Елбасының Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтыру жөнінде Үкіметке бірқатар тапсырмалар беруі қарапайым халықтың көңілінен шыққаны анық.
Мен өз басым ауылдық округ әкімі ретінде өңірде Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған және жоғарыдағы отырыста сөз болған әр міндет өзіміздің селолық округ аумағына да толық қатысты деп білемін. Бұл біздің, атқарушы органдардың халық алдында мойнымызға алған міндеттеріміз. Осы мақсатта жергілікті билік пен шаруа қожалықтарының басшылары арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әлеуметтік нысандарды қолдау, елді мекендерді ұқыпты ұстау, тұрғындардың әлеуметтік қамсыздандырылмаған топтарына көмек көрсету сияқты мәселелерді оңтайлы шешуге тырысудамыз. Әсіресе, ауылдық округ аумағында абаттандыру жұмысы ауқымды жүргізіліп келеді. Қыста көшелерді қардан тазалау жұмыстары да еш кідіріссіз атқарылуда. Ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстары да бақылауда. Бұл мақсатқа «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бо-йынша 1847,0 мың теңге бөлінген. Осының бәрі «Нұрлы жол» бағдарламасында айқын көрініс тапқан.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы отандық машина жасау саласын, отандық экспорттаушыларды қолдау, шағын және орта бизнес субъектілерінің инфрақұрылымын жетілдіру, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау бойынша шараларды жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл әлемдегі экономикалық дағдарысқа қарамай, мемлекет өзінің халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемесін орындаудан бас тартпайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеп отырғандай. Сонымен қатар, бұл біздің еліміздің экономикасының ауыр сынақтардан өтуге дайын екенін білдіреді. Әрине, бұл орайда көп мәселе Үкімет пен әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне байланысты. Менің ойымша, бұл кезеңде әрбір саналы азамат өзі үшін, отбасының болашағы үшін жеке жауапкершілігін барынша жоғарылатуы керек.
Сағдат МӘМЕНОВ,
Бектау ауылдық округінің әкімі.
Шортанды ауданы.