Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір хаттың сыры - АРҚА АЖАРЫ

Бір хаттың сыры

 Бүкіл адамзатқа қасірет әкелген сұрқия соғыстың  зардабын кімдер тартпады дейсің. Ұлы Жеңістің ұлық мерекесі жақындаған сайын соғыс сарбаздары жайлы  сырдың да тарих тереңіне сіңіп бара жатқанын несіне жасырамыз. Бүгінгі әңгіме еткелі отырған оқиға да сол соғыстың қатал тезінен сыр шер-теді.

Менің туып-өскен ауылым Ақмешіттен (бұрынғы атауы Боқырау) жүзден аса адам майданға аттанған екен. Олардың дені ұрыс даласынан қайтып оралмады. Менің нағашым Біләл Әлімқасов та осы соғыста елі үшін ерлік танытып, жанын пида етті. Кезінде нағашымның ерлік ісі жайлы «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім комиссары Ғабдрашит Қожахметовтың «Жауынгер Біләл Әлімқасовтың семьясына хаты» деген тақырыпта мақала жарияланған еді.
Мен аяулы нағашымның өз Отаны үшін мерт болып, ерліктің өнегесін көрсеткенін мақтаныш тұтып, соны кейінгі ұрпаққа үлгі етсем деп едім. Бәлкім, бұл да жастарды отансүйгіштікке тәрбиелер деп ойлаймын. Төменде оқырмандарға осы мақаланы толық ұсынуды жөн көрдім:
 «…Сіздер тәрбиелеп өсірген Біләл Отан үшін қаза тапты. Ол өмірінің соңғы минутына дейін ерліктің, табандылық пен асқан қажырлықтың сүйсінерліктей тамаша үлгісін көрсетті. Н… биігі үшін болған ұрыста Біләлдің бөліміндегі он үш жауынгер 150 гитлершілерге қарсы шықты. Жау оларды қоршап, тірідей қолға түсіруге ұмтылды. Мұны көрген Біләл жолдастарына қарап, оларды тапжылмауға шақырды.
–Туысқандар! – деді ол. – Жау бізді тірідей қолға түсірмек. Біздің сағымызды сындырып, арымызды аяққа баспақ! Жоқ, фашистке бас игеннен өлген артық, кәне, бауырлар, бір қадам кері шегінбей, Отан үшін жауға табандылықпен соққы беруге серт етейік! Бұл жолдан қасық қанды, шыбын жанды аямайық! Өлсек те ез болмай, ерлерше өлейік. Ананың ақ сүтін ақтайық.
Жауынгерлер оған үн қосты. Он үш ер ентелеген жауға тайсалмай қарсы тұрды. Ұрыс қыза түсті. Ерлер жауды ілгері бастырмады. Бірақ, олар бірінен соң бірі саптан шығып, Біләл жалғыз қалды. Жан жағына қарады,          достарынан түгел айырылғанына қайғырып, бойын ыза кернеді. Жауына кегі өрши түсті. Ол ауыр жараланды, бірақ жарасын елемеді. Бар күшін жиып, дұшпанға соққы берумен болды. Міне, оғы да таусылды. Тек жалғыз ғана гранатасы қалды. Жау «қолға түс» деп айқай салды.
– Жоқ, жоқ! Сендердің қолыңа тірідей түсе қоймаспын, – деді де, жау үстіне төнген кезде ақырғы гранатасын лақтырды, ондаған гитлершілерді жойып, өзі де қаза тапты. Осы ұрыс болған жерде 130 гитлершілдің өлігі қалды. Он үш ер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындады, жауды ілгері өткізбеді.
Ардақты бауырлар! Сіздер ұланның өліміне қайғырмаңыздар! Мұндай ерлік өлімді мақтаныш етіңіздер. Оның жолдастары, біздер, ердің кегін алудамыз, ала бермекпіз. Біздің серт осы. («Социалистік Қазақстан» газеті, 1942 жыл, 27 желтоқсан).
Міне, қаһарман жауынгерлердің отбастарына ол кезде осы секілді хаттар келетін. Өзімнің де осындай батырдың ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Туған ауылыма әр барғанымда Отан қорғаушыларға арналған ескерткішке  міндетті түрде соғып, жарқын болашағымыз үшін жан қиған жауынгерлер рухына  бас иемін. Биыл соғыстың аяқталғанына 70 жыл толады. Батырлар ерлігі мәңгі жасайды! Менің де осыған қалам тербеп отырғанымның бір себебі, сол сұрапыл соғыста қаза тапқандарға тағзым ету еді.

Хатима  ҚАБЫЛДИНОВА,
ұстаз.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар