Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
САЙЫСТЫҢ САЙЫПҚЫРАНЫ - АРҚА АЖАРЫ

САЙЫСТЫҢ САЙЫПҚЫРАНЫ

 Сарыарқадай ұлы далада еркін өскен қазақ баласының өмірлік жан серігі, көңілінің қанаты ежелден жылқы болғаны баршаға белгілі. Бабаларымыздан қалған атбегілік өнер ұрпақтан-ұрпаққа сабақты ине сәтімен жалғасып-ақ келеді.

  Қазақстан Республикасы ат спорты ойындарының чемпионы Марат Нұрпейісов жастайынан ат жалын ұстап өскен ұлан болғандықтан, осы ұлттық өнерге бар күш-жігерін салып жүргенінен көпшілік қауым жақсы хабардар.
Целиноград ауданындағы Оразақ ауылының тумасы аударыспақ сайысы бойынша ғана бірер жылдардың ішінде ондаған жүлделі орындарды жеңіп алды. Ол Ақмола облысы аймағында өткен «Құлагер», «Ақбидай» спартакиадаларына үзбей қатысып келе жатқан спорт саңлағы. Мәселен, 2012 жылдың мамыр айында республикалық ХХІІ ұлттық ат спорты чемпионатында Марат Нұрпейісов 100 келі салмақта аударыспақтан облыс намысын қорғап, еліміз бойынша 1-ші орынды жеңіп алғанын қалайша ұмытуға болады?! Осы аталмыш шарада оған «Ең үздік сайыскер» атағы қоса берілді. Ал, Көкшетау қаласында өткен марапаттау салтанатында оған майталман атбегі және осы сала спортының үздік ұстазы ретінде алтын медаль мен арнайы сертификат қоса тапсырылып еді. Жалпы, аударыспақ сайысындағы ауыр салмақта Марат Нұрпейісов республиканың екі дүркін чемпионы, спорт шебері атанған түйе балуан.
Қажыр-қайратына парасаттылығы сай жігіттің өмірлік мұратына жетуіне кезінде әкесі Қазақстан Кәкімұлы, ағалары Төлеш пен Қуат дем берген екен. Көкпар мен аударыспаққа ертеден әуес ағайындылар шетінен намысқой, кешегі өткен қайратты қазақ батырларының ізбасарлары іспеттес. Мараттың өзі бойшаң, нар тұлғалы жігіт. Елбасының «Күзет қызметінде» әскери борышын өтеген. Әкесі, марқұм Қазақстан ағамыз ат баптаудың хас шебері, жаратқан бәйге аты – Қасқатай түрлі айтулы додаларда алдына сәйгүлік шығармаған, кешегі Ақан серінің Құлагеріндей ерен жүйрік болған көрінеді.
Оразақтың мал шаруашылығында жұмыс істей жүріп, ол атадан мирас боп келе жатқан атбегілік өнерін одан әрі ұштай берген.
– Сіз нанасыз ба, осы Қасқатайды әкемнің болатын жарыстарға бірнеше жұма бұрын жаратқанын өз көзіммен көрдім, – деп еске алады Марат Қазақстанұлы. – Сусаған кезде, қанша жиреніп тұрса да, таза саумалмен суаратын. Бедірейіп ерегессе де оған саумал сүтті ішуді үйретті ғой. Өлі жүні түгелдей түсіп, құндыздай жылтыраған жылқының ойнақы мінезі мен от шашқан көздеріне қарап әкем оның бабына келгенін өзінше сезінетін.
Сол қазақы жылқының тұқымы Нұрпейісовтер әулетінің атын елге аңыз етті. Оразақтың жүйрігі 10 жыл бойы облыстық, ауданаралық түрлі шақырымдардағы жарыстарда ешкімге дес бермеді.
Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында өткен «Тоқ бәйге» жарысы кезінде Қасқатай таза қанды ағылшын жүйрігімен үзеңгі қағысып көмбеге қатар келеді. Екінші күні «Аламан» басталып, Қазақстан Кәкімұлы жүйрігін, көріпкел кісідей, қалың сәйгүліктердің ішіне қосып жіберіпті. 25 шақырымға созылған бәсекелі қызу жарыстың көрермені қалың болған. Алғашқы айналымдарда-ақ құйрық-жалы түйілген дүлдүлдердің сыртқа шығып қалғандары аз болмады. Сонда республиканың әр өңірінен үмітін үкілеп тағып келген бапкерлердің таза қанды жылқыларын тегіс артта қалдырған Қасқатай мен оның иесі Қазақстан атбегінің бақыты мен қуанышында шек болмап еді.
Ақынжанды, сері мінезді Қазақстан ағамыздың өзінің жүйрігі, көңілінің қиял құсы Қасқатайға арнаған өлең жолдары да жеткілікті. Бірде жылқыны жаратуға сұлы керек боп қалады. Оразақ кеңшарының басшысына барып, осы тілегін ол өлеңмен былайша жеткізген екен:
Буыным арықтықтан дірілдейді,
Сұлы жоқтан көзім бір ілінбейді.
Есімі шартарапқа шырқап тұрған,
Бір өлсе, бұл Қасқатай тірілмейді.
Сайыстың майталман шебері, сайып-қыран азамат Марат Нұрпейісовтың өмірде сол өз шаңырағында көргендері оның ұлттық спортқа бейім боп өсуіне жол ашты. Ат жарату, тазы жүгірту сүйікті ісіне айналды.
Қарулы жігіттің астындағы аты да өзіне сай болуы керек.
– Сайыстың ауыр түрлеріне белі мықты айғырлар ғана жарайды, – дейді тәжірибелі спортшы Марат Нұрпейісов. – Ат пен байтал мұндай мініске шыдамайды. Олар тура келіп қалған адуын айғырлардан жалтарып, сескенгеннен жол беріп қояды. Өйткені, айғырдың қашанда мысы басым келеді. Үйірін ұялы қасқырларға алдырмаған текті жылқы малы туралы бұрынғылардың сөзі жалған емес.
Сайыскер азамат Астана қаласында тұрса да, жақын маңда тұрған ауылы Оразаққа күнделікті қатынап тұрады. Атқа мінбесе көңілі көншімейтін Марат сары далаға шығып, емін-еркін желіп, сағынышын басады. Жарғақ құлақ тазыларының орқоян мен түлкілерді екі аттатпай алуының өзі тек аңшыға тән рахат сезім екенін олардан артық кім білер.
Қазақстанның түпкір-түпкірінде өткен айтулы белдесулерде ең ауыр салмақ бойынша алдына жан салдырмаған Марат Нұрпейісов 2014 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанда болған  «Бүкілдүниежүзілік көшпенділер сайысына» аяқ астынан жолдама алыпты. Республикалық ат спортының бас төрешісі Рамазан Сатыбаевтың ұсынысын ойланбастан қабылдаған ол көрші мемлекет Қырғызстанға жедел аттанады.
– Халықаралық додаға 3 күн қалғанда барған маған ең әуелі қиындық тудырғаны жекпе-жекке мінетін жылқының табылмауы болды, – деп өткенді еске алады Марат ініміз. – Көршілес Шымкенттен жеткізіледі деген сөз бекер боп шықты.
Намысшыл азамат қырғыздардың ауылын аралап жүріп, өз ақшасы 80 мың теңгеге әрең дегенде белді бір мінер ат сатып алады. Аударыспақты көрмеген малға сенуге болмаса да, ол шарасыздықтан нар тәуекелге бел буады. Бірақ, ағайынды елдің осы шараны ұйымдастырушылары Қазақстан аумағында бұдан бұрын өткен чемпионатта өздеріне біздің төрешілердің жасаған әділетсіз ұйғарымын осы жолы еселей қайтарған екен. Қазақ баласының қара күшін көріп тұрғандарымен, жеңісті өз жерлестеріне күштеп беріп жібереді.
Қалың елге күйе жағуға тағы да болмас. Себебі, қырғыздың кеудесі орден-медальдарға толы қадірменді бір ақсақалы ортаға шығып: «Қырғыз-қазақ ағайын. Қарғам, батыр болса сендей болсын. Сен жеңдің, жеңіс сенікі» деп әділетсіз шешімге күйініп тұрған Мараттың жауырынынан қағып, жанашырлық сөзімен оның күпті көңілін сейілте біледі. Бұдан асқан мәртебе жоқ шығар. Америка, Қытай, Ресей, Ауғанстан, Венгрия, Түркия, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ирак сияқты көптеген алпауыт мемлекеттер өкілдері қатысқан ұлы дүрмекте жеңіс тұғырына көтерілгені, жалпы Қазақ елінің намысын әлемдік деңгейде қорғай алғаны үшін ол сонда қатты қуанып еді. Бұл шынайы таза жеңістің сезімі еді.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар