Бурабай баурайындағы шоқ жұлдыздай ғана Жаңажол ауылында жарық дүние есігін ашқан Марал Қажыкенқызы өзгелер тәрізді менің бақытты балалық шағым деп айта алмас еді. Балалық шақ көкірегін тұз құйғандай ашытатын ащы запыран дәмімен есте қалыпты. Туғанына тура бір жыл толғанда әкесі Қажыкен небары 27 жасында дүние салған. Маңдайға жазған тағдырдың қатал сынағы тұп-тура сол күннен басталған тәрізді. Кейін де екіндідегі көлеңкедей қыр соңынан қалмай-ақ қойды.
Үйелмелі-сүйелмелі төрт баламен бар болғаны 25 жасында аңырап жесір қалған анасы жарының қазасынан кейін, араға екі жыл салып барып, ауылдасына тұрмысқа шығып, тағы да алты құрсақ көтерген. Сөйтіп, бас-аяғы он балалы отбасы болып шыға келді. Қай заманда болмасын он баланы асырау оңай болып па? Ауызға тигенін жеп, иыққа ілінгенін киіп жүріп бой жетті.
Әкеден жас қалса да, ақыл-естен бос қалмағанын сезінгенде он екі жаста еді. Сол сәтте оның аузына «сендерге ерегіскенде» деген сөз ылғи оралатын. Осы сөз намысын қамшылады. Осы сөз әлі күнге дейін жігерін жанып келеді. Қара бұлт көк аспанды қанша торласа да, шаңырақтың күлдіреуішінен түскен бозамық сәуледей, кейде одан да жарығырақ нұр шашатын тұстары болмақ. Ол жаны ізгі адамдардың жайсаң ниеті. Пейіште нұры шалқығыр екі әжесі еді жетім көңілдің жебеушісі. Біреуі Зейнеп есімді нағашы апасы, екіншісі әкесінің жеңгесі Гүлдірайхан. Одан да дәлірек айтса, кіндік шешесі Күлдір мамасы. Екеуі де жандары шуақ шашып, жанарлары мейірімділікке тұнып тұратын айрықша жандар болатын. Бүгінде Марал Қажыкенқызының өзі де әже болар жасқа жетсе де, баяғы бала күнгі асыл әжелерінің ыстық ықыласын еш ұмыта алмақ емес. Енді бір сәулелі сәт ауыл ортасындағы кішкентай ғана кітапхананың төбесінен төгіліп тұратын. Қолы қалт еткенде кітапханаға жүгіруші еді. Екі қалтасында Күлдір мамасы қайнатқан, тәттілігі тіл үйіретін ежігей құрт. Үй сыртындағы ақ қайыңдардың бауырында өскен шалғынның үстінде ежігей құртты кеміріп жеп отырып, кітап оқу ең бақытты сәті еді. Тірліктегі қоңырқай көріністен қашып құтылғысы келді ме екен, кім білсін, әйтеуір, сол балалық шақтан бастап Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларының ішінде жүретін. Тек өзіне ғана түсінікті, өзінің ғана жанына жақын ғажайып кішкентай әлемі болды. Кітаппен оңаша қалатын сол бір санаулы сәттерде бала көңілі зәулім көкті кезіп, биік-биік қияларға шарықтап шығып кетуші еді. Ғашықтығы соншалық, өңі түгіл түсінде де ұлы ағаларымен тілдесіп жүретін. Шамырқанған сырын айтатын, мөлдіреген мұңын айтатын ақылшысы да, досы да, сырласы да кітапхананың ішінде өздерінің кішкентай досы Маралды тосып тұратын.
Қасат қар жаңа-жаңа ери бастаған ерте көктем болатын. Сабақтан келсе анасы көрші Қалима апаймен шай ішіп отыр екен. Дастархан басына келіп отыра салысымен, Қалима апайдың әңгімесіне құлақ түрген. Ол кісінің айтуынша әкесі соғыстан оралмаған. Артында үйелмелі-сүйелмелі он бір бала қалыпты. Бәрін жалғыз анасы жеткізген. Қақаған қыс ішінде шелегін сүйретіп құдық басына барған байғұс әйелдің аяғы тайып кетіп, шелегі құдыққа түсіп кетеді. Жанталасып шелегін тартып аламын дегенде өзі де ернеуіне мұз қатқан құдықтың ішіне түсіп кетіпті. Төңіректе қол ұшын берер жан баласы жоқ. Әбден әлі құрып, қалжырағанда, жаратқанға жалбарынады. Шиеттей балаларының күні не болмақ, құтқар мені дейді. Сол кезде бойына беймәлім бір күш бітіп, көзді ашып-жұмғанша құдықтан қарғып шығады. Қалиманың анасының басынан өткен оқыс оқиға жайлы айтқаны осы. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейтін ертегі іспетті жағдай. Ал, Қалима апай өтірік айтпайтын адам. Демек, шындық. Дәл келесі күні бұлардың үйі де қонақ шақырған. Шақырылған қонақтардың бірі қораның есігін ашып кеткен болуы керек, бір топ қаз далаға шығып кетіпті. Қаздардың шыққанын байқап қалған екі жас үлкен апасы Жанар «тез киін, айдап әкеліп қамайық» деп құлағына сыбырлайды. Қатал шешесінің қаһарына ұшырамау үшін де қаздарды тез қайтарып әкелу керек-ті. Қолға түскенді кие сап сыртқа шыққан. Күн кешкіріп, көз байланған уақыт. Үйлерінің сыртында томар болатын, солай қарай жүгірді. Ерте көктемнің лебімен томардың орта тұсының мұзы опырылып, еріген екен. Қыс бойы су аңсаған қаздар қаңқылдап мәре-сәре. Жанар екеуі томарды айнала жүгіріп, қаздарды қуа бастады. Қаздар болса шығар емес. Бір кезде апасы томардың арғы жағында тұрып, қолын бұлғады. Бұл түсінген жоқ. Шақырып тұр екен деп ойлап, алға қарай қадам басқан. Сол-ақ екен шала еріп тұрған мұз опырылып кетіп, сұп-суық суға күмп беріп түсіп кетті. Мұздай су бірден тамағына дейін жетті. Қарманғанмен таяныш болар дым жоқ. Үстіндегі пальтоға су сіңіп ауырлап барады. Дәл осы сәтте кешегі Қалимаш апаның әңгімесі есіне оралған. Сол сәтте көк аспанға қарап, бар жан-тәнімен Аллаға жалбарына бастады. Бір мезгілде әлдебір күш су астынан көтергендей. Табанының астынан итергендей, қолтығынан демегендей. Әйтеуір, есін бір жиса, көп-көңбек мұздың үстінде шоқиып отыр екен. Содан бастап, бір құдіреттің бар екендігіне кәміл сенетін болды.
Бала күнінде сыныптастарының соңында тұратын, бойы кішкентай, әлжуаз еді. Оның үстіне қаз қуамын деп мұздай суға түсіп кеткені тағы бар. Содан не керек, бір жыл бойы Щучинск қаласындағы қазақ мектеп-интернатында оқуға мәжбүр болды. Бір қиындықтың бір жақсылығы бар. Осында алғаш рет жақсы ұстазға жолықты. Ол кезде төртінші сыныпта оқитын. Көкірегіндегі көркем әдебиетке деген құштарлығын жазбай танып, қиялын ұштаған сүйікті ұстазы Таңсық апай болатын. Кәдімгі кеңпейілді, облыс жұртшылығына есімі кеңінен мәлім Таңсық Жұрын. Бар болғаны бір жыл дәріс алса да, бүкіл өміріне сабақ болатын өнеге, білім алып үлгерді. Ауылға оралғанда екінші бір нағыз ұстазы алдынан шықты. Қарағанды мемлекеттік университетін жаңа ғана бітіріп келген Рахила Манапқызы білімімен де, тәлім-тәрбиесімен де үлгі болды. Ол тұста жетінші сыныпқа жетіп, қылтиып қыз болып қалған бұлар Рахила мұғалімнің жүріс-тұрысына, киім киісіне, тіпті, шаш қою үлгісіне де қызыға қарайтын. Ұқыптылық пен жауапкершілікті, табандылық пен еңбекқорлықты осы ұстазынан үйренді. Жаңажол ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, облыс орталығындағы қазақ мектеп-интернатына келгенде дарынды шәкірті ретінде танып-білген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қабира Әбдірахманқызы болатын. Облыстық кітапханада өтетін сан қилы оқырмандар конференциясына қатысып жүріп, әдебиет әлеміне деген сүйіспеншілігі артты. Болашақта журналист болғысы келген.
Арман қанша асқақ болғанымен, өмір өз дегенін істейді емес пе. Ұстазы екеуі діттеген журналистика факультеті де, тоқсан қыздың ішінде таңдауы түсіп тұрған актерлік студиясы да арманының алынбайтын асуындай қиядан қол бұлғап қала берді. Басқа амалдың жоқтығынан өзі екі жыл бұрын бітіріп кеткен ауылдың сегіз жылдық мектебіне дипломсыз мұғалім болып оралды. Түске дейін мұғалім, түстен кейін шешесінің орнына сауыншы. Ал, кешкілік ауыл клубында көркемөнерпаздардың ұйытқысы. Бір жылдың қалай өткенін де байқамай қалыпты. 1980 жылы анасының рұқсатымен Қарағанды қаласына оқу іздеп аттанған. Әйтсе де, ҚарГУ-дің табалдырығын екі жыл үмітпен аттаса да бағы жанбады. Әдебиет пен тарихтан бес алғанымен, шығармадан екі. Білімі жеткенімен, жазуы нашар. Жанында отырып Маралдан көшірген, бірақ, жазуы маржандай қыздың бағасы бес те, жазғандікі екі. Сол жазу әлі күнге дейін түзеле қойған жоқ.
Енді алдында екі жол тұрған. Бірі ауылға қайту, екіншісі қалада қалып жұмыс істеу. Шыңыраудың жағасында жол таппай жүргенінде әлдекімнің «рабфак» деп айта қалғаны. Бір жыл құрылыс бригадасында істесең, «рабфак»-қа түсуге болады екен. Тағы бір мүмкіндіктің жолы ашылғандай. Өзі қатарлы бір топ жастармен «Қарағанды тұрғын үй құрылысы» мекемесінде жұмысқа кірісіп кетті. Қақаған қыста аяқ-қолы домбығып жүріп, жаздың қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстығында шаң-шаң болып жүріп бір жылды өткерген. Қара жұмыстан қажып жүрсе де, кітаптан бас алмай, емтиханға дайындалатын. Енді сол бір жыл істеген жұмысын арқаланып, баяғы университетке қайтып келмей ме, сөйтсе, екі айы жетпейді. Жұмысқа кірерде алғаш екі ай бойы қалақты қалай ұстау керек, сылақты қалай жағу керек екендігін үйреткен болатын. Сол екі ай еңбек өтіліне кірмейді екен. Ақыры, құжаттарын Қарағанды мәдени-ағарту училищесіне апарып тапсырды. Қазақ тілін бір адамдай білетін, орысшасы олақтау. Енді жатпай-тұрмай орыс әдебиетін, шет ел әдебиетін оқи бастады. Тіпті, орыс тіліндегі жаңылтпаштарға дейін жаттап, тілін сындырды. Екі жарым жылдың ішінде училищенің үздік оқушысы атанды. Ақыр аяғында көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушы мамандығын алып шықты. Оқу орнында орысша оқыса да, жүрек қалауымен дипломдық жұмысын «Күй – өнер, өнер – өнеге» тақырыбында қазақ әдеби-музыкалық композиция түрінде даярлап, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында қорғады. Дипломдық жұмысы жоғары бағаланды. Театрға жұмысқа шақыру алды.
Бірақ, алыстағы ауылда қалған ананың өтініші бар еді. Жерге тастай алмады. Енді ауыл клубының меңгерушісі. Би үйірмесі, эстрадалық әншілер тобы, құрамында 12 адамы бар домбырашылар, тіпті, драмалық үйірмеге дейін ұйымдастырып, «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясын сахналап, ауылды мәре-сәре қылды. Кеңшар директоры В.Шмидтті сынаймын деп қырына лекті. Әйтеуір, дес бергенде аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Вениамин Капаев ауданға алып кетті. Әуелі мәдениет саласында, кейін аудандық комсомол комитетінде қызмет істеді. 1989 жылы анасы қатты науқасқа шалдығып, ауылға оралуға мәжбүр болды. Баяғы өзі оқыған сегіз жылдық мектептің мұғалімі. Ол кезде Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтында сырттай оқып жатқан болатын. Мектеппен қатар ауыл клубының жұмысын да қатар алып жүрді. Осы өңірде ең алғаш Жасыл, Шиелі, Көрнекті, Жарғайың, Қаражар ауылдарының басын қосып, тұңғыш рет Наурыз мерекесін өткізді. Әсерін айтуға тіл жетпейді. Оқу жылы аяқталған соң, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күміс Мұратбековадан шақыру алды. Ендігі жерде облыстық деңгейде жұмыс істеді. Қазақ тілінің қадірі артқан тұста мемлекеттік қызметке шақыру алған. Осы арада бас-аяғы 15 жыл қызмет жасады.
Тағдырдың тәлкегімен қаршадайынан күресіп келе жатқан Марал Жақыпованың өмір жолы өзгеге өнеге. Қазір Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының басшысы ретіндегі қыруар еңбегі өз алдына бір төбе. Таратып айтатын-ақ жай. Өзгеге өнеге болуы үшін. Жастар тәлім алуы үшін. Өмірдің өзі иығыңа артқан жүкті серпіп тастап, қиындыққа қайыспай, сара жолды таба білу де сарабдалдықты көрсетпей ме.