Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке мен бауыр, хабарсыз кетті, сол ауыр... - АРҚА АЖАРЫ

Әке мен бауыр, хабарсыз кетті, сол ауыр…

 Өмір деген ескен желдей, шапқан аттай зымырап, білінбей өте шығады екен. Ат ауыздығымен су ішкен, ер азаматтар етігімен қан кешкен, ананы жесір, баланы жетім еткен қанқұйлы фашизмнің соғыс өртінің басылғанына да жетпіс жыл болып қалыпты-ау. «Әкем өлді дегенше асқар тауым құлады, анам өлді дегенше бағар бұлағым суалды десейші» деген екен баяғыда бұрынғылар. Міне, өксумен, өкінумен өткен сол жастық шақты еске алмау, біздер, кейінгі ұрпақ үшін кешірілмес үлкен күнә сияқты.

  Әкем Егізбай Құсбекұлы 1901 жылы бұрынғы Омбы уезіне, кейін Көкшетау облысы, Қызылту ауданына қараған Дәуіт-Жантай жерінде туған. Сол ауылда қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та дүниеге келіпті. Жантай – әкемнің ұлы атасы. Атамыз Құсбектен жеті ұл, үш қыз бала болыпты. Әкем Егізбай аты айтып тұрғандай, егіздің сыңары, ең кенже баласы. Басқа балаларына қарағанда оқуға зерек, ақ жарқын, өнерге бейім, домбыра, сырнаймен ән салғанда Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтардан кем емес-ті. Әрі сал-сері  болған, жеңгелері «сал жігіт» дейтін. 1923 жылы Үміт Шәменқызымен шаңырақ көтеріп, отау тігеді, ол кісілерден төрт ұл, үш қыз болған. Әкем Егізбай кешегі тар заман, зар заманда адасқанды жолға салған, тарыққанға қамқор болып, қол ұшын созған. 1931-32-ші жылдардағы ашаршылықта қауымдасып, қоғамдасып, ағайын-туыстарын нәубеттен аман алып қалыпты. 1937 жылдары қазақтың кемеңгер азаматтарын, ел басқарған ерлерді «халық жауы» деп жазықсыз жала жауып жатқан кезде, ол кісіні де «бидің тұқымы» деп көрсеткендер болыпты. Одан әйтеуір, өзінің адалдығы, ақылгөйлігінің арқасында аман қалған екен. 1938-1939 жылдары «Молотов», «Үлгілі» колхоздарын басқарады, жұмысты жақсы істеп, әрі коммунист болған соң, 1940 жылы Қызылту ауданындағы май зауытының директорлығына тағайындайды.
Сөйтіп, асқар таудай әке, ағар бұлақ ана, аяулы қарт әжеміз бар, ел қатарлы өсіп-өніп жаттық. Ата-анамның тұңғышы Әйкен Егізбайұлы 1924 жылғы, одан кейінгі балалары тұрмапты, мен 1928 жылғымын. Кейінгі інімді де сол бақилық болған немерелерімнің төлеуін төледі деп атын Төлеген қойған. 1941 жылы неміс фашистері бейбіт жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс өрті тұтанды да, сол жылдың желтоқсан айының 15-інде әкемді әскерге шақырып, анам Көкшетауға шығарып салуға кетті. Ол кезде Қызылту ауданында тұратынбыз. Мен 14 жаста, інім Төлеген 4 жаста ботадай боздап, жылап қала бердік. 1941 жылы бауырым Әйкенді де әскерге шақырып, жассың деп бір жылға қалдырып, келесі 1942 жылы мамыр айында қайта әкетті. 1943 жылдың жазында «2-ші Украин майданында Днепр өзенінің жағасында, бір Алланың панасында майданға кіргелі тұрмыз» деген соңғы хаты келді. Содан кейін хабарсыз қалдық. Әкем Егізбай алғашқы бетте әскери міндетін Сталинград қаласында атқарып тұрды. Анам 1943 жылы әкеммен бірге болған жолдастары елге демалысқа келіп, солармен әкеме барып келді. Хат-хабар алып тұрдық. Ел-жұртқа, қарттарға артта қалған біздерді тапсырып, әнге қосып, хат жолдайтын-ды. Оны да әнге салып айтып жүрдік.
Әуелі сөз бастадым мен осылай,
Жәрдемші бізге болсын жәббәр құдай.
Хат жазып, хат күтуші бауырларың,
Белгілі туыстарың мен Егізбай,–
деген қоштасу сөзі екен бұл. Айтып, айтпай не керек, сұм соғыста осылай екі бірдей боздағымыздан айырылып, шаңырағымыз шайқалды да қалды.
Қайтадан ата қонысымыз Дәуіт-Жантай ауылы «Жаңажолға» оралдық. Анам екі жетім баласы үшін түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмейді. Киер киім, ішер тамақ жоқтың қасы. Жазғытұрым елдің күн көріп отырған бірлі-жарымды сиырларын соқаға жегіп, жер жыртып, егін егеді, ми қайнар ыстықта шөп шабады, біз тырнауыштың басына мініп, шөп жинаймыз. Қыстың қақаған аязында колхоздың малын бағамыз. Міне, балалық бал дәуреніміз сойқанды жылдардың азабымен осылай өте шықты. Өкініштісі сол, сорлы анамның еңбегі еш болды. Құдай қосқан қосағы, жан жары әкем Егізбайдан 1944 жылғы қазан айында герман жерінде хабарсыз кетті деген, қара қағаздан басқа хабар ала алмай, пұшайман болды. Тұла бойғы тұңғышы Әйкенмен де солай. Ендігі тілегі мен тірегі біз едік. Мен болсам, «оты басқаның түтіні басқа» дегендей, 1947 жылы Нұртай Әйтімбетов деген асыл азаматпен шаңырақ көтеріп, тұрмыс құрдым. Әкеден төрт жаста жетім қалған  інім Төлеген ер жетіп, көңілі қаяу анама сүйеу болды ма дегенде 35 жасында ол қайтыс болды.
Екі бірдей боздағын кебенек кигізіп аттандырып, жалғыз ұлы Төлегенді өз қолымен кебінге орап, артында зарлап, мұңды ана, сорлы ана қала берді. Баласының басына тасын орнатып, жанынан өзіне орын қалдырып, менің қолымда 1985 жылы шілде айында дүниеден өтті. Анам Үміт қартайған шағында көрген қайғы-қасіретін, іштегі шерін домбыра арқылы сыртқа шығарып, өз әнімен өзін жұбатып, тыңдаушысын жылатып, өкініші мен өксігін басушы еді. Тірлікте пешенеңе не жазса, жақсысына да, жаманына да көнесің. Әйтеуір, үш бауыры, нағашыларым Қыдырбай, Сәдірбай, Кәрібай Шәменовтардың сол қанды қасаптан аман-есен оралғандары дәтке қуат.
 Құдай қосқан қосағымның ерінбей еткен еңбегінің арқасында еліміздің біртуар азаматтары Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбековпен үзеңгілес, дәмдес болдық. Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, 67 жыл бірге отастық. Бірақ, асқар таудай әкеге, жаны бір бауырға кім жетсін. Қызылтуда соғыстан оралмай, опат болғандарға арнап орнатылған құлпытаста әкем Егізбай Құсбеков, бауырым Әйкен Егізбаев екеуінің аттары жазулы тұр. Ал, енді бұрынғы Көкшетау облысының «Боздақтар» кітабында ол кісілердің есімдері жоқ. Осыдан келіп қазақта бар «жоқтаушысы жоқ қыз жетім, аққу, қаз қонбаған көл жетім» деген нақыл сөз тап біздің әулетімізге арналғандай.
Біздің өміріміз үшін зұлым жаумен арпалысып, опат болған әкем мен бауырымды қалай ұмытайын. Ғұмырдың көбі кетіп, азы қалған уақытта шынымен, аттары аталмай қалады-ау деп, қарт жүрегім қан жылайды. Ендігі үмітім Ұлы Жеңістің  70 жылдығына орай шығатын Ақмола облысының жаңа «Боздақтар» кітабында. Әкем мен бауырымды майданға бұл күнде көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Қызылтудан кетті демей, бүгін бар, ертең жоқ өлмелі, көзі тірі ұрпағы, мен Көкшетау қаласында тұрып жатқан соң, осы кітапқа енгізер деп ойлаймын. Кәрілік қарға адым шығармай отырғанда тағы қай қиянға барып ізденемін?!. Міне, «Арқа ажарына» жазып отырған хатымның соңында облыстық ардагерлер кеңесі  мен облыстық әскери комиссариатқа айтар аналық базынам осы.

Зейнілғарап ЕГІЗБАЙҚЫЗЫ,
ардақты ана, тыл еңбеккері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар