Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы аймақтық штабтары, сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіріп, үгіт-насихат материалдарын үлестіруде.
Президенттікке үміткер Ә.Құсайыновтың Шығыс Қазақстан облысындағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Назгүл Ахметқалиева: «Штаб қызметкерлері ақпараттық-насихаттық материалдарды арнайы белгіленген жерлерге ілуде. Ондай орындар барлық қалаларда, аудан және ауылдық округтерде бар. Орналастырып, апта сайын тексеріп отырады. Сондай-ақ, олар жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырады. «Үйден үйге» деген жақсы акция бар. Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын үйді-үйге барып түсіндіреміз», – деді.
ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Өскемен қаласындағы сенімді тұлғасы Марина Тарасенко қала жұртшылығы сайлау науқанына қатысты азаматтық белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
Қостанай облысында аймақтың 30-ға жуық белсенді азаматы күн сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Қостанай облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Тибеевтің айтуынша, үгіт жұмыстары тек облыс орталығын ғана емес, сондай-ақ, аудан орталықтарын да қамтып отыр.
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық штабы сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын таратумен айналысады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 19 сенімді тұлға бар. Оның бәрі алдағы сайлау жұмыстарына қызу дайындалып жатыр. Үгіт-насихат материалдарын таратып, плакаттар мен үнпарақтарды іліп, ауылды жерлерде билбордтар орнатуда. Белсенділер үгіт-насихат науқанының заңға сәйкестігін қатаң бақылауда ұстайды.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғасы Айгүл Бекбосынның айтуынша, штабта үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабында 16 сенімді тұлға жұмыс істейді. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандар бойынша белсенді үгіт жұмыстарын жүргізуде.
Қалада арнайы бөлінген жерлерге кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы жазылған 2,5 мың бағдарлама ілінді. Тұрғындар арасында 150 үнпарақ таратылды. Сондай-ақ, облыстың бірқатар аудандарына үгіт материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың аймақтық штабының өкілі Н.Дуля атап өткендей, қызметкерлер барлық тиісті жұмыстарды орындап жатыр. Яғни, Ақтөбеде қажетті ақпараттың бәрі қолжетімді.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабтарында жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.