Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ортақтың Сәбит Мұқановы - АРҚА АЖАРЫ

Ортақтың Сәбит Мұқановы

 Иә, есімі мен тегі қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановпен бірдей аталатын, Көкшетау қаласының іргесіндегі Ортақ ауылынан шыққан Сәбит Мұқанов деген ағамыз бар.

Кіші Сәбең  мұны іштей өзіне ерекше мақтан тұтады. Бірақ, атын атақты қаламгер Сәбит Мұқанов қойғанын екінің біріне шешіліп айта бермейді. Бір жайланып отырғанында  көңілінің пернесін дөп басып, сыйлы ағаның өзінен осы жағын біраз суыртпақтап, көкірегімізге құйып алғанды сәтін салған шаруаға баладық.

 1936 жылдың  8 наурызы.  Жиырмасыншы жылдары жалындаған жастығы Қызылжар, Көкше өңірлерінде өтіп, тап күресінде алдыңғы лектен көрінген Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов сол бір тұста «Көкшетау» деп аталатын қазақ болыстық  ревкомының (губерниялық, ояздық ревкомдардан кейінгі) төрағасы да болған. Ревкомның өзі қазіргі Зеренді ауданының Ортақ ауылындағы атақты Нығметжан байдың қарағайдан қиып салған ағаш үйінде орналасып, осы ауылда басынан біраз жағдайдың өткені жазушының «Өмір мектебі» кітабында да егжей-тегжейлі қамтылған (екінші кітап, 403 – 441 беттер).
Кіші Сәбит Мұқановтың әкесі Мұқанды сол тұста кеңес өкіметін орнату жолындағы бірлескен күрестен білетін үлкен Сәбең дәл жоғарыда көрсетілген жылы бір сапармен Көкшетауда болады. Көкшетауда болғанда да, өзінің ескі досы, сол кезде  Көкшетау  ауданының жер бөлімінің бастығы болып істейтін  Мұқан Балтаұлымен жүздесіп, өткен-кеткеннен әңгіме-дүкен құрады ғой. Қастарында сол аудандағы комсомол ұясының жетекшісі, әлі балаң жігіт Баян Жанғалов бар. Әлден уақытта бөлім бастығының атқосшысы жүгіріп келіп, Мұқан ағамыздың үйіндегі Қадиша апайымызды толғақ қысып жатқандығын айтады. Сол жолы не керек, дәл Халықаралық әйелдер күні дүниеге қызылшақа нәресте келіп, есімін «фамилиямыз келіп тұр, енді аты да келіп, қай жағынан да өзімнің адасым болсын» деп атақты Сәбит Мұқанов «Сәбит» деп қойып кетеді.
Бұдан әрі бір ғасырға жуық жасаған ғұмырында қазақтың абыз ақсақалы атанып, ұзақ та өнегелі өмір өткелінен өткен,  партия және шаруашылық қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов атамыздың жадының мықтылығы мен сұңғылалығына да сәл тоқтала кетпесек болмайтын сияқты.
–1970 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданының «Октябрь» кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеп жүрген жерімнен Көкшетау облысының Чистополь аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасарлығына жоғарылатылып, жаңа жерге барысымен бірден аупарткомның бірінші хатшысына сәлем беріп, кіріп шыққанды жөн көрдім. Ал, бірінші хатшы анау-мынау емес, сол кезде де атағы дүрілдеп тұрған Баян Жанғалов ағамыз еді. Сол жолы кабинетінің есігін өзі келіп ашып, жылыұшырай «Жүр, Сәбит, жоғары шық» деді. Таң қалдым. Қолымды қысып ұстап тұрды да, «Маған өмір дерегіңді айтпай-ақ қой, оны өзім де білемін, одан да отбасыңды, бала-шағаңды айт» деп сөзін әрі жалғады. Атымның қалай Сәбит қойылғаны туралы осы жолы сол сәттің бірден-бір куәсі болған Баякеңнің  өз аузынан тағы бір естідім. Ертеден біздің шаңырақпен аралас-құраластығының шарапаты болар, өзімнен үлкен ағам, колхоз төрағасы Сейполла Мұқановпен анда-мында кездескенде де, әлі күнге іш тартып, шүйіркелесіп жүреді екен. Бірі аға, бірі іні, екеуі де Ұлы Отан соғысының ардагері, майданнан оралысымен бейбіт өмірдің ыстық-суығына дейін бірге көрген замандастар. Оның үстіне «әкең Мұқанды жақсы білуші едім. Жаңа заман енді орнап жатқан сонау бір аласапыран кезеңде ойымыз бен бойымызды сол үлкендерге қарап түзейтін едік» деп бастап, бір сағатқа созылған байыпты әңгімесі де жаныма қалай жақпасын.
Сөйткен әке 1942 жылы соғыстың нағыз қызып тұрған шағында труд армияға алынып, кейін сол жақта Челябі қаласынан топырақ бұйырады. Екеуара әңгімеміз осыған тірелгенде Сәбит аға бір түрлі мұңайып, «кейін екі рет іздеп барғанымызбен, қабірін нақты таба алмай, құр қол қайтып келдік қой» деп ауыр күрсініп қойған.
Осы арада әңгіме ауанын жақсылыққа қарай  бұрып, «бір кезде атыңызды қойған сол Сәбит Мұқанов атамызбен  ол кісінің көзі тірісінде тағы бір кездесудің сәті түспеді ме?» деген сауалымызды да іркіп қалмағанбыз.
–Кездестім, – дейді бұған ағамыз жүзіне қайтадан жылылық ұялап, – 1960 жылы 1 шілдеде ұлы жазушы 60 жасқа толды. Республикамыздың бүкіл қоғамдық  жұртшылығы болып бұл мерейтойды кең көлемде атап өтті. Сол мерейтойының қарсаңында Сәбит ағаның өзі, республикалық колхозшылар кеңесінің төрағасы болғандықтан, Алматыға жолы жиі түсіп тұратын Сейполла ағамнан «аналарың Қадишаны алып, әлгі Мұқаңның аузынан түсіп қалғандай, мен атын қойған бала бар еді ғой, бәрің әдейі тойыма келіңдер» деп сәлем айтып жіберіпті. Содан жаздың іші, нағыз шөп науқаны жүріп жатқан кез. Ағай жұмысынан босай алмады, шешей болса етжеңді, толық, пойызбен жүріп-тұруы қиын. Не керек, осы тойға барып келудің сәті маған түсті. Қолымда жылқының еті мен бір қарын сары май салынған, екі кісі әзер көтеретін ауыр жүгім бар. Сейполла аға Көкшетаудан шығарып салған. Екінші Алматыдан түсіп, «кім күтіп алар екен» деп жан-жағыма қараймын. Құлағымды түрсем, «Көкшетаудан келген  сондай да сондай жолаушы, сізді сол жерде күтіп тұр» деп дыбыс күшейткіш саңқылдап тұр. Мені күтіп алуға келген Сәбеңнің өз балалары Болат пен Марат екен. Содан бір аптадай аунап-қунап сол үйде жаттым. Алдымен, дүркіреп 60 жылдық той өтті. Сол салтанатты кешке келген бүкіл республика басшыларын көрдім. Сәбеңнің өзі мен Мәриям апайымыздың көңілдері соншалықты кең, дархан даламыздай пейілдеріне теңеу табудың өзі  қиын. Асты-үстіме түсіп бәйек болады. Реті келгенде Сәбең өзін құттықтап, ертелі-кеш кіріп-шығып жатқан қонақтарға менің атымды қалай қойғанына дейін аз сөзге көп мағына сыйғызып, мақтанышпен айтып қояды. Той аяғы тарқаған сондай күндердің бірінде жазушыны үй-ішімен Бауыржан Момышұлы саяжайына қонаққа шақырды. Сөйтіп, Сәбеңнің арқасында өзім аты мен батырлығына сырттай ғана қанық  Баукеңді де көрудің бақыты бұйырды. Екінің біріне иліге қоймайтын ердің ері Сәбеңнен мән-жайды естіп, білген соң,  «Сабит Муканов второй» деп  болмай, төрге шығарып, Сәбит аға мен Мәриям апайдың жанына отырғызып қойды.
Иә, бір аты-жөнімен ғана ұлылардың соншама шарапатын көрген кейіпкеріміздің бұл жан сыры  осы орайдағы көп айтарының бір тармағы ғана. Болмысынан тұйықтау, «солай екен» деп көп шешіле қоймайтын мәдениетті де зиялы жан соның бәрін сары майдай ішкі жан сарайында сақтайды, оқта-текте болмаса, көп ауызға алған емес. Онысы бір жағы, қарапайымдылығынан да болар. Бірақ, көңілінің түкпірінде жатқан мына бір ұмытылмас жағдайды да ептеп сұрастырып білген соң,  қағаз бетіне түсірудің әбден реті келіп тұр.
Ұлы Отан соғысын жауды темір танкіде өкшелеумен өткізіп, майданнан маңдайы жарқырап, басқа орден, медальдарын айтпағанда, қос бірдей «Даңқ» орденімен оралған  Сейполла ағасы бейбіт өмірдің де ерен ері еді. Кілең өзге ұлттың өкілдері тұратын поляк колхозын басқарып, оны республикалық деңгейдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналдырған абзал аға 1975 жылы өмірден ерте өтіп кете барды. Бұл – ол кісіні жақсы білетін бүкіл Көкшетау облысының ауыл шаруашылығы саласындағылар үшін  орны толмас ауыр қаза еді. Содан көп өтпей, кіші Сәбит Мұқановты сол кездегі облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков шұғыл шақыртып алыпты. Ол кезде сол Чистополь ауданындағы қызметінде жүрген-ді.    
– Ағаңның орнын  жоқтатпай, «Красная Звезда» колхозына басшы болып бар. Халқы сені сұрап отыр, – дейді  сәлден соң тоқетеріне көшіп.
– Сізді осы мәселемен алдыртады деп ойламап едім. Бір тәулікке мұрсат беріңіз, шешеймен ақылдасып көрейін, – деп жауап береді бұл да  күтпеген ұсынысқа  тосылып.
– Кеше сол жаққа жолым түсіп, анаңа кіріп шықтым. Бірақ, өзің шешеді ғой деп ол кісіге айтпап едім, – деп бірінші хатшы жүзін суыта түскендей болады.
Бәрін сол күні кешкісін Сейполланың артынан жылап-сықтап, қара шаңырағында қалған анасының «сен бұларға күні бұрын қол астындағы әр қызметкерінің туған күніне дейін біліп отыратын Сейполладай бола алмайсың ғой. Ертең жұмыс бабымен біреуіне қатты тілің тиіп кетсе, ағаңмен салыстырып, көңілдері қалса қайтесің» деген бір-ақ ауыз сөзі шешеді.  
Сөйтіп, не де болса, осыны айтайын деп қайта бірінші хатшыға келмей ме. Бір түрлі жүрексініп, тайсақтағанымен, көлденең жұрт әдетте қатал дейтін хатшы мұны жақсы түсінген. Түсінгені сол:  
– Онда бәрібір елге, анаңа қарай жақында, – деп бүйірдегі көп телефонның бірін көтереді. Сөйтеді де, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Моисей Чженге:
– Реті келсе, Красноармеец, Чкалов аудандарының бірінен қазіргі атқарып жүрген қызметінен  кем соқпайтын бір орын тауып беріңіз,–дейді өтініп.
Осылай Еркін Нұржанұлының сондағы бір ауыз сөзінің арқасында үнемі шетте жүрген өз басы ел жақтан бір-ақ шықты. Ұзын-ырғасы 40 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы өндірісіне адал еңбегін сіңіріп, Сәбит Мұқанов деген дардай аты, сыйымды мінезімен айналасына «мынадай» деген бір азамат ретінде танылып, зейнет жасына да жетті. Өзі 1962 жылы  күндізгі бөлімін оқып бітірген Омбы ауыл шаруашылығы институты да шүкір, білім-білігін ешбір басшыдан кем соқтырмады. Екінің біріне бұйыра бермеген «Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі» атағы да соның айқын айғағы десе болады.
Қазір бала-шағасы, қаумалаған немерелерінің ортасында  құдай қосқан қосағы Гүлбаршын тәтемізбен бақытты ғұмыр кешіп жатқан ел ағасы өзіне қараған үлкен бір әулеттің ғана емес, бүтін бір осы төңіректегі «Тайынша» атты елдің үлкені, ақыл қосқан сүйенері  іспетті. Ал, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы алдындағы өз кіндік қаны тамған туған ауылына жасап жатқан мына бір жақсылығы көзі тірісіндегі қолының ашықтығы жайлы небір аңызға бергісіз жайлар айтылатын нағыз Сәбеңнің, атақты  жазушының мәрттігіне ұқсас.
Жеңістің 65 жылдығында туған топырағы – Ортақта бүкіл елдің басын қосып, соғыстан оралмағаны, оралғаны бар 143 майдангердің аруағына үлкен ас бергізіп еді. Сол жолы және бір аузынан шыққан жақсы лепес келешекте осы арыстардың аты-жөндерін көнерместей, өшпестей етіп, мәрмәр тасқа қашап жазып қою болатын. Кейін бір жөні болар деп, өз  ақшасына сол 11 тақтаны былтыр толықтай тиісті орнына дайындатып, жаздыртып, одан ауылға жеткізіп, «алдағы 70 жылдыққа үлгерсек етті» деп, тағат таппай, күзде күні бұрын орнатқызып, енді тездетіп маңайын көркейтіп үлгеру үшін жанын салып жүрген асыл аға, осы Сәбит Мұқанов!  
Ертеңгі күні ол ескерткіштің ашылар сәтінде ел болып сол аяулы аталарымыздың алдында үлкен бір парыздың өтелгеніне қуанған тұста, Сәбит ағамның көкірегін қандай сезімнің кернейтінін алдын ала сезіп отырғандаймын. Осылай елім елдігін  таныта берсе деп елжірей түседі-ау, көпшіл жүрегі. Қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқанов атын қойған кіші Сәбит Мұқановтың да әу бастағы жаратылысы мен өнегелі өмірі, жан дүниесі мен бітім-болмысы бұдан басқаша болуы мүмкін еместей көрінеді маған. Түйсігіміздің өзі солай дейді. Өйткені, жақсының қасиеті мен киесі өзім деген жанға да нұрлы сәулесін себездей түспей ме. Солай ғой, тегі!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар