Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен келген С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры драматург Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» спектаклін көрермендер назарына ұсынды. Қоюшы режиссері – Батырбек Шамбетов.
Қарапайым тіршілік. Жазда жайлауға, қыста қыстауға қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыз ежелден төрт түлікті тіршілігіне талғажау еткен. Сондай бір кез еді. Жаз бойы жайлауда отар-отар қой бағылады. Шопан да өзіне артылған жүктің тым ауыр екенін жақсы сезінеді. Қарға-құзғыннан аман сақтап, отарды шашау шығармай бақты. Қойға қатер – қасқырдан. Әйтеуір, қолда қаруы, қасында серігі «Тұзар» бар. Тұзар деп отырғаным төбет. Аты ит болғанымен, заты бөлек. Шынайы дос. Ішер асына адал. Сатқындық не екенін білмейді. Ең бастысы адамды ес көреді.
Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Аш бөрілер де осы уақытты тағатсыздана күтті. Отардан оңаша жатқан қойды қырағы көздері шалған ұяластар қойға тап-тап берді. Бірақ, бірден бас салып жеген жоқ. Іздегендері алдынан табылғандай қасқырлар жемтікті бір-біріне лақтырып, мазақ етті. Адамнан ала алмаған өшін, қойдан алғандай шаттанды. Бірақ, Тұзар бөрілерге шауып, қойды аман алып қалды. Иә, оның бойында қайсар мінез бар. Қайраты да күшті. Біраз алысып-жұлысқан аш қасқырлар Тұзарға тістері бата алмаған соң кетіп қалды. Олар тым ашулы еді. Көздерінен ашу мен ызаның, кектің оты лаулағандай. Қабағынан қар жауған қасқырлар қайтсе де жауға шауып, жемтіктерін алуды ойлады. Ендігі мақсат төбетті өздеріне тарту. Оны мұзға отырғызып, қойға шабу. Қаншық қасқыр төбетті ырқына көндіріп, өздерінің қақпанына түсірді.
Адам тағдыры да дәл осындай. Біреуді алдап арбау, енді біреуге опасыздық, сатқындық жасау, жұмыр басты пенденің қолынан келетін-ақ іс. Иттің қасқырлар үйіріне қосылып, тағыланып кетуі жалғандықтың, жағымпаздықтың кесірінен орын алды. Өйткені, ол сатқындық дегеннің не екенін білмейтін. Төбеттің қасқырлармен үйір болғанын байқаған шопанның көңіліне күдік енді. Бірақ, ит қателігін түсінді. Өз ісінен нәтиже шығарып, адамға сатқындық жасау қиянат екенін ұқты.
Кететін уақыт та таяу. Шопан мен Тұзар отар қойды айдап ауылға қарай беттеді. Бірақ, ит кері қайтуға мәжбүр. Өйткені, қожайынының қара шекпені ұмытылып қалды. Қатқан қара суықта қара шекпенді іздеп тапқан төбеттің ісі ерлікпен тең. Өкінішке, орай оны іздеп келген адам болмады. Түлкі мен қоянның, қасқырлардың, тіптен қара қарғаның мазағына айналған Тұзар қайғыдан қан жұтты. Оның бойында кек, өшпенділік сынды қасиеттер орын алмады. Әйтеуір қожайынының бір келетініне сенді. Сарғайып, зарығып күтті. Қысты орманда өткізген төбет күн сайын елеңдеп, жолға қараумен болды. Ол әбден жүдеп-жадады. Аштықтың азабын тартса да, қара шекпенді қарға-құзғыннан қызғыштай қорғады.
Көктем шыға арқасына ауыр жүк артқан есек те, отар қой айдаған шопан да қайта айналып сол жерге келді. Ал, олар әлдеқашан Тұзарды естерінен шығарған болатын. Өзінің адал досын әрең таныған шопан бір кезде қолына мылтығын алып гүрс етті. «Сенің енді қажетің жоқ. Арық ит адамға араша бола алмас», – дейді ол. Адамның бәрі айуан емес, бірақ арасында осындай қатыгездері бар. Тұзар ит болса да, достықты жоғары бағалайтын. Керісінше адам адамгершіліктен жұрдай. Қойылымның көксеген мақсаты да осы. Адамның шынайы образын көрсету. Жануарларға тіл бітіріп, адами құндылықтарды бағалау қажет екенін ұқтырды, ұғындырды. Спектакль сатқындық, опасыздық, сүйіспеншілік пен махаббат, мейірімге құралды. Еріксіз көзге жас алғызған тұстар да болды. Әсіресе, қасқырлардың жемтігіне айналған көжектердің анасы қайғырды. Баласын іздеп, шарқ ұрды. Иә, ана мейірімі мен махаббатына еш шектеу жоқ. Қоянның көжектеріне деген ана махаббаты көңілге түрлі ой салғаны рас. Сонда адам қоян құрлы болмағаны ма? Сәбилерін тастап кететін көкек аналардың адам аталатыны өкінішті-ақ. Осы орайда, актерлердің шеберлігіне шынайы тәнті болғанымызды еш жасыра алмаспыз. Көрермендердің дені мектеп оқушылары болса да, спектакльдің желісін үзбей тамашалады. Осындай тәлім-тәрбиелік мәні ерекше қойылымды жастар да көрсе ғой.
Көрермен жүрегінен жол тапқан қойылымның басты рөлдерінде иттің образын сомдаған Асылхан Рәзиев пен Думан Әдікеновтың есімін ерекше айтып өтуге болады. Сондай-ақ, көкжал образында Дулат Тәшкен, қасқырдың қаншығы «Көкшулан» болып Жанар Бегалина, есектің рөлін Қажыбай Айтыбаев сомдады. Айбол Қасым, Нұрбол Асқаров, Самал Тәшімова, Мақпал Серкебаева да қортық, қарға, түлкі, қойдың рөлінде өздерінің шеберліктерін көрсетіп, көрермен құшырлана қол соқты. Үш күн бойы театрға лық тола жиналған жұртшылық қойылымға жоғары баға берді. Тағы бір айта кетерлігі, балаларға арналған «Бұртима» ертегісі де көптің көңілінен шықты.