Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Сұңқар» сауықтыру кешенінде әйелдер арасында дойбыдан әлем чемпионы атағы үшін өтетін халықаралық матчтың ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Әлем чемпионы атағы үшін бұған дейін осы атақты 13 дүркін иеленген латвиялық Зоя Голубева мен бес дүркін әлем чемпионы ресейлік Тамара Тансыккужина бәсекеге түседі. Баспасөз мәслихатында алдағы сайыс туралы аталған қос халықаралық гроссмейстер мен жаттықтырушы Юрий Черток, матчқа әділқазылық ететін польшалық төреші Яцек Павлицкий және ҚР дойбы Федерациясының вице-президенті Айрат Нұрғазиев өз ойларын ортаға салды.
Қызғылықты өтеді деп күтіліп отырған байрақты бәсеке сәуірдің 10-ына дейін жалғасатын болады. Осы уақыт аралығында атақты шаршы тақта шеберлері дойбы спортымен айналысушыларға шеберлік сыныбын да өткізбек. Тағы бір айта кетерлігі, әлем чемпионы атағы үшін болатын бұл сайысты күн сайын онлайн режімінде кез-келген адам тамашалай алады. Яғни, дойбы матчын әлем елдері ғаламтор желісі арқылы көріп, спортшыларға жанкүйер болмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.