыста ерлігімен танылған ержүрек қазақ офицері. Бұдан кейін ол бір топ интернационалист-жауынгерлер Асылбек Әбілхаев, Әмір Закиров, Дәулет Рахметов, Сергей Баранов, Ермек Кәлімов пен «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асқар Әлиевке Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың мерейтойлық медалін тапсырды. Ал, республикалық әскери-техникалық мектептің Щучинск қаласындағы филиалының директоры Ермек Әбдірахманов Батырдың қолынан Ерлік туын алды.
Салтанатты шара барысында сөз алған республикалық әскери-техникалық мектептің бас директоры, генерал-майор Владимир Шацков және Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі «Айбын» әскери-патриоттық клубының командирі Жанайдар Смағұлов ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің ерліктері ешқашан ел жадынан шықпайтынын тілге тиек етті. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.