Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баян ата! Әр сөзі тағылым, бата - АРҚА АЖАРЫ

Баян ата! Әр сөзі тағылым, бата

– Баян, қасық алып беріп жіберші, – деген  Нағима әжейдің сөзінен кейін күлімдеген мейірімге толы көзімен Баян ата бізге қуақылана қарап, «Қарашы, өзінен он жас үлкен мені жұмсағанын», – деп өзінше әзілге айналдырған болып, сосын тіп-тік жүріп, қасықты әкеліп, үстелге қойды.

 Орынды әзілге біз мәз болып күліп алдық. Шынайы сезім мен сыйластық орныққан отбасының жарасымды өміріне куә бола отырып, «осындай өмір баршаға бұйырса ғой», деген ой келді.
 Өмір-өзеннің ағысының жылдамдығы сондай, уақыттың зымырап, қалай өткенін де білмей қаласың. Оған да екі жылдың шамасы болыпты…
 Сол бәрімізге пана болған, өнеге ісімен дара болған, Арқаның абызы да, абзал ақсақалы да Баян ата Жанғалов көзі тірі болғанда былтыр 100-ге толар еді…
Арманға адам жеткен бе,
Жастық уақыт өткенде,
Кәрілік қуып жеткенде,
Серігің сенің өз ойың,
Жасайсың талдау өткенге.
Бойыңа қуат береді,
Жайлы кезің көктемде.
Кәрі жүрек қуанады,
Түскендей нәсіп көктен де.
Көз алдыңа көрінеді,
Өте алмаған өткел де.
Салмақтайсың, санайсың,
Алды-артыңа қарайсың,
Өзіңнен өзің сұрайсың,
Тынышсың ба, қалайсың?
Жауапты өзің бересің,
Халық қой әділ төрешің.
Кім біледі не дерін,
Әлде қайық, әлде кемесің.
Бәріне де көнесің,
Тек залым еді демесін…  
Бұл өлең жолдарының авторы көрнекті   мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері,   Арқаның күміс сақалды абыз батагөйі, аяулы да ардақтысы – Баян Жанғалов атамыз.
 Қаншама жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткен абыз атадан айырылғаннан бері Нағима әжеміз салиқалы да салмақты, сабырлы қалпында шаңырағының түтінін түтетіп, Досбол баласының қолында асыл жанның орнын жоқтатпай отыр.
Жуырда жолымыз түсіп, Нағима әжемізге сәлемдесуге бардық. Бұрынғыдай жайдары қарсы алған әженің «сыры кетсе де, сыны кетпеген», сол аққудай қалықтаған кербез қалпы. Тек сыңарынан айырылғанына іштей қапаланатыны байқалады. Атамыз бардағыдай сол күтімі, сол тәртібі  де өзгермеген.
Жүздескен сәттен әңгімеміз жараса кетті.  Текті тұлғамен отыз жылдай отасқан Нағима әжеміз көңілге көңіл қосылып, сыйластықпен өткен күндерін, атамызбен бірге өткізген әрбір сәтін есіне ала отырып, әсерлі әңгіме шертті.   
Баян атаның туған күнінде өзіне арнап жүректен әдемі әсерлі өлеңдер жазылған әжеміздің қолындағы қызыл күнделікте екеуінің арасындағы қарым-қатынасы туралы көнілді елжіретер әрбір сөздің тауып айтылғандығы сонша, Баян атаның шығармашылығындағы ақ әжеге қарап отырып, жастық кездегідей  алып ұшпаса да, екі шын ғашықтың арасындағы жас талғамайтын сыйластыққа ұласқан  үлкен махаббаттың жарасымдылығына, шынайылығына риза боласың.
…Шеберсің-ау, қарым-қатынас жағына,
Жас келгенде кездескенсің бағыма.
Қалай бүгін рахметімді айтпайын,
Отырмын ғой, Ұлы Патша тағымда –
деп бір өлеңінде әжемізге деген ризашылығын  айтып,  шалқыса, енді бір кезде:
Кәрілік те қызық екен таң қалғандай,
Бұл сөзде мағына бар аңғарғандай.
Үйлесіп тоқсан сегіз, сексен жеті,
Жарасып отырмыз ғой, жаққан  шамдай, –
деп мәнді өміріне шүкірлік еткендей…
…Адамға түсіністік өмір заңы,
Алланың адамзатқа берген бағы.
Қанағат бергеніңе, Жасағаным,
Кең болсын келешектің келер жағы.
Мұндай өрелі өлеңдер өмірінің соңына дейін жыл сайын жалғасып келген.
– Екеуміз өте қатты сыйластық, балаларға да, өзіне де шамамның  келгенінше қолымнан келген құрметімді жасадым. Келген-кеткен қонақтарын қабақ шытпай қарсы алдым. Маған риза болды, мен де ол кісінің өзіме деген сыйластығына солай жауап бердім. Әрине қимаймын. Біріміз алпысқа, біріміз жетпіске қараған шақта қосылдық, бірақ, бір-бірімізбен өте қадірлі болдық. Жас уақыттағыдай емес, адам ұлғайған кезде бір-бірінің қадірін жақсы біледі. Бәкеңсіз өткен бірер жылым он жылға татыды… Енді Алладан ұзақ ғұмыр емес, бейнет көрмей, Бәкеңнің өз қасынан көрсеткен орнына барып жатқанды ғана тілеп отырмын, онан басқа арманым жоқ, – деген Нағима әжеміздің кезінде өмірден көрген бейнеті де көп болыпты.
Баян атаға тұрмысқа шыққан жылдары ол кісіні туған күнімен құттықтап:     
 Серігім құтты болсын туған күнің,
Құттықтап, қуанамын мен де бүгін.
Тілеймін ұзақ өмір, саулығыңды,
Балалардың бір көрейік бар қызығын.

Тағы да құтты болсын туған күнің,
Жарқырап, жайнай берсін сенің жүзің,
Жазира, жарқын  мінез ел ағасы,
Бұдан да арта түссін асқақ үнің, –
деп Нағима әжей де шынайы ақ тілегін  өлең жолдарымен білдірген екен. Баян ата Жанғаловпен бір шаңырақ астында бірге өткізген отыз жыл өмірін бар саналы ғұмырының зейнетіндей, Алланың берген сыйындай қабылдайды осы күні. Қазіргі балаларының өзіне көрсеткен құрметіне, немерелерінің мейіріміне  ризашылықпен шүкіршілік етеді.
Иә, бұл жай ғана күнделікті өмірі жайында шертілген әңгіме болғанымен, Баян атамыздың баршамызға үлгі  боларлықтай тағы бір өнегелі тұсы. Қамшының сабындай аз ғана ғұмырында адам баласының бір-бірімен сыйластықпен өткізген жылдары мен күндеріне не жетсін, шіркін. Өмірден озса да, соңынан аңыз болардай із қалдырған осы бір абыз тұлға жайлы әлі талай жазылары анық…  

Бостангүл ЕРМАНОВА.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар