Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде жұмыс берушілердің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған университеттің президенті Сағынтай Елубаевтың айтуынша, осы жоғары оқу орнын биыл бітіретін түлектердің 70 пайызы түрлі мекемелерде өндірістік тәжірибеден өту барысында өздеріне алдын ала жұмыс тапқан. Жәрмеңкеде мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында мұндай өндірістік тәжірибелердің саны төрт есеге ұлғайтылғаны да тілге тиек етілді.
Кездесуде оқу ордасынан әр жылдары түлеп ұшқан мамандар мен жұмыс берушілер де сөз алып, жастардың басқа салада емес, өз мамандықтары бойынша еңбек еткендері жөн екендігіне ерекше тоқталып өтті. Көкшетау қаласындағы №21 орта мектебінен келген өкілдер білім ошағына бес бастауыш сынып мұғалімі, тарих және психолог маман қажет десе, басқа да жұмыс берушілер түлектермен жеке танысып, өздеріне керек мамандықтарды ұсынып жатты.
Қорыта айтқанда, жоғары оқу орнының қабырғасында өткізілген бұл жәрмеңке жас мамандар үшін кезекті рет өзінің тиімділігін көрсетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.