Облыстық сайлау комиссиясының отырысында үстіміздегі жылдың 26 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сай-лауын жоғары ұйымшылдықпен өткізу мәселелері кеңінен сөз болды.
Аудандық және қалалық сайлау комиссиялары төрағаларының қатысуымен өткен жиында сайлаудың заңға сәйкес өткізілуі, осыған жауапты мекемелердің алдында тұрған міндеттер жан-жақты талқыға салынды. Алдымен облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Николай Политкин Президент сайлауына дайындық жұмыстары жайлы
баяндама жасап, жауапты науқанға Елбасының Жарлығына сәйкес біздің облыс та қызу кіріскендігін атап өтті.
Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 2011 жылы өткізілген соңғы Президент сайлауында рес-публика бойынша тұрғындардың 89,9 пайызы, облыс бойынша 92,8 пайызы дауыс беруге қатысқан. Ал, биылғы сайлау науқанында құрамына 5796 адам кіретін 828 сайлау учаскесі, соның ішінде 20 аумақтық сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады. Өткен жылы 31 сайлау учаскесінде дауыс беру жабық түрде өтсе, биыл бұл көрсеткіш 26 учаскені құрағалы отыр.
Осы орайда, барлық комиссия мүшелерінің заңды жетік білуі, сайлау учаскелерінің қажетті құралдармен жабдықталуы да аса маңызды екені айтылды. Сондықтан да, сайлауға дейінгі қалған бір айда осы бағытта дәйекті жұмыс жүргізілуі тиіс. Президенттікке үміткерлердің халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстары бүгін басталмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.