Қызылсая селолық округінің әкімдігінде халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың мамандарынан құралған мобильдік топ ауыл тұрғындарына қызмет көрсетті.
Мобильдік топқа азаматтардың көпшілігі зейнеткерлікке шығу мәселесі бойынша жүгінді. Мәселен, Жолдасбек Ақышев еңбек кітапшасында аты-жөні толық көрсетілмей, тегін жазуда өрескел қате жіберілгендігін айта келіпті. Ал, Гүлмарай Мағзұмова, Роза Бегалина, Бағлан Батаева сынды азаматшалар зейнетақы рәсімдеудегі қажетті құжаттарды сұрастырды. Аталған селолық округтің әкімі Бақытжан Ауқарова да көптен толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алды.
Ауыл тұрғындары үшін халыққа қызмет көрсету орталығының жылжымалы мобильді қызметі уақытты үнемдеуге септігін тигізген. Енді мобильдік топтың жаңа құрамымен құжаттарды реттеу жұмысы тіпті жеңілдетілді.
Бұл үш мекеме арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум нәтижесінде мүмкін болды. Аталған меморандум Қазақстан Республикасы Парламентімен қабылданған «Әлеуметтік еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» Заңды іске асыруына бағытталған. Осылайша, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету қолжетімділігі артып отыр. Мамандар техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.