Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың маусымында еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын бекітті. Бұл жаңашыл құжат мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі байлықтарымызды тиімді пайдалануды, ең бастысы, шексіз мүмкіндіктегі жел және су ресурстарының қуатын игілікке жаратуды көздейді. Осы бағыттағы жобалардың бірі Ерейментау ауданында іске асырылуда. Біз елді елең еткізген бастаманың мәні мен мазмұны жөнінде аудан әкімі Ермек Нұғымановтың пікірлерін оқырманға жеткізу мақсатында әңгіме құрып едік.
– Ермек Бекенұлы, ел тәуелсіздігі еркін дамуға жол ашумен қатар, қолда барды ұқсата білуді, ертеңгі есіктеріміздің алаңсыз ашылуын да қамдайды. «Қолда бар» дегеніміз – баламалы қуат көздері. Сіздің ауданда ерен жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұрын болмаған бастама еді. Өзіңіз таныстыра әңгімелеп өтсеңіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жетекші телеарналардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде тәуелсіздікті алумен қатар оны ұстап қалудың орасан зор жауапкершілігін алға тартты. Еліміздің тәуелсіз ғұмыр кешкеніне 24-ші жылға аяқ басты. Қазақстан тынысының тереңдігімен, Көшбасшысының көрегендігімен, болашағының кемелдігімен әлем назарына ілініп отыр. Қазақтың қайтпас мінезі – отыздықтан орын алу. Оған көптеген негіз бар. Жетілдіре түсер тұстарымыз да баршылық. Соның бірі – әлемді қатты толғандырып отырған табиғат байлықтарын пайдаланудың озық үлгісі. Бұл орайда, жаһандық экономикалық сынақтарды былай қойғанда, ЭКСПО-2017-нің емтихандары баршамызды толғандыратыны белгілі. Өйткені, әлем назарындағы шараның ұраны – баламалы қуат көздеріне аударылып отыр. Еліміз бұған дайын екендігін көрсету үстінде. Оған дәлел – Ерейментау ауданында салынып жатқан, өзге өңірлерде баламасы жоқ бірінші жел электр стансасы болып табылады.
«Жасыл энергетика» кешенінің жалпы аумағы 60 гектарды алып жатыр. Бұл істі қолға алған «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС алғашқы мезеттегі 45 МВт қуатты келешекте 300 МВт-ға жеткізуге сенімді.
– Жел энергетикасы жаңа қуат көздерінің мейлінше даму үстіндегі тиімді түрі саналады. Қазақстандағы жел энергиясының әлеуеті мейлінше мол аймақ ретінде Ерейментауға таңдау түсуінің сыры неде?
– Бұл тыңғылықты зерттеулерге негізделген мәселе. Арқа төсінде айрықша артықшылыққа иеленіп отырмыз деу жараспас. Осы орайда, Асан қайғы атамыздың аңыз ретінде айтылатын мына сөздеріне құлақ түрген артық емес сияқты. Ел аузында аңыз болған, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бір әңгіменің түпкі төркіні бүгінгі заман жаңалығымен толық үйлесім тапқандай. Асан қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жолға шығып, жерұйық іздеп, Ерейменнің төңірегінен өткен сәтінде «Жарықтық, бұл өңірдің жеті есігі бар екен-ау. Жыл он екі ай айналасынан жел уілдесе де, халыққа жайлы қоныс, малға ыңғайлы өріс боларлық құтты өңір екен. Баурайында жайлаған мал оңалар, шүкір, елдің тұрмысы да көш ілгері болар», – деп сипаттаған деседі. Үкімет басшылары мен ғалымдарымыз, өндірістің жаңашыл ұйымдастырушылары осы байламға тоқтам жасағанына ризамыз.
– Шын мәнінде бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың жолашары болып отыр. «Нұрлы Жол – болашаққа бас-тар жол» жаңа Жолдауы да осыдан екпін алатыны белгілі. Ендеше, «Бірінші жел электр стансасына» қойылатын міндет пен мақсат нені көздейді?
– Елбасы өз Жолдауында энергетика саласына тоқтала келе: «…Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек», деп атап көрсетті. Ерейментаудағы айрықша жоба баламалы және жаңармалы қуат көздері арқылы елімізде пайдаланылатын қуат жиынтығының жартысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мақсат – жылу-энергетикалық ресурстардың жалпы шығынын төмендету, экологиялық ортадағы ықтимал әсер деңгейін мейлінше азайту арқылы үдемелі әрі тиімді қуат құрылымдарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, аталған жоба Ақмола облысындағы электр қуатына сұраныс пен оған деген тапшылықты елеулі түрде төмендетуге мүмкіндік береді. Жоба авторлары мұнымен де шектеліп қалмайтындығын айтуда.
Біз үшін басты қуаныш «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген ЭКСПО-
2017 халықаралық көрмесі толығымен Ерейментау ЖЭС-те өндірілген электр қуатын пайдаланатындығы. Бұл ел үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі бұрын-соңды болмаған мерейлі оқиға болмақ. Бүгінгі таңда «Мәңгілік Ел» ұстындарын нықтап жатқан Қазақстан аталған міндет үдесінен абыроймен шығатыны анық.
– Жаңалыққа жаны құмар. Біздің қалың оқырманымыз Ерейментау жел электр стансасының техникалық көрсеткіштеріне ден қоятыны белгілі. Осы жөнінде мағлұмат берсеңіз.
– ЖЭС әрқайсысы 2,05 МВт қуаттағы 22 турбинадан тұрады. Өткен жылы Елбасы қатысқан тікелей телекөпір байланысында «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС жобасының менеджері Әлижан Құрманов мынадай деректер келтірді. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізілген жобаның жалпы құны, тиісті өзгертулерді қосып есептегенде 18 миллиард теңгеден асып түседі. Техникалық экономикалық негіздемелерге сай, кемінде 20 жыл жұмыс істейтін стансада бұл қаржы сегіз жылда толық өтеледі. Дайындық және құрылыс-монтаж жұмыстарының бір бөлігі бұрнағы жылы аяқталған. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарына мұнаралардың 12 кешені және қалақшалардың толық құрамы жеткізіліп, сегіз жел қондырғысы орнатылды. Мұнымен бір мезетте Ерейментау подстансасынан құрылыс орнына дейінгі 4 шақырымға 10 кВт қуаттағы және KEGOC-тен 220 кВт қуаттағы 8 шақырымдық электр желісі тартылды. Сондай-ақ, 20 шақырымдық жол құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 162 адам мен 30 бірлік техника қатыстырылуда.
Бүгінгі күні желқуат қондырғыларының 22 алаңы дайындалып, 19 жел электр қондырғылары құрастырылып отыр. Маңызды нысан 63000 кВА қуаттағы трансформатормен, басқа да көмекші жабдықтармен қамтамасыз етілді. Өткен жылы 13 ЖЭҚ іске қосылса, қалған тоғыз қондырғы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қорыта айтқанда, 2015 жылдың шілде айында Ерейментау ЖЭС ортақ желіге алғашқы «жасыл» киловаттарын бере бастайды.
– Ереке, «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС – ауданда мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған бірінші жоба. Сіздерде дәл осындай тағы бір егіз жоба бар ғой. «Самал» ЖЭС-ін айтып отырмын.
– Иә, 2012 жылдың екінші тоқсанында «Шеврон Мұнайгаз Инк.» корпорациясы «Самал» жел электр стансасы құрылысының жобасын ұсынды. Мақсат – станса құрылысын жобалау және пайдалануға беру. Бұл Қазақстандағы шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылып отырған ең ірі жоба саналады. Басты идея экономиканы әртараптандыру, жоғары технологиялық өндірістер, жаңғырмалы және экологиялық тұрғыда таза электр қуаты салаларын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға бағытталған. «Самалдың» жобалық қуаты 50 мВт-ға лайықталған. Мұнда 54945 миллион теңге инвестиция игеріледі деп отырмыз. Қажетті жабдықтар әлемнің озық компанияларынан жеткізілген. Қазір нысан құрылысында жүзден астам адам жұмыс істеп жүр. «Самал» жоспар бойынша 2017 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
– Ауқымды жобаның жемісі алымды кадрлардың қолында. Бұл орайда қандай мәселелер қолға алынып жатыр?
– Аталған екі жоба шетелдік технология мен жабдықтар күшімен іске асырылуда. Бас мердігер «BI ENERGI PLUS» ЖШС мен қосалқы мердігер «Квинтек» ЖШС жұмысқа екі жүз елуден астам адамды жұмылдырды. Нысандар пайдалануға берілген сәтте білікті электриктерге, операторларға сұраныс өседі. Сондықтан, германиялық мамандар жергілікті тұрғындарды оқытып, үйрету үстінде. Өз тарапымыздан да белгілі тұрғыда қам-қарекеттер жасалуда. Кешенді түрде жүргізіліп отырған дайындық шаралары кадр мәселесіндегі сұрақтардың оңтайлы шешілетіндігіне негіз қалайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Бақберген АМАЛБЕК.
Ерейментау ауданы.