Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір шаңырақ астында - АРҚА АЖАРЫ

Бір шаңырақ астында

 төрт ұрпақтың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде

 

Соғыс аяқталған соң майдангер Ғалымжан Құлатаевқа тұрмысқа шығып,  отбасын құрды. Ұзақ жылдар бойы отағасы екеуі «Лавров» кеңшарында еңбек етіп, төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұл-қыздарының үбірлі-шүбірлі отбасылары бар. Бір өкініштісі, отағасы Ғалымжан мен ұлдың үлкені Еркін өмірден ерте озды. Қазір, төрт ұрпақ өкілі бір үйде тату-тәтті өмір сүруде. Сәбира әжей кіші ұлы Ертіс пен Мензипа келінінің қолында тұрады. Олардың жалғыз ұлдары Марат пен келіндері Гүлмира да осы шаңырақтың тү-тінін түтетіп отыр. Марат пен Гүлмираның ұлы Қанат пен оның жары Айым да осы үйде тұрады. Немере, шөбере келін түсірген Құлатаевтар әулеті бақытты отбасы.
Отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шаттығы, әулеттің ақылшысы болып отырған Сәбира әжейді ұрпағы аялап, алақандарына салып бағуда.  Әжейдің бүгінде 22 немересі, 32 шөбересі,  2 неменесі мен жиеншары бар. Ұрпағының бақытты жүзін көрген әзиз ана үйде ешқашан ұрыс-керіс болмайтынын айтады. Өйткені, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету отбасы мүшелерінің басты міндеті болып саналады.
Отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Атаның да айтары мол, берері көп. Аталы сөз бен баталы сөздің иесі, көненің көзі ретінде әрқашан жас ұрпаққа өнеге айтар осындай ақылгөй дария, дана қажет. Жасы үлкенді сыйлау, қарттың бүгiлген белiне сүйеу болу – бiздiң қазақ халқының ата дәстүрi емес пе?  Ал, дүниенің нұры, өмірдің гүлі ананың қолында деп жатамыз.  Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен ананың қадірін түсінетін ұрпағың болса сен де бақыттысың. Ана үшін бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін?
Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған ардақты ана бұл күнге жеткізген Аллаға мың шүкір дейді. Әлемдегі ең бай адам ол – ана. Өйткені, ананың байлығы баласы. Сәбира әжей де балаларын байлығы мен бақытына теңейді. Оның бір ғана арманы бар. Ұрпағының бақытты жүзін көру.
Сексеннің сеңгірінен асқан әзиз ананың самайын ақ шалса да,  жүзінен жылылық лебі еседі. Ойы салмақты, сөзі қуатты, жүрісі ширақ болса да, соңғы уақытта  оның денсаулығы сыр бере бастаған. Екі көзіне бірдей ота жасалған. Қолындағы ұлы Ертіс пен келіні Мензипа да ұрпағының қызығына бөленген бақытты ата-ана. Бұған дейін олар Сәбира әжеймен бірге көп жылдар бойы Тереңкөл ауылында тұрған. Ертіс механизатор болса, Мензипа апай сауыншы болып еңбек еткен. Бір қызығы Сәбира апайдың келіні де өзі сияқты он жеті жасында тұрмыс құрған екен. Екеуінен бір ұл, төрт қыз тараған. Жалғыз ұлдары Марат пен келіні Гүлмира әжесі мен  ата-енесінің көңілінен шығып,  перзенттік парыздарын мінсіз  атқаруда. Істің көзін тауып, өз шаруаларын дөңгелетуде. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешкен абыройлы әулеттің немересі Мараттан тараған Қанат, Индира есімді ұл мен қыз бар. Қанат  өткен жылы шаңырақ көтеріп,  Айыммен бірге осы шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей ол өзінің әке-шешесімен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Төрт ұрпақ өкіліне үш бөлмелі үйдің тарлық етері анық. Бірақ, олардың жүрегі кең, пейілі ақ, көңілі таза.  
«Қарты бар үй қазыналы» демекші, бұл шаңырақта ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беріледі. Қазыналы қарттар қазақтың жөн- жоралғыларын, әдет-ғұрпын ұстанып, кейінгі ұрпа-ғына соны ұғындыруда. Жыл сайын ұлық мейрам құрбан айтында құрбан шалынып, жоқ-жітіктерге көмек көрсетіліп, садақа беріледі.  Одан бөлек, жаңа жылымыз Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін де барлық сән-салтанатымен атап өтеді. Қыз ұзатып, келін түсіру салты өз алдына. Бұл үйде әрқашан аруақтарға құран бағышталып, көрші- қолаңға, құда-жекжатқа, ағайын-туысқа омыртқа беріледі. Үйдің үлкені Сәбира әжей осындай жөн-жоралғылардың орындалуын қадағалап отырады. Бертінге дейін намаз оқып, ораза ұстаған. Ал, үйдегі құрақ көрпелерден көз сүрінеді. Тіптен, немере, шөберелердің жасауына дейін өзі тіккен.
Алланың бұйырған ғұмырын өз ақыл-парасатымен мәнді еткен қария ел жаңалықтарына әркез елең етіп, жаратқаннан жақсылық күтеді. Газет-журнал оқымаса да, теледидар қарайды, радио тыңдайды. Өмірден көргені мен түйгені мол әжей келіндерімен шүйіркелесіп, өткен-кеткендерін жиі еске түсіреді. Бұл да бір қарттықтың жақсы белгісі болса керек. Әрине,  әдемі қартая білгенге не жетсін. Келіндерін қызындай көретін әзиз ана оларға әрқашан ата-ене, абысын-ажынмен тату-тәтті болу керегін айтып отырады. Өз кезегінде келіндер әженің айтқан әрбір өсиеті мен ақылы, берген тәлім-тәрбиесі көкейде, көңілде мәңгі сақталады дейді.
– Әжеміз бізге ақыл айтудан еш жалыққан емес. Қыз баланың әдепті, ибалы, инабатты болуы керек екенін айтып, үлкен кісіні сыйлап, алдынан кесіп өтпеуді әркез есімізге салып отырады. Отбасының әрбір мүшесі мені туған қыздарындай көреді. Осындай үлкен шаңыраққа келін болып түскеніме өзімді бақытты сезінемін. Ата-енелерім әке-шешемдей болып кетті, – дейді Сәбира әжейдің шөбере келіні.  
Сәбира әжей көңілде қаяу-мұң ұялататын бүкпесіз бір сырымен бөлісті. Алтын бесік ауылды сағынады. Әрине, кір жуып, кіндік кескен жерді  сағынудың жөні бар.
Әр жыл сайын Құлатаевтар әулетінің тегіс бір дастархан басына жиналатын кезі болады. Ол әжейдің туған күнінде. Биыл Құдай қаласа кейуана сәуірдің жиырмасында 85 жасқа толады. Өмірдің өкпек желіне төтеп берген  ардақты ананың ендігі тілеуі бала-шаға мен елдің амандығы. Мәуелі бақтай жайқалып, көзінен қуаныш пен шаттықтың ұшқыны анық аңғарылған Сәбира әжейдің жүзінен бақыттың белгісі анық сезіледі.

Мерекелік нөмірдің суреттерін түсіргендер Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ, Берік ЕСКЕНОВ.

 

P.S. Күннің қызуынан қаншалықты нәр алсақ та, ата-ананың ыстық құшағынан асқан жылу жоқ шығар, сірә. Қазақтың дархан даласындай көңілі ақ аналарымыздың қоғамдағы орны биік қой. Ал, бір үйдің, бір үйдің ғана емес, күллі әулеттің ұйытқысына айналған асыл әже отбасына ғана емес, айналасына шуақ нұрын төгіп тұрғандай.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар