«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізіп, келген мәселелеріне назар аударды.
Жалпы қабылдауға жеті адам жазылған болатын. Алғашқы болып кірген 2 топтағы мүгедек Қадырақын Әділжанов жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінді. Зейнетке шығуына сәл-ақ қалған егде жастағы азамат осы мәселенің түйінін шеше алмай жүргенін жеткізді. Оның қамқорлығында арнаулы орта оқу орнын тәмамдаған қызы мен уақытша жұмыссыз жұбайы да бар көрінеді. Отбасында тұрақты табыс көзі болмаған соң кездейсоқ табыспен күн көріп отыр. Бұл мәселе жөнінде жұмыспен қамту орталықтарына ұсыныс жасалып, Қадырақын Әділжановқа көмек көрсетуде барлық амалдардың қарастырылуы тапсырылды.
Краснояр ауылының тұрғыны Елена Давыдова патронаттық тәрбиеге алған екі баласын қамқорлыққа алу мәселесінің әлі қаралмағанына наразылығын айта келіпті. Өз тарапынан құжаттарды рәсімдеу бойынша азаматша барлық міндеттемелерді жүзеге асырыпты. Алдағы уақытта бұл мәселе басты назарға алынып, өз шешімін табатын болды.
Ал, Көкшетау қалалық емханасының отоларинголог дәрігері Гүлнәр Сұлтанова Зеренді аудандық емханасының бас дәрігері Б.Жанғаловтың үстінен шағымданды. Оның айтуынша, бас дәрігер оған қатаң сөгіс жариялап, одан кейін жұмыстан шығуын талап еткен. Ол бұл мәселеде кінәсіз екенін айтып, аталмыш жағдайды еңбек инспекциясының тексеру қажеттігін алға тартты. Бұл өтініш бойынша сөгістің заңсыз екені анықталып, мәселенің бүге-шүгесі мұқият зерделенетіні айтылды. Сонымен бірге, бір топ зейнеткерлер «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында көпқабатты үйге күрделі жөндеу сапасыз жасалғанына арызданды. Облыс орталығының тұрғыны Асқар Балтабаев марқұм әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Сопал Балтабаевтың қайтыс болғанынан кейін жекешелендірілмеген екі бөлмелі пәтерді өздеріне қайта бөлу тұрғысында мәселе көтерді.
Тұрғындарды толғандырған осы мәселелердің бәрін «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өз бақылауына алатынын айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.