Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заңды бұзған - АРҚА АЖАРЫ

Заңды бұзған

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде өткен тәртіптік кеңес отырысында заң бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілердің істері қаралды.

  Айталық,  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған «Мерген» спорт клубы мен Щучинск, Бұланды, Целиноград аудандық балалар және  жасөспірімдер спорт мектептеріне директор етіп Андрей Копытов, Владимир Затула, Руслан Цицкиев пен Әсет Дүкенбаевты негізсіз тағайындапты. Тексеріс барысында бұл тұлғалардың басшылық лауазымда жұмыс өтілдері болмағаны анықталған. Сондай-ақ, басшылық қызметте өтілі жоқ Юрий Бондаренко «Оқжетпес» футбол клубы директорының міндетін екі жыл бойы атқарып келген.
Ал, «Спорттық ойын түрлері бойынша спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Арсен Ысқақов өз бұйрығымен «Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасының директоры әрі бас бапкері болып табылатын  әкесі Пернебай Ысқақовты өз қарамағына бас менеджер қызметіне тағайындапты. Сондай-ақ, спорт клубында біліктілігі сәйкес келмейтін В. Волкова баскетболдан жаттықтырушы, ал, жоғары медициналық білімі жоқ Д.Тагинцев дәрігер болып жұмыс істеп келген.
«Арлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Игорь Горьков ай сайын 200 мың теңге еңбекақы алып келген. Бұл аздай «Арлан» хоккей клубы» қоғамдық қорынан 1 миллион теңге сыйақы алыпты. Бұл – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңын бұзушылық болып табылады. Бурабай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Көшековқа келсек, «Термо-Транзит» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының қаржы-шаруашылық және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына Қ.Хамитовты, директордың кеңесшісі етіп С.Чережденовты тағайындағанда заңға қайшы артықшылықтарға жол берген.
Зеренді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Мәмбеталин атқарылмаған жұмыстар үшін мал дәрігерлік станциясына 607 мың теңге қаржыны заңсыз аударған болып шықты. Ал, Еңбекшілдер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Валерий Лебедев болса, «Син-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қосымша құжат талап еткен көрінеді. Бұл да сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заң бұзушылық болып табылады.
Тәртіптік кеңесте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина  мен «Спорттық ойын түрлері бойынша спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас менеджері Пернебай Ысқақовтың қызметтерін қарау, «Арлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Игорь Горьков пен Зеренді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Мәмбеталинді қызметтерінен босату жөнінде ұсыныс енгізілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар