Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің жанындағы терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы бағыттағы нақты жұмыс жоспары айқындалды.
Комиссия отырысында «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету жөніндегі ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысы және осы мәселелердің БАҚ-тарда қамтылуы туралы» облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбраева баяндама жасады. 2014 жылы аталған топтармен 33 мыңға жуық адамды қамтыған 726 іс-шара жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Асхат Ғали, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы Виктор Курзаевтың баяндамалары тыңдалды. Комиссия мүшелері терроризмнің алдын алу жөніндегі іс-шаралардың аймақтық жоспары мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын тұрақты әрі сапалы жүргізу жөнінде әңгіме қозғады.
Облыс әкімі Сергей Кулагин де мұны құптап, мемлекеттік мекемелер мен нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Осы ретте, тиісті органдарға «Қазақалтын» тау-кен комбинатында күзетті нығайту және Ақсу, Бөстөбе кенттерінде алтын кені мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымына жол бермеу міндеті жүктелді