Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жігіттен жігері, қатарласынан қайраты артық - АРҚА АЖАРЫ

Жігіттен жігері, қатарласынан қайраты артық

латыш қызы Қарлыкөлде мал өсіріп отыр

 Бұлақ селолық округіндегі Қарлыкөл ауылында қаршадай қыздың табын-табын мал өсіріп жатқандығы жайында Жаңаауылдағы малсақ азамат Құлан Болатовтың шаңырағында отырып естіген едік. Жігіттен жігері артық, ерден ерлігі артық осы бір жанның тіршілігін өз көзімізбен көріп, анық болса, елге үлгі етсек деген ой көкейге түйіліп қалып еді. Таяуда соның да сәті түсті. Қазақтың ел ішіндегі тіршілігі, оқшау оқиға, жағымды жаңалығы көбіне-көп дастархан басында айтылады. Сол бір жүздесуде өзі де талай шаруаның басын қайырып жүрген Құлан ағам Қарлыкөлдегі латыш қызы Лидия Карнашаускененің қажыр-қайратына таңданыс білдірген.
– Қазір ел ішіндегі ағайынның «жұмыс жоқ» деуі бекер деген, – Құлан Болатұлы. Егін ек, мал бақ, бақша отырғыз, көңілің қай салаға соқса да алдыңда даңғыл жол. Тек ойға алғаныңды жүзеге асыру үшін ынта-ықылас керек. Бірақ, онымен де алысқа бара алмайсың. Тіршілік қағазда қатып тұрған бизнестің жоспары емес қой. Көлденеңнен кезігер, қолыңды байлар, аяққа тұсау болар кедергі табыла береді. Ынтаның кеміп, ықыластың азаятыны осы тұс. Сондықтан, үйдегі ойды базардағы нарық бұзып кетпеуі үшін ынта-ықыласқа қажыр-қайрат үстемеленіп жатса, толымды болмақ. Ал, түкпі нәтижеге жету үшін өзің айналысатын істің бүге-шігесін жетік білуің шарт. Кейбір атан жілік азаматтар ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүйкесі жүн болып, тілегі кесіліп жүргенінде «Карнашаускене» шаруа қожалығының жетекшісі Лидия Александровнаның ісі, өнегесі көпке үлгі. Рас, біз алғашында сенгеміз жоқ. Өйткені, мен  мал шаруашылығын жақсы білемін. Өзім де «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қара мал алып бағып отырмын. Бейнеті шаш-етектен. Сол қыз алғашында 15 сиыр сатып алған. Ел ішіндегі кейбіреулер күлкіге айналдырды. Біреулер ертең-ақ қалады дескен. Жоқ, өздері шыбық басын сындырмаса да, біткелі жатқан істен мін тауып отыратын мінез ғой баяғы. Сол «көріпкелдердің жорамалы» жоққа шығып, шаруа қожалығы қазір мал басын көбейтіп келе жатқанға ұқсайды.
Көп ұзамай нарықтың қара дауылына қайыспай, шаруасын өрге сүйреп жүрген қаршадай қыздың тыныс-тіршілігін, бағымындағы малдың жай-күйін өзіміз барып көрдік. Табиғаты көрген жанның көзін қуантып, тамсандыратын көркем сурет іспетті Қарлыкөл ауылынан таяқ тастам жердегі бұрынғы мал фермасының кейін талан-таражға түскен, біреу бөренесін, біреу шатырын сүйреп кеткен, қираған қонысының шаңырағын қайта көтеріпті. Ұзындығы ат шаптырым, тастан қаланған мал қораларының төбесі мықты, берік қаңылтырмен әдемілеп жабылған. Жеңді білектей қарағай сырғауылдармен қора жанында күндіз мал қамайтын кең шарбақ орнатылыпты.
– Екі жүз бас қара мал бағамыз, – дейді шаруа қожалығының меңгерушісі Ерлан Есмағамбетов, – оның 150-і сауын сиыр, қалғаны бойдақ мал. Күні бүгінге дейін 25 сиыр бұзаулады, сиырлар сауылып жатыр. Әр сиырдан тәулігіне 15 литрден сүт сауамыз. Сауылған сүтті Көкшетау қаласындағы сүт зауытына литрін 60 теңгеден тапсырамыз. Өткен жылы шаруашылық қожасы Лидия Александровна сүт тасымалдайтын көлік сатып алған.
Кең қораның ішіндегі қос қанаттағы ұзыннан тартылған оттықта иісі бұрқыраған көк шөп бунақ-бунақ, бұйра-бұйра болып жатыр. Бояуының кетпегеніне қарағанда уақытында шабылып, уақытында кептірілген шөп. Баяғының шалдары нағыз бабында тұрған, иісі бұрқыраған осындай шөпті көргенде, «кісі жейтіндей екен» деп жататын. Әрине, кісі шөп жемес, құнары мен қасиетін айтқан теңеуі ғой. Кең қораның сол жақ бұрышында төлдерге арналған әлденеше бөлікке бөлінген қораның ішіндегі қоражай. Мал қорасының іші жып-жылы. Төл атаулы кішкентай кезінде сүйкімді болады ғой. Малмен көзін ашқан қазақ үшін төрт түліктің төлі отбасындағы сәби сияқты, сүйкімді. Сүтке бүйірлері қампиып тойған, иісі бұрқыраған көк шөпке оттыққан бұзаулар іштеріне арыстан кіріп кеткендей ойнақ салып жүр.
– Осы шаруа қожалығында 12 адам жұмыс істейді. Ай сайын 40-50 мың теңгеден тұрақты жалақысын алып отыр. Қарлыкөл сияқты шағын ауыл үшін бұл үлкен олжа, – дейді Бұлақ селолық округінің әкімі Оралбек Бекішев. – Біз өз тарапымыздан елдің еңсесін көтеруге бағытталған осындай жобаларға көмек көрсетіп тұрамыз.
Сиырлар қолдан ұрықтандырылады екен. Асыл тұқым. Аналық жергілікті тұқым болғанымен, бірте-бірте яғни, үшінші, төртінші төлдегенде бағымдағы малдың бәрінің тұқымы асылданбақшы. Әзірге бәрі бірдей сүтті қарала сиырдың тұқымы емес, арасында қырдың қызыл сиыры да кездеседі. Бір қадап айтарлығы, өз жұмысын осыдан алты жыл бұрын бастаған шаруашылық бағымдағы мал басын өз төлі есебінен көбейтіп келеді және бір ғажабы ешқайдан несие алмаған. Барлығын өз қаражатының күшімен атқарып жатыр. Алға қойған міндет те биік, жоспар да ауқымды. Бағымдағы 150 сиырдың төлінің есебінен болашақта малданатын мал басын мүмкіндігінше көбейтпек. Асыл тұқымды екі бұқа сатып алыпты. Қазір ғылыми негізделген, екшелген ереже бойынша бөлек бағылып, айрықша күтімге алынған.
–  Мен үшін ең басты мәселе округтегі малдың ауру-сырқаудан аман болуы. Қара малдың ішінде көп кездесетін бруцеллез ауруы бір етек жайған соң бой бермей кетеді. Істерін жаңа бастаған шаруа қожалықтары малды өзге өңірден сатып алатындықтан біз осыны жіті қадағалаймыз, – дейді округтегі мал дәрігері Дәуренбек Зәлелов. – Қазір біздің округте 1800 қара мал, жеті мыңнан астам қой, 800-ге жуық жылқы бар. Осы малдың бәрінен көктем мен күзде қан алып, бақылауда ұстаймыз.
Анау айтқандай ауыр, ауқымды болмағанымен, ішінара кездесетін қиындық та бар. Ол ең алдымен, малдың жайылымы, содан соң мал азығын дайындау. Қолда бар азықты құрама жеммен байытып беру.
– Мал азығы үшін аздап жемдік дақылдар егеміз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Лидия Карнашаускене, – алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтсақ па деп ойлаймыз. Өйткені, біздікі бойдақ мал емес, сауын сиыр ғой. Ал, «сиырдың сүті тілінде» дейді халық қағидасы. Жуырда төрт миллион теңгеге трактор сатып алдым. Алдағы уақытта да біртіндеп техниканы молайтуды жоспарлап отырмын.
Лидия Александровнаның тағы бір назы бар. Ол малшының жетіспеушілігі. Ел ішінде мол табыс табатын жұмыс көп болмаса да, білек сыбанып, мен мал бағайыншы деп ұмтылып тұрғандар аз. Осы тақырыпты әрі қаузасақ, тереңдей берер едік. Сол сәтте соңғы кезде тым етек алып кеткен еріншектік пен жалқаулықтың кісіні қарадай сары уайымға салатын көлеңкелі кейпі қылаң берер еді.
– Қазір ауыл тұрғындарының еңсесін көтеріп, мал басын көбейтуге мемлекет тарапынан зор көмек көрсетілуде. Әлденеше бағдарламалар жұмыс істейді. Оған қоса, Зеренді ауданы әкімшілігінің жанынан құрылған «Үміт» кәсіпкерлікті дамыту орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жәрдемі жөнінде бір ауыз сөз айта кетейінші, – дейді осы серіктестіктің директоры Берік Әбутәліпов: – Біздің серіктестік мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде құрылып отыр. Алғашқы бастамамыз да жаман емес. Өткен жылдың көктемінде Зеренді ауданының аумағында «МТС Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Күллі Қазақстанда, Қазақстанның төрт аймағында осындай машина-трактор станциясын құру туралы ой болып еді. Соның қысқа мерзім ішінде тек  Зеренді ауданында құрылғандығын мақтанышпен айта аламыз. Іс нәтижелі болуы үшін аудандық әкімшілік пен біздің серіктестік үлкен еңбек сіңірді. Жаңадан құрылған машина-трактор станциясы 160 миллион теңгеге техника сатып алды. Жаңадан жиырма жұмыс орны ашылды. Ұжым аз ғана уақыттың ішінде 40 миллион теңгенің көмегін көрсетті. Лидия Александровна сияқты мал шаруашылығымен айналысып жүрген шаруа қожалықтарына мал азығы дақылдарын өсіру үшін 2,8 мың гектар жерге тұқым себуге жәрдемдесті, оған қоса, 9 мың гектар бұрынғы тыңайып қалған жерлерді игерді. Алты мың гектар алқапты химиялық дәрімен өңдеп шықты. Бұл бір ғана мысал. Ал, енді мал шаруашылығы туралы айтатын болсақ, мұнда да мүмкіндік ұшан-теңіз. Өзіндік құны арзан, жыл он екі ай бойы тебінде жүретін, құны қымбат жылқы өсіру ең бір тиімді бағыт. Жылқы басын көбейтуге бағытталған «Құлан» бағдарламасы жұмыс істейді. Ал, қой өсірумен айналысқысы келгендерге «Алтын асық» бағдарламасы бар. Қазір осы екі бағдарлама бойынша Зеренді ауданы Ақмола облысындағы несие серіктестіктері арасында несиелендіруден бірінші орында келеді. Халық та осылай жұмыс істеудің тиімді екенін түсінген. Тек өткен 2014 жылы ғана шағын және орта бизнесті дамыту үшін 1300 өтініш түсті. Оның 600-і селолық округтердің үйлестіру кеңесі тарапынан қолдау тапты. Ал, «Еңбекпен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 2014 жылы ауданда 50 адам 119,4 миллион теңгенің несиесін алды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы ауданның 11 кәсіпкеріне жүздеген миллион теңге несие берді. Соның барлығы істің көзін тауып, мен жұмыс істеймін деген адамдарға нақтылы көмек екендігі айқын.
Болашақта албарынан ыбырсып жатқан бір тал қылтанақ таба алмайтын жып-жинақы, бар шаруасы қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұрған шаруа қожалығы тауарлы сүт өндіретін үлкен шаруашылыққа айналуды көксейді. Әзірге алдынан жұмыс үркіп тұрған Лидия Александровнаның қолынан бұл шаруаның келетіндігіне кәміл сендік. Өйткені, оған осыдан алты жыл бұрын осы бір істі мақсат қылып, содан нәтиже шығарып отырған еңбегі дәлел.
Мал фермасының ту сыртында, таяқ тастам жерде қалың орман. Бергі шетте тақияның шетіндегі шаштай болып үрке қонып, үдірейе өскен қайың-қарағайы аралас шоқ өсіп тұр. Жоқ, қарағайы жалғыз, қалғаны жатаған бойлы, тырбық қайың. Қарағайдың тамыры тармақталып жер бетінде өседі. Ал, осы жердің төл ағашы қайың тамыры тереңде. Әйтсе де, бір сәт қарағайдың ұшар басы өзге тұқымдастарынан озық болып көрініп тұрды…
Суретте: Лидияға мал да бауыр басқан; ферма бақташылары; ауыл әкімі Оралбек Бекішев жақсы істердің жанашыры.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар