Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірде жақсы істер өрісі кеңейе түседі - АРҚА АЖАРЫ

Өңірде жақсы істер өрісі кеңейе түседі

 Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагин «Ақмола облысының 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2015 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдында есеп берді. Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, облыстық атқарушы органдардың басшылары, өнеркәсіп орындарының, әлеуметтік сала және ауыл шаруашылығы өндірісі ұйымдарының, оқу орындарының жетекшілері, қоғамдық жұртшылық, діни конфессиялардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Есеп беру кездесуінде жасаған баяндамасында облыс әкімі Сергей Кулагин өткен жылы атқарылған жұмыстарға және Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан, таяудағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойылған мәселелерден туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталып, алдын ала келіп түскен, кейін залдан қойылған сауалдарға жауап берді.

 

– Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашада жарияланған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы еліміз үшін өз дамуының осы кезеңдегі жаңа бағыты болып табылады. Елбасы жариялаған жаңа экономикалық сая-сат жергілікті атқарушы органдардың алдына жаңа басым міндеттер қойып отыр. Таяу жылдары экономиканың өсімін қамтамасыз ету, халықтың жұмыспен қамтылуы мен белсенділігін ынталандыру үшін бірқатар маңызды міндеттерді шешуіміз қажет. Олар бүгінгі күннің нақты жағдайы ескеріле отырып, инфрақұрылымдық даму жоспарында көрініс тапқан, – деді өз баяндамасының басында облыс әкімі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елдің басым бағыттарын айқындап берген жоғарыдағы Жолдауындағы кезек күттірмес шаралардың орындалуының арқасында Ақмола өңірі 2014 жылды сәтті аяқтады. Облыстағы аймақтық өнімнің жалпы өсімі 105,5 пайызды құрап, 1 триллион теңгеден асты. Бұл әлеуметтік саладағы маңызды әлеуметтік жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 11 мың жаңа жұмыс орны құрылған, жұмыскерлердің айлық орташа жалақысы 7 пайызға өсіп, жергілікті бюджеттің салық түсімінің өсімі 16 пайызды құраған. Экономиканы дамытуға 181 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Өткен жыл жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарлама-сының алғашқы бесжылдығының аяқталу жылы болды. Индус-трияландыру картасы бойынша барлығы 49 жоба жүзеге асырылып, 5 мың тұрақты жұмыс орындары ашылды. Іске қосылған нысандардың 35-і өндірістік өнімді жүзеге асырумен айналысады.   Биылғы жылы Индустрия-ландыру картасының екінші бесжылдығының шеңберінде облыста 644,8 миллиард теңгенің 36 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шамамен 27 мың тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашады. Ағымдағы жылы 121 миллиард теңгенің 25 жобасын аяқтау жос-парлануда. Жобаларды енгізу шамамен 2 мың тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермекші.  
Өткен жыл облыста бірқатар ірі кәсіпорындардың ашылуымен ерекшеленді. Көкшетауда жылдық қуаттылығы жылына 50 мың шаршы метр үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді.  Бұл жоба үлкен әлеуметтік маңызға ие. Өйткені, ол «Қолжетімді бас-пана-2020» бағдарламасының шеңберінде салынатын тұрғын үйлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы үрдіс одан әрі жалғасын тауып, биыл да Еңбекшілдер ауданында цемент зауыты, Степногорск қаласында алтын айыру фабрикасы, сондай-ақ, құрылыс индустриясының нысандары, агроөнеркәсіптік кешендер, Ерейментау ауданында қуаттылығы 45 МВт  болатын алғашқы жел электр станциясы іске қосылмақшы.
Бұдан әрі облыс әкімі өңірдің 350 гектар жерді алып жатқан аумағында 4 индустриалдық аймақ құру бойынша мәселе қаралуда деп атап көрсетті. Көкшетау және Степногорск қалалары – негізгі индустриалдық аймаққа, ал Шортанды мен Целиноград аудандары көлік логистикалық және Астана қаласы маңына жақын орналасқандығы есепке алынып, индустриалдық аймақтың әлеуетті орнына айналады.      
Өткен жылы күрделі ауа райы жағдайында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 11 центнерден айналып, 4,5 миллион тонна астық жиналып алынды. Ағымдағы жылы 4 миллион гектар аумаққа дәнді дақылдар егілетін болады. Азық-түліктік қамтамасыз ету және экспорттық әлеуеттің негізгі саласы ретінде мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Облыста 23 етті бағыттағы репродуктор-шаруашылықтар жұмыс істейді. 2014 жылы олар 3,6 мың бас асыл тұқымды мал етін сатуды жүзеге асырған. 2014 жылы жаңа өндірістердің құрылуына, әрекет етуші кәсіпорындардың өндіріс көлемдерін ұлғайтуларына байланысты ет және сүт өнімдерінің көлемі, ұн, өсімдік майы және өзге де өндірістер ұлғайтылған.   
Елбасының алдымызға қойған тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының маңайындағы азық-түлік белдеуін құру бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. 2014 жылы 12 миллиард теңгенің 18 жобасы жүзеге асырылған. Жалпы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу есебінен Астана қаласының халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету ұлғайған.
Баяндамада өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 29-дан 31 пайызға дейін өскендігі де атап көрсетілді.  2014 жылы құрылысқа, оның ішінде тұрғын үй құрылысына 22 миллиард теңге инвестиция салынды.  268 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізіліп, 2,5 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Ағымдағы жылы облыс 6 пайыз өсіммен, 285 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлауда.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру барысында әлеуметтік жалдамалы үйдің құрылысы белсенді жүргізіліп, оның көлемі 4 есеге ұлғайтыла отырып, 15 мың шаршы метрді құрайтын болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту бағдарламасының аясында Көкшетау және Степногорск қалаларында 30 көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткен. Бұл бағдарлама биыл да өзінің жалғасын  табатын болады. 2014 жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына 9,7 миллиард теңге бөлінді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ауыз сумен қамтамасыз етуге 6,5 миллиард теңге бөлінген. Сөйтіп, 15 елді мекеннің сумен қамтылуы жақсарған. 2014 жылы жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеуге 6,6 миллиард теңге бөлініп,  66 шақырым көше жолдары жөндеуден өткізілген.
– 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының барлық жоспарланған іс-шаралары жүзеге асырылды, – деді одан әрі облыс әкімі өз баяндамасында. –Жаңа нысандарды ашу, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен облыста 11 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 6,5 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Облыста жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше мән берілуде. 2014 жылы «Дип-ломмен – ауылға!» жобасының  шеңберінде ауылдық жерлерде 439 маман жұмысқа орналасты.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек отрядтарында 3 мың студент жұмыс істеп, жас-тар іс-тәжірибесіне 1 мыңнан аса түлек жолдама алды. Осыны
баяндай келе, облыс әкімі бюджетте әлеуметтік салаға басым-дылық беріліп отырғандығын жеткізді. Білім беру саласындағы маңызды бағыт білім сапасын арттыру болып табылады. 2014 жылы бұл салаға 47 миллиард теңге жұмсалды. «Балапан» бағдарламасы бойынша 27 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға беріліп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала бақшалармен және шағын орталықтармен қамту 89,5 пайызға дейін ұлғайды.
Жалпы білім беретін орта мектептерде орын жетіспеушілігі мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. 2014 жылы 4 мектептің құрылысы аяқталды. Целиноград ауданының Тайтөбе елді мекенінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуымен биылғы жылы үш ауысымдық оқу мәселесі түбегейлі шешілетін болады. Облыста апатты жағдайдағы мектептер жоқ.
2014 жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға облыстық бюджеттен 24,6 миллиард теңге бөлінгені атап өтілді. Мұның өзі облыстық емдеу мекемелері үшін 170-тен астам құрал-жабдық,  6 реанимобиль, 5 жедел жәрдем көлігі, 7 санитарлық автокөлік сатып алуға мүмкіндік берді. 4 дәрігерлік амбулатория,
7 дәрігерлік пункт пайдалануға берілді. Биыл бұған қоса,
2 аудандық емхана, Жарқайың ауданында 70 орындық емханамен біріктірілген аудандық
аурухана ғимаратының құрылысы жүргізілмекші.
Облыс әкімінің есебінде осылайша «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуымен бірге, салауатты өмір салтын қалыптастыру үрдісі де баса сөз болды. Облыс тұрғындарын спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жұмылдыру үшін спорт инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын аудандарда кемі 2 жүзу бассейні мен 1 дене шынықтыру кешені пайдалануға берілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 212 миллион теңгеге 7 мәдениет ошағының жөндеуден өткізілгені де аз шаруа емес. Өткен жылдың маңызды жаңалығының бірі Елбасының қатысуымен ашылған Көкшетау қаласындағы жаңа Достық үйінің ғимараты. Оның негізгі жұмысы этносаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына бағытталған.
Бүгінгі таңда Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасының бірінші кезеңі орындалды. Қазіргі уақытта  екінші кезеңі жүзеге асырылуда. 2014 жылы осы мақсатта 3,9 миллиард теңге қаржы игеріліп, Бурабай кентінде кәріздік тазарту қондырғыларын, бу қазандығын, жылу беру жүйесін жаңарту және жол жөндеу құрылыстары бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды. Баяндамада аталып көрсетілгендей облысымызда туризм саласы тек Щучинск-Бурабай курортты аймағымен ғана шектеліп отырған жоқ. Бұл орайда, өңірдің табиғаты көркем басқа аумақтары қарқынды дамытылуда. Мұның өзі Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық арнайы көрмесін өткізудің қарсаңында аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі таңда Целиноград ауданында «Этно-Ауыл» мәдени-туристік кешенін құру бойынша осы жобаға ин-вестиция тарту мәселесі де оң шешімін табуда.
Облыс әкімінің баяндамасында осылайша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға, тиісті салалар бойынша әлі толық шешімін таппай жатқан мәселелерге кеңінен талдау жасалып, әр деңгейдегі әкімдердің, ведомс-тволар мен басқармалардың басшыларының алдына Елбасы Жолдауынан және Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді дәйектілікпен шешу жөнінде үлкен міндеттер қойылды.
– Өздеріңіз баяндамадан аңғарғандарыңыздай, өткен 2014 жылы облыста халықтың әл-ауқатын арттыру, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ілгері апару тұрғысында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бірақ, мұнымен тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға ешбір болмайды. Осыны барынша түсіне отырып, 2015 жылы да ақмолалықтар ел сенген биіктерден көрінетініне, сөйтіп, ортақ істен өз күш-жігерлерін аянбай, тәуелсіз Қазақстанымыздың, соның ішінде сүйікті өңіріміздің әлеуеті мен күш-қуаты арта түсуіне  аянбай үлес қосатынына сенім мол,–деді өз баяндамасының соңында облыс әкімі Сергей Кулагин. Осы сенімнің айғағындай, жарыссөзге шыққан шешендердің де сөздері жақсы ой-пікірге толы болды. Мәселен, Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов өткен жылды
аудан еңбеккерлері айтарлықтай табыс-тармен аяқтап шыққанын жеткізді. Алға қойылған барлық тапсырмалар орындалып, жалпы алғанда 16 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ауданда үш асыл тұқымды мал фермасы бар. Соның арқасында былтыр 120 миллион теңгенің асыл тұқымды малы сатылды. Индустрияландыру картасы бойынша астық кептіргіш қондырғылар шығаратын завод ашылса, биыл Каменкада құс фабрикасы салынатын болады. Осының бәрі Елбасының тапсырмалары бойынша Үкімет пен облыстың жанды көмегінің арқасында іске асырылуда. Биыл да үш мектепті күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Бұдан кейін сөз алған Целиноград ауданындағы «Ақтық» Агрофирмасы» АҚ төрағасы Марат Қамзебаев  облыс әкімінің өткен кезеңде атқарған жұмысына оң баға бере келіп, Ақмола облысының республикамызда аграрлық салада, жедел дамып келе жатқан өнеркәсіп саласында болсын елеулі орын алатынын атап өтті. Облыстық әкімдік өз жұмыс бағытын дұрыс таңдап отыр. Осыны біздің ауданның мысалынан көруге болады. Ауданда жаңа мектеп, бала бақша, басқа да әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Халық саны да екі есе өсті. Талапкер, Воздвиженка ауылдарының арасындағы жол мәселесі ондаған жылдар бойы шешілмеді. Жаңа облыс әкімі келгеннен кейін үш айдың ішінде екі аралыққа бес шақырым асфальт төселді. Өте ризамыз. Тек асыл тұқымды мал өсіруде субсидия беру жүйесі көңілге қонбайды деді шешен. Бұл орайда, облыс әкімі сөз алып, таяуда осы мәселе бойынша арнайы жұмыс кеңесі өткізілетіндігін мәлімдеді.
Бұдан әрі облыс орталығындағы «Тыныс» АҚ бас директоры Мұхтар Керейбаев сөз алды. Ол 55 жыл тарихы бар зауыттың бұл күнде «Қазақстан-Инжиниринг» ҰҚ» құрамына кіретіндігін айта келе, кәсіпорындағы оң өзгерістерге кеңінен тоқталып өтті. Былтыр зауытта 6,6 миллиард теңгенің әртүрлі өнімдері шығарылып, 2013 жылғы көрсеткіш 30 пайызға асыра орындалыпты. Биылғы меже – 7,5 миллиард теңгенің өнімін шығару. Зауыт табысы бес жылда 20 есе өскен. Бұл 700 миллион теңге таза кіріс деген сөз. Қазір мұндағы жұмыс орны 296 адамға көбейіп, бір мыңға жуықтап қалды. Өткен жылы шойын құю цехы, матаға жатпайтын материалдар цехы іске қосылып, екі ірі жоба жүзеге асырылды. Зауытта жұмысшыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер ауқымы да кең. Сондықтан, кәсіпорынның биыл Елбасы қолынан «Парыз» сыйлығын алуы да заңды. Осы жетістіктерінің бәріне елімізде, облыста шағын және орта бизнеске көрсетіліп отырған жанды көмек-қолдаудың арқасында қол жеткізілуде.
Баяндама бойынша келесі болып сөз алған облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов денсаулық саласында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді. Облыста осы жұмыстарды ілгері апаруға зор көңіл бөлінуде. Соның арқасында жалпы өлім-жітім 5,9 пайызға, сәбилердің шетінеуі 3 пайызға кеміп отыр. Саланы дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту басым бағыттардың біріне айналған. Соңғы үлгідегі жабдықтармен жүрекке күрделі операциялар жасауға қол жеткізілуде. Жаңа әкім келгелі көп жылдар бойы шешілмей келген кадрлар мәселесін шешудің де оңтайлы жолы табылды. Биыл 170 түлек медициналық оқу орындарына оқуға түспекші. Олардың 70-і облыс әкімінің грантына оқиды. 36 пәтерлік қызметтік үй де салынуда. Осыны айта келіп, шешен салаға жасалып отырылған қамқорлық үшін алғысын білдірді.
Аршалы ауданындағы Вячеслав орта мектебінің директоры
Татьяна Немцан өз мектептерінің шағын комплектілі мектепке жататынын, бірақ, соған қарамастан, мұнда «Ақбота» қоры мен энергия, жылу, су көздерін үнемдеуде үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар балаларды жас-тайынан қолда бардың қадірін білуге үйретеді. Аталған қор жемісті жұмыс істеп, жан-жақтан өз жетістіктерін көруге келген меймандарды қабылдап отырады. Мұндағы күн көзі батареясын қолдану сияқты жұмыстар ЭКСПО-2017 көрмесінің мақсат-мүддесімен де үндес. Осының бәрі облыстағы жаңашыл жұмыстарды көрсетеді.
Жарыссөзде сөйлеген Қазақстан коммунистік халықтық партиясы Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов Елбасының Нұрлы жол жаңа экономикалық саясатын халықтық коммунистердің қолдайтындығын жеткізді. Облыста жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, әлеуметтік мәселелер оң шешілуде. Бұл өңір басшылығының халықпен бірлесіп, осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, назар аударатын әлеуметтік мәселелер де бар. Мәселен,  коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтер, азық-түлік бағаларының қымбатшылығы үнемі назарда болуы керек. Шешен сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы модернизациялау бағдарламасының олқылықтарына тоқталып, облыс орталығының іргесіндегі Станционный кенті тұрғындарының өздерінде дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, балалар алаңдарының аздығы туралы өтініш-тілектерін де жеткізді.
Осыдан кейін жарыссөз тоқтатылып, облыс әкімі есеп беру кездесуіне қатысушылардың жазбаша және ауызша сауалдарына жауап беруге көшті.

 

 

Көптің ортақ бағасы жақсы

 

Бақыт МОЛДАЖАНОВА, Ерейментау қаласындағы Төлеу Шаханов атындағы №3 мектептің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Жаңа ғана облыс әкімі Сергей Кулагиннің есебін тыңдадық. Облыстың өткен жылғы тыныс-тіршілігі жан-жақты сараланып, атқарылған жұмыстар пысықталып, бүгінгі күн биігінен баға беріліп, алдағы назар аударатын асқаралы міндеттер жүйеленді. Тұтас облысымыздың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қолмен ұстағандай нақты айтылды. Шынында да, облыста атқарылып жатқан іс ұшан-теңіз екен. Төрткүл дүниені дағдарыстың дауылы теңселтіп тұрғанда, облысымызда тұрақтылық пен ілгерілеудің болуы сенімімізді молайтып, жігерімізді шыңдай түсті.   

 

Елебек ИСАТОВ, Жарқайың ауданындағы «Арка К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Жалпы,  әлемдегі қаржы қиындығына қарамастан, алдағы уақытта  өндіріс көлемін арттыру мақсатын ұстанудамыз. Қайта, жаңа жұмыс орындарын
ашпасақ,  оны қысқарту жайлы сөз болуы мүмкін емес. Мұны Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық шаруашылық жүргізуші кәсіпорындарға міндеттеді ғой. Қазіргідей жаһандық экономикада қиындықтар туындап жатқанда біздегі жағдайдың көш ілгері екеніне тәубе дейміз. Сондықтан, өңір басшысы өз баяндамасында  жан-жақты айтып, міндет ретінде қойып отырған тапсырмалар ойдағыдай орындалады деген ойдамын. Оған өзім басқаратын кәсіпорын да сүбелі үлес қосатынына сендірер едім.

 

Әділбек ОМАРОВ, Есіл ауданындағы Свободный селосының әкімі:
– Қазір ауылымызда мәдениет үйінің құрылысы мен орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы аталған әлеуметтік нысандардың тұрғындарға берер пайдасы зор. Өңір басшысы Сергей Кулагин атап өткендей, облыс азаматтарының сауатты болуын әрі олардың рухани тұрғыдан дамуын назардан шығармау қажет.
Жалпы алғанда, облыстың барлық әлеуеті ұтымды пайдаланылып, өткен 2014 жыл табысты болды. Ендігі меже қол жеткен осы жетістіктерімізді еселей түсіп, әр істе кемшін тұстарды болдырмау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы басым бағыттарды негізге ала отырып, экономикасы мықты, iргесi   мығым елді орнықтыру  қажет.

 

Сәндібек СЕМБИЕВ, Аршалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
– Облыс әкімі Сергей Кулагиннің жылдық қорытынды есебі көңілден шыққанын баса айтып өтуге болады. Ол барлық мәселелерге кеңінен тоқталып, алдымызда тұрған негізгі міндеттерді саралады. Әсіресе, кешенді алдын алу шаралары мен емдеудің заманауи тәсілдерін енгізу нәтижесінде саланың  даму көрсеткіші жақсара түскені орынды атап көрсетілді. Осы орайда, біздің аудан бойынша медицина саласында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт ашылды. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 18 миллион 300 мың теңгенің сандық флюроаппаратын сатып алдық.

 

Жандәулет ҚЫЛЫШБАЕВ, Астрахан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Облыс әкімі өз сөзінде былтыр өңірлерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында 439 жас маманның келгендігін, биыл тағы осыншама жас бағдарлама қатысушысы болады деп күтіліп отырғандығын айтты.  Біздің ауданға да келіп, еңбек еткілері келетіндер баршылық. Соларды барынша ынталандыру мақсатында өңірде екі көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде кадрлардың жиі ауысуын тежеп, талапты жастарға жағдай жасауға жол ашар еді.
Елорданың маңында орналасқандықтан, ауданымыздың әр салада мүмкіндігі жоғары. Міне, дәл осы әлеуетті дұрыс пайдалануға жастардың жоғары белсенділігі керек-ақ. Біздің ресурстық орталық осы бағытта белсенді жұмыс істеуде.

 

 

Кездесуде облыс әкіміне қойылған
сауалдар мен берілген жауаптар

 

– Державинкада тұрғын үй құрылысы жүргізіле ме?
– Қазірдің өзінде мұндағы әскери қалашықтың есебінен 5 үй қайта қалпына келтірілді. Тағы бір 175 пәтерлік үйге құжаттар дайын. Оған қоса Есілде екі үй саламыз.
– Зеренді ауданындағы Березневка, Заречный ауылдарында су жоқ.
– Мұның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Республикалық бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінуі тиіс. Соның уәде етілген 300-350 миллион теңгесі биыл түссе, жұмысты бастаймыз.
– Мен Зерендіден келдім. Әділетсіздіктен жапа шегіп жүрген жанмын. Бірнеше ай бойы облыс әкіміне кіре алмай қойдым. Екінші сауалым, ауданда соңғы уақытта үш әкім ауысты. Неге жиі ауыса береді?
– Сауалыңыз орынды. Келген адамдарды біз қабылдауымыз керек. Бірақ, көбіне жұмыстың жайымен аудандарға шығамыз. Зерендіде де алты рет болдым. Сонда келсеңіз қабылдайтын едім.
Ал, екінші сауалға келсек, алғашқы әкімдеріңіз Целиноград ауданына жоғарылап кетті. Екіншісі қызметінен денсаулық жағдайына байланысты босатылды. Үшінші әкім тұрақтап жұмыс істейді ғой деп ойлаймын.
Щучинск қаласынан жеке кәсіпкер Жукова:
– Қаламыздағы мәдениет үйі қайта қалпына келтіріле ме?
– Мен оны осында он жыл бұрын әкім болғанда жөндегім келген. 450 миллион теңге қаржы да бөлгеміз. Жобалау-сметалық құжаттамасы да болған. Өкінішке орай, соңғы көргенімде сол күйі қирап тұр. Апатты жағдайда болмаса, келесі жылы жөндейміз. Биыл бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамасына 20 миллион теңге қаржы қарастырдық.
– Биылғыдай мерекелі жылы облыс орталығында қандай шаралар өтеді?
– Кең ауқымда көптеген шаралар қарастырылған. Олардың бәрі жоғары деңгейде, талапқа сай өтеді деп ойлаймын.
– Астана-Қорғалжын тас жолы қашан жөнделеді?
– Нақты айту қиын. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Жартысы күрделі, жартысы ағымдағы жөндеуден өтетін түрі бар. Жалпы алғанда, бұл жолдың отыз шақырымы жөнделген. Енді жолды толық жөндеп бітіру барлық деңгейде қарастырылу үстінде.     
– Баяндамада да айтылды ғой, дегенмен, көктемгі су тасқынының зардаптарын жою жөнінде Атбасар ауданында не істелгенін толығырақ айта кетсеңіз?
– Елбасының тапсырмасымен бірден комиссия құрылды. Оқиға орнына Үкімет басшылары келіп, жағдаймен жан-жақты танысқаннан кейін 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде 6 көпқабатты үй салынып, үш жүзден астам үй жөндеуден өткізілді. Жуырда Атбасарда болғанымда, ең бірінші және ең соңғы пайдалануға берілген үйлерде болдым. Бәрі  өздеріне жақсы жағдай жасалғанын айтып, риза болуда. Әрине, үйлердің бірін пайдалануға бергенде азды-көпті кемшіліктер орын алғанымен, кейін түзетілді.
– Бурабай ауданында аяқталмаған су құбыры жүйесінің жұмыстары туралы білейін деп едім.
– Бұл мәселе кезінде облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің алдына да қойылды. Жобалау құжаттарына қосымша 12 миллион теңге қаржы бөлдік. Жоба дайын болған соң, бітіреміз.
– Облыс орталығында газ балондарының жарылу оқиғалары орын алуда.
– Осы тұрғыда, қазір біздің алдымызға қойып отырған басты міндет газгольдерлерді қалпына келтіріп, лифтілерді жөндеу. Көкшетауда мұндай газгольдерлердің 140-ы жекеменшіктің қолында, қалғаны коммуналдық кәсіпорындар балансында. Былтыр оларды жөндеуге 100 миллион теңге бөлінсе, биыл 250 миллион теңге бөлініп отыр. 2014-2016 жылдары толық қалпына келтіреміз деп ойлаймыз.
– Бурабай ауданында басқа
аудандармен салыстырғанда спорт жабдықтары мен алаңдары аз салынады. Халық спортпен шұғылданайын десе, бәрі жекеменшіктің қолында.
– Тек өткен жылы ғана Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы, биатлон, трамплин базалары салынған. Сіздің көтерген мәселеңізді де бақылауға аламыз.
Целиноград ауданынан Жанат Түгелбаев:
– Қояндыда тағы да заңсыз жер телімдерін иелену көріністері байқалуда.
– Бұл жөнінде халыққа дұрыстап түсіндірдік. Кезінде 195 жер телімі заңсыз берілген. Оның 45-і коммуникациялық жүйелер өтетін жерлерде тұр. Бұлар сырылады. Заңды құжаттары болмаса, мұндай жер телімдері қайтарылып алынады.
– Жарқайың ауданындағы жергілікті Санай тау-кен байыту комбинатының жағдайы не болып жатыр?
– Алдағы уақытта Қытай Халық
Республикасында болатын жұмыс сапары кезінде меморандумға қол қойылса, іс ілгері жылжиды. Бұл комбинаттың аяғынан тұруына 1,1 миллиард доллар қаржы қажет. Ал, жалпы, оның іске қосылуымен бес мың жұмыс орны ашылатын болады.  
Облыс әкімі Сергей Кулагин мінбеде тұрып, залдан қойылған барлық сауалдарға тұшымды жауап қайтарғаннан кейін өзіне  жазбаша жолданған сауалдарға да осылай нақты жауап берілетіндігін жеткізді. Сөйтіп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің өткен жылдың қорытындылары мен биылғы жылдың міндеттері туралы халық алдында берген есебі қалың жұртшылықтың ойынан шығып, көпшілік әкімнің өткен кезеңде атқарған жұмысына жақсы баға берумен және ертеңгі күнге деген зор сеніммен тарқасты.  
«Арқа ажарының» тілшілер тобы.
Суреттерді түсіргендер Төлеген Қосшығұлов, Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Әкім: халық алдында жауаптымын!

 a2014 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру  кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған 172 ұсыныс-тілек пен сын-ескертпе атқарушы органдардың назарында ұсталса,  олардың 137-сі  бүгінгі күнге дейін орындалды. Ал, 31-інің шешімі белгілі бір уақытты керек ететіндіктен, қазіргі кезде бақылауға алынып, орындалу үстінде.
aБиыл облыс бойынша өткен 687 есеп беру кездесулеріне 80 мың тұрғын қатысты. Осы кездесулерде көтерілген мәселелердің 28 пайызы жол қатынасына, 23 пайызы ауыз су, 19 пайызы тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар