Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берекелі белестер - АРҚА АЖАРЫ

Берекелі белестер

«Ақмола медиа орталығының» ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан істерді өз көздерімен көрді.

  Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет
Облыс орталығынан барған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен, Қайрақты ауылында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының ардагері Анатолий Комяковпен кездесті. Ардагер бүгінде өзі жалғыз тұрады екен. Ұлдары Ресейге көшіп кетіп, осы ауылда тұрмыс құрған қызы келіп үй шаруашылығына көмектесіп тұрады.   
– Жаз мезгілінде үйінің ауласына жеміс-жидек, көкөністер отырғызып, бар уақытын соның күтімімен өткізеді. Жыл сайын Жеңіс күнінде келіп, сый-құрмет көрсетіп тұрамыз, –дейді аудан әкімінің орынбасары Ләззат
Сейдахметова. Анатолий Васильевич майданға 1943 жылы аттанған. Шайқас даласында төрт рет жарақат алыпты.
– Ол кезде мен тек 18 жаста ғана едім. Алғашқы ұрыста ауыр жараландым. Госпитальдан емделіп шыққан соң, қайта қатарға қосылдым. Соғыс аяқталғанша барлаушы болдым. «Тіл» әкелу тапсырмаларының бірін күндіз орындаған кезім болды. Днестрді кешіп өту қиын еді. Біз «тіл» алуға тиіс нысанды немістер түнде  өте қырағы, бақылауда ұстайтын. Тіпті, жарықтың өзі сол жерге түсірілетін. Ал, күндіз ол жерге біздің кіретініміз жөнінде ойламайтын да. Әйтеуір, «тілді» күндіз қолға түсірдік. Қажетті ақпараттың барлығын алдық. Осы бұйрықты орындау барысында да ауыр жараланып, операциядан әйтеуір, аман  қалдым, –  деп есіне алды майдангер сол бір отты күндерді. Бұдан кейін де ол жауапты жауынгерлік тапсырмаларды орындап, 3 дәрежелі Даңқ орденімен марапатталыпты. Австрия, Венгрияны азат етіп, Ұлы Жеңісті Румынияда қарсы алыпты. 1945 жылдың қараша айында үйіне оралып, 33 жыл ұстаханада ұсталық еткен екен.
– Балаларым мені  өздеріне алғылары келеді. Бірақ, 1961 жылы осында қоныс аударғаннан бері бар саналы ғұмырым Қайрақтыда өтті. Енді ақтық сапарға да осы үйден аттансам арман жоқ, – дейді майдангер. Жылы жүзді кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зияда Нұржанов бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерге «Өмір жолы» акциясы аясында орталықтандырылған «SOS» дабыл қағу тетігі бар ұялы телефон сыйлап, зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
 
Көз қорқақ,
қол батыр

Тарасовка ауылына ат басын тіреген баспасөз турының өкілдерін ауыл әкімі А.Омаров күтіп алып, Сәлім Мұхамеджановтың шаруа қожалығының жағдайымен таныстырды. 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге 78 ірі қара мен 4 бұқа сатып алған шаруаның қожалығында бүгінде мал басы төлдерімен қоса есептегенде, екі жүзге жуық.
– Менің әкем кезінде мал өсірумен айналысқан. Осында  Жарқайың ауданының Терісаққан ауылынан 2005 жылы отбасымызбен көшіп келдік. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жеңілдік жасалынып жатқандығын естіген соң, 6 пайыздық мөлшерлеме бойынша мал өсіруге бес жылға
1 миллион 900 мың теңге көлемінде несие алдым. Өткен жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 25 бас жылқы сатып алып, өсіріп жатырмын. Келіншегім үйде бие сауып, қымыз дайындайды. 5-6 биеден күніне 40 литр қымыз алынады. Оны аудан орталығына апарып, өткіземіз,–деді әңгіме барысында фермер. Қымыз өндіріп, оны сату үшін лицензия алыпты.
– Маған  күнделікті жұмыс барысында бауырларым мен жолдастарым көмектеседі. Өйткені, «жалғыздың үні шықпас» дегендей, бір өзім ештеңе бітіре алмас едім. Алдағы уақытта бірнеше техника сатып алу жоспарымда бар,–деп алға қойған мақсатын да жайып салды Сәлім мырза.
Болашақта ауданды ет, сүт өнімдерімен және қымызбен қамтамасыз ететін шаруа қожалығының жұмысына сәттілік тіледік.

Нанның бағасы –
37 теңге

Ауданда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың бірі – үдемелі индустриалды-инновациялық даму  бағдарламасы. Аталмыш жоба бойынша елімізді ұнмен қамтамасыз етіп, артық өнімдерін Иран мен Ауғанстанға жөнелтіп отырған «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі диірмен кешені тәулігіне 250 тонна ұн тартады. Ол өнім
5, 10 және 25 келілік қаптарға салынып, тұтынушыларға жіберіледі.
–Диірмен кешені 2013 жылдың наурыз айында іске қосылған. Бидайды вагондармен тасып жатпаймыз, элеватордан тікелей диірменге түседі. Ұнның барлық сортын өндіреміз. Жұмысшыларды да алыстан іздеп жатпаймыз. Осы ауылдың тұрғындары үш ауысыммен кезектесіп еңбек етеді. Орташа еңбекақы мөлшері 70 мың теңге. Жалақыны кешіктірмейміз. Сондай-ақ, серіктестіктің өзінің наубайханасы бар. Келісім-шартта бекітілгендей,  бір бөлке нанның бағасы 37 теңге, салмағы 800 грамм, – деп тарқатып берді «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Бралин.
Бұл кәсіпорынның болашағы мол екеніне сенімдіміз. Өйткені, өңірде бидай жеткілікті. Екіншіден, сыртқа өнім шығарып, халықаралық нарықта да  әжептәуір бедел жинап үлгерген.

Натальяның
сән салоны

Ашылғанына бір айдай ғана уақыт болған қыз-келіншектерге арналған «Гламур» сән салонына келушілер қатары көп екендігіне көзіміз жетті.
– Мен өзім бұрын мемлекеттік қызметші болып жұмыс істедім. Бірақ, сұлулық салонын ашсам деп көп армандайтынмын. Оның үстіне әріптестерімнің жұмыс бабымен жүріп, өздерінің дене күтіміне жеткілікті мән бермейтінін де байқаушы едім. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қарастырылып жатқан жеңілдіктерді көріп, осы арманымды жүзеге асырғым келді. Сөйтіп, жұбайым Владимир екеуіміз ақылдаса келе, сән салонын ашуды дұрыс көрдік, – дейді жеке кәсіпкер Наталья Флиман.
Шағын бизнес саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан бұл отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын дүкен құрылысын жүргізіп, дайын болған ғимараттың жарты бөлігін жеке меншік тіс емдеу мекемесіне жалға берген. Былтырдан бері қолға алған сән салоны үшін ғимарат жанынан қосымша құрылыс жүргізіп, Ресейден тиісті жабдықтары мен жиһаздарын алып келген. Ішін де заманауи талаптарға сай безендірген екен. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде Наталья қайта даяр-лау курсынан өтіп, жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен көрінеді. Мұнда ер адамдар мен балаларға түрлі шаш үлгілері бойынша шаштараз қызметі көрсетіледі.  Ал, қыз-келіншектер үшін шаш үлгілерімен қоса, маникюр, педикюр, жасанды тырнақ өсіру қызметтері ұсынылады. Алдағы уақытта Наталья татуаж жасау курсында оқып, ол қызмет түрін де игеріп алу ойында барын  жеткізді.

Бірлік түбі – тірлік

Бүгінде ауданда 28 ұлттың өкілдері тұрып жатыр. №2 мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Фуна Салманқызы мектепішілік ассамблеяға жетекшілік етеді. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелер жөніндегі орынбасары Фуна Тумгоеваның оқушылары республикалық және халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпаздары көрінеді. Біз барғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, жоғары сынып оқушыларымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып жатыр екен. Іс-шара барысында ол  ассамблеяның құрылуы, тарихы, мән-маңызы туралы балаларға кеңінен әңгімелеп берді. Оқушылар да өз ойларын ортаға салып, ата-бабаларының тарихи отандарынан деректер келтірді.
– Білім беру ордасында 24-тен астам ұлттың балалары оқиды. Біз баршамыз ұлтқа, дінге, тілге бөлінбей, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Өйткені, біз барлығымыз да Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Ата-бабаларымыз кезінде тарихи жағдайларға байланысты осы жаққа мәжбүрлі түрде қоныс аударған.  Бізге ол кісілер осыны әңгімелеп, айтып отырады. Мен бүгінде қаншама ұлт пен ұлысты өз қанатының астына алған қазақ жерінде туғанымды  мақтан тұтамын,–дейді мектеп ассамблеясының мүшесі, ұлты авар Марина Исхакова.
Бұдан әрі ауданның құрметті азаматы Сергей Хванмен кездестік. Бұл күнде ол кісі құрметті демалыста. Кезінде ата-бабалары Қиыр Шығыстан Оралға қоныс аударғанда, небары 10 жаста болыпты. Орал педагогикалық институтында жоғары  білім алып, бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнапты. Бүгінде ұлы Вадим да әке жолын қуып, мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Ардагер өз өмірінен сыр шертіп,  Ассамблея туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Міне, ауданда осы жолы осындай адамдармен жүздесіп, небір игі істердің куәсі болып, жанымыз жадырап оралдық.  
Жақсы ауданы.
Суреттерде: соғыс және еңбек ардагері Анатолий Комяковқа телефон тапсыру сәті; фермер Сәлім Мұхамеджанов; диірмен кешенінде.
 Суреттерді түсірген В.ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар