Облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячектің қатысуымен өткен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында Зеренді, Целиноград және Еңбекшілдер аудандарында дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелері қаралды.
Алдымен, комиссия мүшелері аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Онда бассейн, фитнес пен күрес залдары бар. Жалпы, ауданда дене шынықтырумен айналысуға билік тарапынан тиісті жағдайдың жасалып отырғандығы тәнті етеді.
Комиссия отырысында хабарлама жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина өңірде спорттың бұқаралық сипат алуы 23 пайыздық деңгейде екенін атап өтті. Дене тәрбиесімен жете айналысатын өңірлердің көшін Жарқайың, Аршалы мен Зеренді аудандары бастаса, Көкшетау мен Степногорск қалалары мен Еңбекшілдер, Бурабай, Қорғалжын аудандарының тұрғындары бұған керісінше, селқос қарайтындардың тізімінде тұр. Облыста спорт кадрларының тапшылығы да байқалуда. Хабарламашы депутаттардың салауатты өмір салтын ұстанатындар санын қалай арттыруға болады деген сауалына мұны отбасынан бастау керек деген ой айтты.
Бұдан кейін комиссия отырысында Еңбекшілдер ауданы әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина, Целиноград аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Жәнібек Толқынбек есеп берді. Еңбекшілдерде 9, Зерендіде 18 мектепте спорт залы жоқ көрінеді.
«Арнайы Олимпиада Көкшетау» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дәурен Шәріпов өз сөзінде кемтар балалардың демалысын ұйымдастырудағы кедергілерге тоқталды. Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы мен осы өңірден сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов спорттың бұқаралылығын арттыру жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Облыстық мәслихат хатшысы Нина Дьячек отырысты қорытындылай келе, әсіресе, әрбір адамның өмір сүру жасының ұзақтығы оның салауатты өмір салтын ұстануына тікелей байланысты екендігін атап өтті. Отырыста қаралған мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.