Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнегелі өмір белестері - АРҚА АЖАРЫ

Өнегелі өмір белестері

Еңбек адамына деген қошемет пен құрметтің шексіздігін бесінші сыныпта оқып жүргенінде көрген. Сол сурет көкірегінде мәңгілікке сақталып қалыпты. Қоңыр күз еді. Күн райы да, жер бетінде тырбанып еңбек етіп жатқан адамдардың да жүзі жарқын. Бұл 1956 жыл болатын. Қазақстанның Отан қамбасына миллиард пұт астық құйып, айды аспанға шығарып жатқан уақыты. Миллиард пұт астықты телегей теңізге баласақ, бұлар тұратын Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Жаңатілек ауылының диқан-механизаторларының еңбегі теңізге қосылған тамшыдай еді.

Ол уақытта Жаңатілек  «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы кеңшардың орталық қонысы еді. Жаңатілек жеті жылдық мектебінде үздік оқитын Мағауия Рақымбергеновке екі иығына екі кісі мінгендей атан жілік, апайтөс дала батырларының алдында мектеп оқушыларының атынан сөз сөйлеу құрметі тиді. Не деп сөйлегені дәл қазір есінде жоқ. Мектептің барша мұғалімдері дайындаған сөзді айтты ма, әлде бала көңілдің балдырған лебізін білдірді ме ол да беймәлім. Жалғыз-ақ жадында қалғаны шоқ жұлдыздай шағын ауылдың еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін барлығы тайлы тұяғымен тегіс жүздері күнге тотыққан, жұмыс киімдері балағынан омырауына дейін майға баттасқан диқандарды хан көтеріп жатты. Осы сәтте балғын көңілге бүкіл ғұмыр бойы ісіне демеу болар темірқазық, нысана іспетті мақсат оралған. Егер күндердің күнінде өзі де осы ағалары тәрізді елінің ырыздығын молайту жолында бел шешпей еңбек етсе, аталары мен әжелерінің, жалпақ жұрттың алғысын алқалап, құрметіне бөленбек. Сол сәттен бастап жанына жай тапқызбайтын бір алабөтен сезім пайда болды.      
1961 жылы Баянауыл орта мектебін тәмамдап жатқан шақта орта мектепті бітіргендердің қой шаруашылығына баруы туралы үндеу жариялады. Орталық партия комитетінің органы «Правда» газетінде Баянауыл мектебі оқушыларының үндеуі жарияланып, күллі одаққа мәшһүр болғандары да есінде. Тұла бойына жаратқан ие сыйлаған алғырлық пен алымдылық, қабілет пен талап ұштаса жүріп сол шақтың өзінде қатарынан қалып көрген жоқ. Мектепті жақсы бітірді. Ел қатарлы әскери борышын өтеді. Қатардағы курсанттан старшина дәрежесіне дейін өсті. Ол кезде әскери борышты өтеу мерзімі үш жыл болатын. Сол үш жылдың ішінде ұқыпты да талапты Мағауия Қабдуақасұлы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Әскери борышын өтеп келген соң еңбек майданына араласты. Алғаш Көкшетау ауданына қарасты «Раздольный» кеңшарындары машина-трактор шеберханасында еңбек әліппесін бастады. Жігерлі де жалынды жас көзге түспей қалған жоқ. Кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Ол тұста комсомол ұйымының жұмысы әрі ауыр, әрі қызғылықты еді. Облыс орталығының іргесіндегі шаруашылығы шалқып жатқан ұжымда еңбек көрігі күмпілдеп күні-түні қайнап жататын. Әрқашан алғы шептен табылатын комсомолдар бойларындағы барлық қажыр-қайратын, жастық жігерін адал еңбектің мерейін тасытуға жұмсайтын. Бойында ұйымдастырушылық қасиеті мол, кіммен болсын тіл табыса білетін Мағауия Қабдуақасұлы бұл істе өзін жақсы қырынан көрсете білді. Шаруашылықтардағы талапты да іскер жастарды жіті назарда ұстайтын аудан басшылары талабы тас жарып тұрған жігерлі жасты байқамай қалған жоқ. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық қызметіне алды. Мұнда да қайнаған жұмыс, қарбалас шаруа. Арада аз-кем уақыт өткен соң аздап шыңдалған 27 жастағы талапты жігітті осы ауданға қарасты «Бұлақ» кеңшарының партия ұйымының хатшысы етіп жіберді. Құрамында 160-тан астам коммунисі бар ұйымды басқару айрықша іскерлікті, қажуды білмейтін қажырды талап ететін. Қазір сол кездегі шаш етектен келетін шаруа жайлы немерелеріне шым-шымдап сыр айтса, ертегі іспетті. Әйтпесе аға буын өкілдері сол дәуірдің тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Өздерінің де бастарынан өткерген, қолдарымен істеген, иықтарымен көтерген шаруалары. Арада сан жылдар өтіп кеткеннен кейін атқарылған істің бәрін жіпке тізгендей айтып шығу да мүмкін емес. Тек ерекше маңызды дегендеріне тоқталған жөн. Айталық, кейін Социалистік Еңбек Ері атанып, абырой-атағы күллі республикаға мәлім болған Сартай Жұмағалиев еңбек ететін бөлімшеде сол бір кезеңде кездесе бермейтін звено құрған. Мәні мынадай: звеноның құрамындағы төрт комбайншы бірдей жұмыс істейді. Еңбекақы барлығына бірдей төленеді. Қайсысының комбайны сынып қалса да, қайсысы әлдебір себептермен әріптестерінің қатарынан қалып қойса да. Жекеден гөрі ортақ істің артықшылығы көрініп тұрады екен. Танап басында тұрып қалған комбайнды бәрі жабыла кетіп жөндейді. Қосалқы бөлшектері болса жүгіріп әкеліп береді. Білмегенін көрсетіп жібереді. Өйткені, табысы ортақ. Нәтижесі күзде белгілі болды. Төрт комбайншы 4800 тонна астық жинаған екен. Әр комбайнға 1200 тоннадан келеді. Бұрынғы бригада құрамында жүргеннен үш есеге артық. Кейін осы бір өзгеше өңді әдіс республика көлеміне таратылған. Тіпті, партия ұйымының хатшысы Мағауия Рақымбергенов 1978 жылы Қазақстан Орталық партия комитеті ұйымдастырған кеңеске де қатысып қайтты. Әлі есінде Щучье ауданына қарасты «Веденов» кеңшарының партия ұйымының хатшысы екеуі барып еді. Абыройлы қызмет сатысы біртіндеп өсе бастады. Қай жерде болмасын тындырымдылығымен, өзіне тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаруды мұрат тұтатын Мағауия Рақымбергенов Көкшетау аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып тағайындалды.    
Сол кездегі Рузаев ауданына қарасты «Шұқыркөл» кеңшарында директор қызметін атқарған кезде мылтықсыз майданның ішінде жүргендей еді. Өзі де тыным табуды білмейтін науқандық жұмыстар кезінде өзгеге де тыным бермейтін кеңшар директоры шаруашылығы құлдырап қалған кеңшардың барлық көрсеткіштерін бірер жылдың ішінде толымды ете білді. Ең алдымен егін шаруашылығының барлық агротехникалық шаралары бұрынғыдай жүрдім-бардым жүргізілмей, уақытылы, талапқа сай атқарылатын. Бұрын көрші шаруашылықтардың көмегімен әупірімдеп жүріп, күзгі дала жұмыстарын әзер аяқтайтын Шұқыркөл бірер жылдан соң сол көлемдегі егін орағын өздері-ақ атқарып шығатын болды. Мал бордақылау ісін оң жолға қойды. Кеңшардың орталық қонысында, бөлімшелерінде тұрғын үйлер салына бастады. Бірінші жылы – 14, екінші жылы – 21, үшінші жылы – 17 пәтер салынды. Әлеуметтік-тұрмыстық саладағы көптен қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады. Шаруашылықтың орталық қонысында балалар бақшасы, медициналық пункт, әлденеше дүкендер салынып, пайдалануға берілді. Оқтай түзу көшелер пайда болды, жарықтандырылды. Шаруашылыққа қарасты елді мекендердің сыртқы ажарына, ішкі тазалығына жіті көңіл бөліне бастады. Абаттандыру жұмыстары мұнымен де шектелмей, әр көктем сайын көшет отырғызылатын. Еңбек адамдарының өзге өңірлердегідей мәдени демалысын ұйымдастыру мәселесі де көп көрім шешіліп қалған. Міне, осы сәтте облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет ауыстырып кетті. Ел тәуелсіздік алған жылдары облыстық әкімшіліктің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Мұнан соң облыстық жерге орналастыру және жер ресурстарын реттеу комитетінің төрағасы, Еңбекшілдер ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Мұның барлығы жеке адамның өнегелі өмір жолдары. Қай қызметте жүрмесін, халқына адал қызмет етуді алдына айнымас мақсат етіп қойды.    
2001 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. Мекеме жаңа ғана ұйымдастырылып жатқан. Атқаратын қызметі атауында тұрғандай еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау бойынша, үшінші бір қызметі еңбекке жарамсыздық деңгейін анықтап, жәрдемақы тағайындау. Жаңа жұмысты ұйымдастыру оңай-оспақ шаруа емес. Ұзақ жылдар бойы қызметтің бірталай сатысынан өтіп, шарболаттай шыңдалған Мағауия Қабдуақасұлы өзіне сеніп тапсырылған қызметті ұршықтай үйіріп әкетті. Тағы да алысқа сапар шектірген тынымсыз күндер басталды. Жаңа ұжымды қалыптастыру, соныға соқпақ салу іскерлігі мол, жауапкершілігі жоғары жанның ғана қолынан келмек. Сол еңбегінің арқасында ел алғысына бөленді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қарап отырған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде заманында ел игілігі үшін бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсаған аға буынның ендігі тіршілігінің ұйытқысы.
М ағауия Қабдуақасұлы жауапты, салмақты қызмет атқара жүріп, бауыр еті балаларына да жақсы тәлім-тәрбие беріп өсірді. Қазір Еркін есімді ұлы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында департамент басшысы, ал, Мұраты жеке кәсіпкер. Қызы Әлия тұрмыста. Күйеу баласы Еркебұлан құқық қорғау саласының қызметкері. Жан жары Қарлығаш прокуратура саласында абыройлы қызмет етіп, зейнетке шыққан. Бүгінде шуақ нұры шалқыған отбасында немерелерінің алаңсыз күлкілері күміс қоңыраудай сыңғырлап естіледі.
Алда мәуелі қоңыр күз. Бар саналы ғұмырын қасиетті топырақтың гүлденуіне арнаған азаматтың табаны тастан таймаған тарланбоздай еткен еңбегі, еліне сіңірген қызметі кейінгі толқынға үлгі-өнеге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар