Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап құқықтық мемлекет құру идеясын ұстанды. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция елімізде экономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыру, қоғамды демократияландыру ісінде өзінің жасампаздық әлеуетін танытты.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі, басты нормативтік актісі. Конституция қоғамдық өмірдің барлық салаларын өз нәрімен сусындататын зор ауқымды саяси-құқықтық күшті бойына жинақтаған.
Ол мемлекеттік және қоғамдық құрылысты, оның болашаққа бағытталған қызметінің қағидаларын белгілейді. Онда адамдар мен азаматтардың, мемлекеттің қайнар көзі және әлеуметтік негізі ретінде бүкіл халықтың конституциялық мәртебесі жария етілген. Конституция тек конституциялық құқықтың ғана емес, сондай-ақ, ұлттық құқықтың барлық салаларының да негізгі арнасы.
Конституцияның алғы сөзіндегі «Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп жазылған ұғымның астарында терең мағына жатыр. Өйткені, Қазақстан халқының тарихи тағдырының бірлігі ел аумағында көптеген ұлт өкілдерінің жүздеген жылдар бойы бірге тұруы нәтижесінде қалыптасты. Себебі, оларға әртүрлі кезеңде, әртүрлі жолдармен біздің елімізге қоныс аударуына тура келді. Тумысынан қонақжай әрі бауырмал қазақ халқы оларға құшағын айқара ашты. Бірлік пен татулықтың арқасында қазақстандықтар бірлесе отырып, елдің тәуелсіздігін қорғады, жеңіс үшін майданда қатар жүріп ерлік көрсетті. Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың адамдары бірауыздан қолдап, бір кісідей мойындады және олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін көрсетті.
Елбасымыз айтып өткендей, Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Француз ойшылы Шарль Монтень: «Ең жақсы мемлекеттік құрылым – бұл халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған құрылым» екенін атап өткен. Негізгі заң халыққа түсінікті де мағыналы түрде баяндалған. Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады. Аталған құжат осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығарып, тату тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады.
Оның айқын дәлелі, елімізде қазіргі таңда 140 этнос пен 46 діни қауымдастық келісім мен достықта өмір сүріп жатқаны дер едік. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар – бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мемлекеттік институттардың мызғымастығы. Бұл жетістік Конституцияның арқасында екені сөзсіз. Елімізде халықтың барынша басым қолдауы жағдайында күшті президенттік билік орнықты. Мемлекеттің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конституциялық қағидаттар негізінде шешілді. Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңес маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстандық Заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің сенімді кепілі. Конституция қоғамның демократиялық әлеуеті өсуінің сенімді негізі болды. Бұл – көпұлтты халыққа, оның тілдері, діндері мен мәдени қажеттіліктері туралы қамқорлық. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарын – теңдестірушілікті, салиқалылықты, достастық қатынасты, көпвекторлықты орнықтырды. Конституциямыз барлық адамдардың теңдігін, құқықтарының біркелкілігін қамтамасыз етеді.
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Ата Заңымыз қабылданған сәттен бастап, тәуелсіздік Туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік. Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік.
Ата Заңымыз – еліміздің басты тарихи құндылығы. Ол – Гимн, Ту және Елтаңба сияқты халықаралық қоғамдастықта біздің мемлекеттілігімізді мойындататын негізгі құжат. Ата Заңымыздың 20 жылдығын лайықты атап өту мақсатында тарих қойнауына кеткен жылдың аяғын ала мемлекеттік деңгейде қызу жұмыстар қолға алынуда. Елдің бірлігі мен мызғымас татулығының нышанына айналған Конституцияны құрметтеу – патриоттық парызымыз!
Құралай ЖҰМАБАЕВА,
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті «Заңтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, Динара МҮСІПОВА,
«Заңтану» мамандығы бойынша 2-курс магистранты.