Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай өлеңдерін жатқа айтады - АРҚА АЖАРЫ

Абай өлеңдерін жатқа айтады

Мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерін тұстастарына үлгі етуді көздейтін бұл айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – көкшелік жас ару Диана Тепсуркиева.

Бүгінде Көкшетау қаласындағы №21 орта мектептің 10-сыныбында оқитын Диананың әкесі Макшери ингуш болса, анасы Айна – орыс ұлтының өкілі. Бір қызығы, оның үйіндегі отбасы мүшелерінің ешбірі қазақша сөйлемейді екен.  Арудың мемлекеттік тілді меңгеруге  деген қызығушылығы мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезден-ақ байқала бастайды. Бірінші сыныптан қазақ тілі сабағын үздік оқыған қыздың бұл қабілетін Динара Қожабекова апайы байқап, ұштай бастаса керек. Көрген бұлағының көзін ашып, шәкіртінің талабын шыңдау үшін ұстазы оны  қазақ тілінен пән олимпиадаларына дайындап, қатыстыра бастайды. Олардан ұдайы жүлдемен оралған Диана осылайша, біртіндеп көзге түсті. Сол додалардағы жеңістер қанаттандырды ма, қайсар қыз қолына түскен қазақша кітапты оқып, оның ішіндегі өзіне түсініксіз сөздерді жеке дәптерге аударуды әдетке айналдырды.  
Осы бір тынымсыз еңбек жас өреннің «Абай оқулары», «Мың бір мақал», «Тіл – жанның кілті», «Елі бірдің тілі бір», «Сөз шебері», «Мен – қазақстандықпын!» сияқты түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіске жетеледі.  Бұл сайыстар оның атын облысқа, республикаға әйгіледі десек, артық айтқандық емес. Мемлекеттік тілге осындай зор құрметпен қараған қыздың еңбегі қала, облыс әкімдері тарапынан да ескеріліп, ол бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталды.
Сегіз қырлы, бір сырлы арудың бір бойында сан өнер бар ма дерсіз. Мың бұрала би билейді, халық әндерін тамылжыта шырқайды,  Абай, Мағжан сияқты қазақ ақындарының өлеңдерін нақышына келтіріп оқиды. Бұған қоса, ол «Достық аруы», «Көкшетау аруы» тәждерін киген сұлулық сайыстарының жүлдегері. Бірқатар балалар ұйымдарына жетекшілік жасаған Диана «Үздік жасұландық» атағын да алған. Көшбасшылық қасиеттерге ие ханшайым сабақты да жақсы оқиды. Ару мектепті «Алтын белгімен» бітіруден үмітті. Болашақта саясаттану немесе жергілікті өзін-өзі басқару факультетіне оқуға түсіп, мемлекеттік қызметші атану − оның ендігі арманы. Диана мектептегі «Самрұқ» шағын ассамблеясына да жетекшілік еткенін айтады. Оқу ордасында білім алып жатқан он бес ұлттың баласын  біріктірген ол ұйымның да бойжеткеннің тұлғалық қалыптасуында үлкен әсері болыпты.
− Бізде сыныпта 15 оқушы болса, соның үшеуі ғана қазақ. Сыныпта, мектепте, аулада, басқа да қоғамдық орталарда болсын, бізде ешкім ұлтына қарап бөлініп жатпайды. Маған бір атаның балаларындай, тонның ішкі бауындай болған біздің осы бір достығымыз қатты ұнайды. Меніңше, әрбір қазақстандық осы бейбіт күннің мәңгі болғанын қалайды, − дейді талапты жастың өзі.
Бір орында тұрғанды емес, ұдайы өзін-өзі жетілдіруді ойлайтын Диана қолы қалт ете қалса, қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды оқи бастайды. «Мемлекеттік тілді меңгеру – менің жергілікті ұлтқа, отандастарыма деген құрметімнің белгісі. Бұл тұрғыда менің білгенімнен әлі білетінім көп», − деп санайтын ол бүгінде  бауырлары Юнус пен Миланаға да қазақ тілін үйретіп жүр. Ендеше, біз осындай белсенді азаматтық ұстаным иесі, ұлты басқа болса да, тілі қазақ Дианадай жігерлі қызға талабыңа нұр жаусын демекпіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар