Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалықтар елдік істерде Елбасымен бірге! - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалықтар елдік істерде Елбасымен бірге!

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, ондағы ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі істермен танысты,
«Бурабай» спорт сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» республикалық  форумына қатысып, сөз сөйледі. Елбасының сапары кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин,  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі  Сергей Кулагин бірге болды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев қатысты.

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,  Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажары»

 

Кешегі күн кең жазиралы даласы ақық дәнге толы қасиетті Қараөткел, көрікті Көкше өңірлері үшін облыс жылнамасында жазылып қалар тарихи күн болды десек артық айтқанымыз емес. Өйткені, Елбасымыз биылғы Президент сайлауы алдындағы өңірлерге өзінің алғашқы сапарын қойнауы құт, құшағы достық рәуішке толы біздің аймақтан  бастады. Ел жүрегі – Астананың Ақмола облысының аумағында тұрғандығын ескерсек,   Ұлт Көшбасшысы өзінің бұл сапарында осының бәрін ескеріп, ақмолалықтарға үлкен жүрек жылуымен қарап, осы бір білгендігімен тарихи өлке тұрғындарын барынша риза еткені анық.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға өзінің осы сапары кезінде алдымен, еліміздегі балалар тағамын өндірумен аты шыққан, әрі сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «КСЗ Молоко Синегорья» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болуды жөн көрді. Бұл сүт зауытының қуаттылығы тәулігіне 160 тонна. Мұнда 175 адам жұмыс істейді. Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев кәсіпорынның өндірістік цехтарын аралап көріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілермен кездесті. Әңгіме барысында аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі мәселелері, отандық өнімді өндіру және іске асыру, бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру жолдары сөз болды.  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпорын жұмысшыларымен пікірлескен кезінде серіктестік директоры Елена Михайлова сөз алып, өз ойын былайша білдірді:
– Құрметті Елбасы! Сіздің көреген де сындарлы саясатыңыздың арқасында елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныштық, ынтымақ пен бірлік бар. Қазіргі күні Қазақстанда мектептер, бала бақшалар,
медицина мекемелері көптеп салынуда. Халықтың ертеңгі күнге деген сенімі жылдан-жылға артып келеді. Біздің кәсіпорын да бәрімізге ортақ игі істерден шет қалмай, елдегі молшылықты еселеп арттыруға барынша өз үлесін қосуда. Біз осы жылдар ішінде мемлекетіміздегі қаншама оң өзгерістерді көріп, әрдайым болашаққа сеніммен қарауды үйрендік. Сол сенімді нығайтатын алғышарттар да аз емес. Айталық, біздің кәсіпорында 3,9 миллиард теңгенің  балалар тағамын шығару жөніндегі жаңа жоба осы алдымыздағы сәуір айының өзінде іске қосылмақшы. Бұл – Сіздің ел халқына арнаған биылғы Жолдауыңызға біздің іспен берген жауабымыз болмақ. Барша қазақстандықтар сияқты, біздің ұжым мүшелері де кезектен тыс өткізілетін  Президент сайлауын бірауыздан қолдап, қуаттап отыр. Ел қалауы өзіңізсіз,  құрметті Елбасы!  
Мұнан соң серіктестіктің техникалық директоры Мұхтар Жақанов сөз алып, былай деді:
– Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде осы үлкен іске үлес қосушылар қатарында біздің серіктестік те бар. Кәсіпорын 2009 жылы іске қосылған болатын. Содан бері сүтті қабылдау мен қайта өңдеумен айналысып, тәулігіне 130 тонна өнім дайындаймыз. Біздің өнімдеріміз Қазақстанның көптеген қалаларына, сондай-ақ, іргедегі Ресейдің Новосібір, Омбы қалаларында сатылады. Биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауыңызда экономикалық өрлеу үшін ішкі қорды тиімді пайдалану керек екендігін айтқан болатынсыз. Сіздің сол сөзіңізді басшылыққа алған біз экономикалық өрлеу мен халықты жұмыспен қамту мақсатында кәсіпорынның өз қаражатына қышқыл сүт өнімдері мен сүтті йогурттар, емдік қуаты бар балалар тағамдарын
дайындайтын жаңа технология желісін іске қосуды жос-парлап отырмыз. Сіздің «Нұр Отан» партиясы съезінде кезектен тыс Президент сайлауына қатысатыныңыз мәлім болды. Бұл шешіміңіз қазақстандықтар үшін  өте маңызды. Сонымен қатар, біздің «Мәңгілік ел» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыра отырып, бұрынғыдан да мықты, берік, ұйымшыл бола түсуімізге зор мүмкіндік туып отыр. Біз сізді қашанда қолдаймыз.
Елбасымен кездесуде осы кәсіпорынның зертхана меңгерушісі Айгүл Баймурзина да өз пікірін білдірді. Ол сан ұлттың өкілі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақпен еңбек етіп жатқан кәсіпорынның рухани бірлігін айтып өтті. Содан соң Елбасының тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастырып, нығайту жолындағы ерлік істерін мақтан тұтатынын жеткізді.
    
* * *
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамында болды. Аталмыш кәсіпорын республикамыздағы автокөлік өндіру саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Бұл өндіріс ошағы 2005 жылдың тамыз  айында құрылған болатын. Өндірілген өнім еліміздің ішкі нарығында сатылады. Кәсіпорын өнім сапасын жыл өткен сайын жақсарта түсуде. Алғаш ашылған күннен бастап тұтынушыларға төрт мыңнан астам «КамАЗ» жүк көліктерін сатқан. Өздерінің ширақ іс-қимылдарының арқасында барлық деңгейдегі бюджеттерге 1,5 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Өндіріс орнында тәулігіне он «КамАЗ» автомашинасы құрастырып шығарылады. Қазір мұнда 197 адам тұрақты еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақылары 126 мың теңгені құрап отыр. Акционерлік қоғам жұмысшыларымен жүздесу кезінде Елбасы Ақмола облысының жетістігін сипаттайтын деректер төңірегінде ой толғады.
– Ақмола астаналық облыс болғандықтан, жұмыс сапарымды сіздердің өңірлеріңізден бастап отырмын. Өңірде ауыл шаруашылығы, өндіріс саласы жақсы дамыған. Әсіресе, еліміз астық өндіруден әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында. Бұған ақмолалықтардың қосып келе жатқан үлесі зор. Өңірде «КамАЗ-Инжиниринг», «Алтынтау Көкшетау»  және «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді ірі кәсіпорындар баршылық. Ендігі міндет – осы ірі өндіріс орындарының айналасына шағын және орта кәсіпкерлікті шоғырландыруымыз қажет, – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Кездесу кезінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының инженер-технологы Марат Бектасов былай деді:
– Бүгін сізбен кездесудің сәті түскеніне өте қуаныштымын.
   Сіздің Қазақ еліне сіңірген еңбегіңізді, мемлекетімізді дамытуға жұмсаған қажыр-қайратыңызды тілмен айтып жеткізе алмаспын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген сәтте халықтың еңсесін көтеріп, жүрегіне болашаққа деген сенім ұялатқан өзіңіз едіңіз. Айтқаныңыз айдай келіп, Қазақстан іргесі берік, ірі мемлекетке айналды. Қай сала да қарқынды дамып, толайым табыстарға кенелтуде.
 Осылайша Қазақ елі аз уақытта әлемге танылды. Тәуелсіз мемлекетіміздің күллі табыстары мен айқын жетістіктері сізбен тығыз байланысты, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз халықтың сенімін ақтап, Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыра білдіңіз. Саяси және экономикалық салада жүргізген салиқалы реформаларыңыз елімізді қазіргідей жоғары деңгейге жеткізді.
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Биыл елімізде өткелі жатқан кезектен тыс Президент сайлауына қатысу туралы шешіміңізді толықтай қолдап, мұны қазіргі жағдайға толық сай келетін, әрі халықтың ойынан шыққан  ең дұрыс шешім деп санаймын. Марат Бектасовтан соң осы кәсіпорынның жүргізуші сынақшысы Байбатыр Есенов, слесарь Анатолий Немченко, инженер Разалия Сұлтанғараевалар сөз алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын әрдайым қолдайтындықтарын жеткізді. Сөйтіп, Президенттікке сайлау алдында Елбасымен елдік мұраттар тұрғысында емен-жарқын ой бөліскен ұжым мүшелері алдағы күндерге одан бетер сеніммен қарап, жаңа жасампаз істерге жігерлене түскендей болды. Бұл да осы маңызды сапардың әрбір ақмолалыққа тигізіп жатқан ізгі бір шапағаты екендігі анық.  
* * *
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған  «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» республикалық форумы да осы сөзіміздің айқын бір көрінісіне айналғанына жанымыз жадырап, көңіліміз шаттанды. Елбасының қатысуымен өткен бұл салтанатты шараға 5 мыңнан астам ақмолалық қатысты. Сөйтіп, «Бурабай» спорт  сарайының іші өзінің бар сән-сипатымен жарқырай нұрын шашып, Ұлт Көшбасшысын зор құрмет, асқан қошеметпен  күтіп алды. Мұнда зиялы қауым, мемлекеттік органдар,  этномәдени орталықтар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, аудан, қала делегациялары, жастар ұйымдары өкілдерінің алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы сөзін 2015 жылдың өз Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жариялануының мән-маңызынан бастады.
– Республикалық форумның Көкшетауда басталуымен шын жүректен құттықтаймын. «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІ съезінде еліміз бастан кешіп жатқан қазіргі уақытты тарихи кезең деп айттым. Бүгінгі күнге дейін еңселі елге айналып, әлем сүйсініп отырған табыстарға қол артуымыз елдің бірлігі мен татулығының арқасында еңсерген биіктеріміз. Партия съезінде осы өзгерістердің бәрі өздеріңізге паш етілді. Қысқа мерзімде мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызып, Қазақстанды дүниежүзіне таныттық. Еліміздің Стратегиялық даму жолын айқындайтын 2050 жылға дейінгі бағдарламамыздың өзі «Мәңгілік елге» аяқ басқан қазіргі зор әлеуетімізді көрсетеді.
Ақмола облысы ел экономикасы мен рухани-мәдени өмірінде алатын орны ерекше орталық облыс. Ел жүрегі – Астананың тұғырлы туы осы облыста тігілген. Ата-бабамыз аманаттап кеткен сайын да салқар далада 120 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осынау кең-байтақ өңірді қажырлы еңбекпен нұрлы өлкеге айналдырған сіздерге Президенттік сайлау науқанында  ең бірінші ат басын тіреп, сапар басын өздеріңізден бастап отырмын. Бұл үшін өз басым өте қуаныштымын. Облыстарыңыз еліміздің ойы мен қырына жақсы мәлім. 266 қоғамдық келісім жөніндегі кеңес жұмыс істейтін көрінеді. Бұл – біздің еліміздегі осындай қоғамдық ұйымдары ең көп облыс. Бұған қоса, 5 мың ассамблея мүшесі бар. Осы жетістіктердің бәрі  сүйсінтпей қоймайды.
Шынымды айтсам, мен үшін Президенттікке сайлауға түсу таңдауы оңай болмады. Көп ойландым. Сіздер мені жақсы білесіздер. Халық жаппай қолдағанда, бас тарту мүмкін емес. Адамдардың тілегі мен үшін әрдайым қасиетті, өзгеше саналады. Сондықтан да, өз келісімімді бердім. Бәріміз жұмылып қажырлы еңбек етсек, ортақ Отанымызды одан сайын нығайтып, әлемдегі беделді мемлекеттердің біріне айналдыра аламыз. Бұған негізгі астықты аймақтардың бірінен саналатын Ақмола облысы да өзінің лайықты үлесін қосатыны сөзсіз. Облыста өткен жылдары жалпы өнім көлемі екі есе өскен. Тек былтыр ғана 10 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Биыл жаңадан 2 мың жұмыс орны ашылмақшы. Орта және шағын бизнес саласында 53 мыңнан астам кәсіпкер белсенді жұмыс істейді. Сіздердің де арқаларыңызда  негізгі ауыл шаруашылығы өнімі – астығымыз көптеген мемлекеттерге экспортқа шығарылатын Қазақстан брендіне айналып отыр. Дегенмен, ет және сүт өнімдерінің бағасын әлі де көтере түсуіміз керек. Бұл үшін оларды өңдеумен белсене айналысқанымыз жөн.
Облыста балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтудың 90 пайызға жеткендігі де қуантады. Бұл – республикамыздағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Әлемде болып жатқан экономикалық қиындықтарға лайықты төтеп беру үшін соған сай батыл шешімдер қабылдауымыз қажет. Сондықтан, мен «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде бес жаңа реформаны жария еттім. Осы реформаларды ойдағыдай жүзеге асырып, жаңа биіктерді еңсеруіміз керек. Мемлекет пен Президенттің басты міндеті – еңбек адамын жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, оның ертеңгі күніне сенімді болуына жағдай жасау. Осы бағытта алдағы уақытта да бар күш-жігерімізбен еңбек ете беретін боламыз. Бұл үшін үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламамыз одан әрі де өз шешімін таба түседі. Әлемде экономикалық дағдарысқа байланысты  небір кәсіпорындар жабылуда, ал, біз жаңаларын салудамыз. Ойға алған асыл мұраттарымызға адал болу, оған табандылықпен қол жеткізу үшін ең алдымен мемлекеттің ішіндегі ұлтаралық келісімді сақтауымыз керек. Бірлік – баға жетпес байлығымыз. Бәріміз де осы мақсат жолында аянбай қызмет етуге тиіспіз. Бірлігі мен баянды тірлігін бағаламаған елдерде не болып жатқандығын да көзіміз көріп отыр. Ынтымағымыз мықты болса, болашағымыз зор, ертеңіміз кемел.
Алдағы сайлау мәселесіне келетін болсақ, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі Ассамблея ұсынысынан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінен мыңдаған хаттар алып жатырмын. Халық қолдап, Президенттікке қайта дауысқа түсуімді қалап отыр. Осы жолда ақмолалықтар да менің алдыма қойған мақсат, мұратымды жақсы түсініп, қолдау білдіреді деген сенімдемін, – деді Елбасы форумда сөйлеген өз сөзінде.
Зейін қоя тыңдалып, бірнеше мәрте ду қол шапалақтауларға ұласқан Мемлекет басшысының сөзінен кейін алғашқы болып мінбеге көтерілген  Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Жарас Қалдаров Мемлекет басшысының өнер шеберлерімен бір жүздесуінде қолына домбыра алғанын есіне алды.
– Бүгінгі форумның Ақмола өңірінен басталуының өзі біз үшін зор мақтаныш. Осыдан 20 жыл бұрын Сіз тамылжыта ән салып, «бұл халық әні» деп едіңіз, – деп сөзін жалғастыра берген актерге сахнадан түспей, мінбенің жанында тұрған Елбасы «Бұлбұлымды» айттым ғой, кәне, бастайсың ба?» деп күтпеген жерден қолқа салды. Сөйтіп, зәулім спорт сарайының төрінде әсем ән сазы  қалықтады.
Бұдан кейін сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы ғылыми-сараптамалық орталығының меңгерушісі   Белла Газдиева да Елбасымен бүгінгідей емен-жарқын жүздесу бақытына ие болып отырғанына толайым қуанышын жеткізіп,  өңіріміздегі жалғасын тауып жатқан мерейлі істер мен  мамыражай тірлікті  қазақ елінің басты жетістігіне балай келе, алдағы сайлауда ақмолалықтардың бүгінгі Президентіміз үшін бір кісідей дауыс беретіндігіне зор сенімін білдірді.
Ал, «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр болса, өз сөзінде   Елбасын ертеден білетіндігіне тоқталып, екі-үш айшықты мысалмен-ақ қоғамымыздың бүгінгі дамуындағы қазіргі Президентіміздің рөлін барынша жарқырата көрсетіп берді. Айталық, былтыр шаруашылық 13 мың тонна сүт және сүт өнімдерін сатып, осы және басқа салалардан 730 миллион теңге таза кіріс түсірген. Ал, Елбасымен бірге Германия Федеративтік Республикасының басшысы осы шаруашылықта болғанында, өз елінде шығарылатын «Клаас» астық комбайндарының бір алқаптың өзінде бірнешеуі жүргеніне таң қалып, еріксіз басын шайқаған. Шешен осы табыстардың бәрін Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен байланыстырып, Елбасы мен елімізге алда тұрған іргелі міндеттерді іске асыруда жаңа қажыр-қайрат тіледі.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы қайтадан мінбеге көтеріліп, жастарға жүрекжарды сөзін арнады.
– Бүгінгі таңда да, болашақта да, біздің елімізге керегі білімді ұрпақ. Қазір шет мемлекеттерде оқытатын «Болашақ» бағдарламасына қоса, өз елімізде де жастардың сапалы білім алып, үлкен биіктерді бағындыруларына барлық мүмкіндіктері бар. Сондықтан, әрбір жас қол жеткенмен шектеліп қалмай, жаңа белестерге ұмтылуы керек. Айтарым, уақытты босқа өткізіп алмаңдар, жақсы оқып, Отанға адал қызмет етіңдер. Осы орайда, барлығыңа ақ жол тілеймін, – деген Елбасы сөзі осы форумға қатысқан әрбір  саналы жастың жүрегіне жақсылық нұры болып құйылып жатқаны сөзсіз еді.
«Елімнің тағдыры – менің тағдырым»  атты бұл республикалық форумның әр адамға ой салар мазмұнды атауы театрландырылған ән-би қойылымында да өзінің жарасымды жалғасын таба түскенін айта кету керек. Бұл концерттік бағдарламаны «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, халықаралық конкурстардың лауреаты, жерлесіміз Салтанат Ахметова мен «Көкшетау» би ұжымы бастап берді. Осылайша бұл күннің өзі әр ұлттың өкілдерінен құралған ақмолалық небір тамаша орындаушылар мен өнер ұжымдарының өздерінің талғампаз өнерлерімен Елбасы алдында жарқырай көрінген жұлдызды сәті іспеттес әсер ұялатты көңілге. Ал, елін сүйген, елі сүйген Ұлт Көшбасшысы форумның соңына таман, өзінің көзтаныс замандастары, қарапайым жұртшылық өкілдерімен Ақмола, Көкше өңірлеріне бұған дейін де келіп жүрген кездеріндегідей, тағы бір  жылы шыраймен амандық-саулық сұрасып, халықтың ыстық ықыласына бөленген үстіне бөлене түсті. Иә, осындай Президенті, елін ойлар ер ұланы барында тәуелсіз қазақ елі әлі де айдай әлемге өзін таныта берері сөзсіз. Бүгінгі Елбасы сапары жігер берген ақмолалықтардың да діттеген мақсаты  – ертеңгі елдік істерде әрдайым Елбасымен бірге болу!               
     Суреттерді түсіргендер Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ, Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар