Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Батыстық құндылықтың кері әсері - АРҚА АЖАРЫ

Батыстық құндылықтың кері әсері

 Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов «МұнайМаш» акционерлік қоғамында болды.

  Кездесуге Т.Сыздықовтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Тұрғын Сыздықов кездесу қатысушыларын өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаларымен таныстырды.
Сондай-ақ, ол ХІХ ғасырдағы ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылар – Карл Маркс пен Фридрих Энгельс тарихи тәжірибеге негізделе отырып, қоғамдық дамудың объективті заңдарын жасай келе, адами қоғамды жаңа коммунистік формацияға көшіру қажеттігін теориялық негізде дәлелдеп бергенін атап өтті.
«Біз ғылыми коммунизм идеясын жалғастыруға қарай үлкен қадам жасадық. Дамудың көп кезеңді жолдарынан өттік.
Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюрократияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайға дер кезінде әрекет етудің тұрақты механизмдері жұмыс істейді.
Мұның бәрі өмірдің тұрмыстық қажеттіліктерінен туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына негізделеді», – деп көрсетілген Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Сонымен қатар, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі әсері
жайында мәселе көтерілген.
«Жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электрондық БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм принципін насихаттауда, бұл өз кезегінде ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін.
Еуропалық елдерде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған батыстық мәдениет дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде.
Батыстың кемшіліктері әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады.
Себебі, тұтыну, әлеуметтік құбылыс ретінде, көп жағдайда материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастыратын құндылықтар мен идеялар жүйесіне негізделген», – деді Тұрғын Сыздықов.
Оған қоса, кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында батыстық кинематография стандарттарының кері әсері туралы мәселелерге мән берілді.
«Кинематографияның батыстық стандарттары зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Осыдан барып қатыгез күштердің, жағымсыз кейіпкерлердің өз заңдарын насихаттауға жол ашылды.
Батыстық кинематография зорлық-зомбылыққа деген қызығушылықты оятып, оны адамның сана-сезіміне жат эстетикалық нормаға айналдырды.
Батыстық мәдениеттің осынау күдікті «жетістігі» батыстық өркениеттің барлық салаларының дамуына көлеңке түсіріп отыр.
Батыстық әдебиеттің де жағдайы мәз емес. Ол әлемдік мәдениеттегі өзінің бұрынғы әлеуетінен айырылып, зорлық-зомбылық пен бұқаралық әдепсіздікті насихаттайтын кинематографияның жетегінде кетті», – деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Кездесу соңында кандидаттың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Сергей Мартемьянов жиын қатысушыларына жүргізіліп жатқан насихат жұмыстары жайында айтып берді
«Штабымыздың сенімді тұлғалары анықталды. Олар барлық ақпараттық жұмыстарды жүргізетін болады. Қолымызда жұмыс жоспары бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар жоспарланған.
Біздің штаб БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс орнатты, олар үшін есігіміз әркез ашық.
Кандидатымыздың қызметі мен оның сайлауалды тұғырнамасы туралы барлық қажетті ақпараттарды ұсынуға дайынбыз», – деді Мартемьянов.

 

 

31 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының ауыл шаруашылығы тауар  өндірушілерімен кездесті.

 

Кездесу барысында кандидат Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты екі бағыты – коммунистік партия қызметінің негізгі қағидаттары және батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру салтының кері әсері туралы әңгімелеп берді.

 

«Батыстық әлем жүйесі дағдарысқа ұшырады: жаңа қоғамдық даму формалары іздестіріліп жатыр.
Қазіргі заманғы Батыстың келбеті экономикадағы, қаржы саласындағы трансұлттық корпорациялармен, қоғамның кедейлер және байлар болып бөлінуімен айқындалатын дамудың постиндустриялық кезеңіне, жаһандану дәуіріне аяқ басуымен сипатталады.
Шектен шыққан демографиялық үдерістер, босқындардың қалың толқыны гуманитарлық апатқа ұшыратуы мүмкін», – дейді Сыздықов.
Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында атап өтілгендей, «жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электрондық БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм принципін насихаттауда, бұл ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін».
Тек коммунистер ғана емес, сондай-ақ, ірі саясаткерлер, экономистер, ғалымдар да батыстық қоғам әділетсіз деген пікірді қолдайды. Дамушы коммунистік идеялардың көмегімен ғана адамзатты құтқаруға болады. Ол өз кезегінде теңқұқылы халықтарды, адам мен табиғаттың мүддесін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру стандарттарының кері әсері жайында сөз қозғаған Тұрғын Сыздықов келесі мәселелерге тоқталып өтті:
«Батыстық мәдениеттің түйткілдері қазір әркімге аян. Ол маңызды құндылықтарынан айырылып, бағытын жоғалтқан қоғам абдырап қалды.
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, батыстық қоғамда шексіз баю мен жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру өмірдің басты мәніне айналып барады.
Батыстық фильмдерде насихатталатын бейқам өмір – адам-тұтынушы тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтатын ақиқаттан алыс аңыз ғана».
Одан бөлек, кандидат Сыздықов аграршылардың жұмысының, сонымен қатар, дұрыс тамақтанудың маңыздылығын атап өтіп, батыстық фаст-фудтың зияны мен сапасыздығына кеңінен тоқталды.
«Мұндай тағамды тұрақты тұтынудан туындайтын зиян ішімдіктің немесе шылым шегудің салдарынан кем түспейді. Алайда, фаст-фуд салынған пакеттің сыртында денсаулыққа келтіретін зияны туралы ешқандай ескерту жоқ.
Дұрыс тамақтану мәселесі әркез өзекті болып қала бермек – ол денсаулық негізі. Батыс елдерде халықтың фаст-фудқа деген қызығушылығы семіздікке шалдыққан адамдардың санын еселеп жатыр. Сондықтан да, батыста жүрек-қантамыр аурулары адам өлімінің басты себебіне айналды», – деді Т.Сыздықов.
Өз кезегінде ҚКХП облыстық комитетінің жетекшісі С.Мартемьянов жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша үгіт жұмыстарына кірісті. Сенімді тұлғалары белгіленіп, насихат материалдарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қорытындылай келе, Тұрғын Сыздықов кездесу қатысушыларына алғысын білдіріп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне жағымды ауа райы мен сәтті егістік науқанын тіледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар