Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап көрген облыс әкімі Сергей Кулагин абаттандыру жұмыстарына назар аударып, басшыларға тиісті міндеттер жүктеді.
Алдымен, өңір басшысы «Қазпошта» акционерлік қоғамы филиалы ғимараты маңының абаттандырылуына назар аударды. Мұнда орналасқан автокөлік тұрағы жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудыруда. Облыс басшысы автокөлік тұрағын «Көкшетау» қонақ үйінің алдына көшіріп, оның орнына гүлзарлар жасауды тапсырды. Бұдан соң Абылай хан алаңы мен қалалық орталық бақты аралап көрді. Мұнда кейбір ағаштар кеуіп қалған.
Оның үстіне ағаш көшеттері селдір отырғызылыпты. Екпе шөптерді суаратын су құбырлар жүйесі жоқ. Кесілген ағаш түбірлері мен мұндалап тұр. Шұңқырларға бедер тастар төселмеген. Облыс әкімі бұл келеңсіздіктерді тез арада тәртіпке келтіруді және кеуіп қалған ағаштардың орнына гүлдейтін ағаш көшеттерін көптеп отырғызуды тапсырды. Өткен жылы Даңқ аллеясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, мұнда дем алатын орындықтарды сырлау, көпқабатты үйдің сыртын жөнге келтіру және әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары назардан тыс қалған. Осыған байланысты басшыларға тиісті міндеттер жүктелді.
Түс ауа өңір басшысы Набережный көшесі бойындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстарды «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Муниципальдық құрылыс жөніндегі бас инженердің орынбасары Хабир Ибрагимовтың айтуынша, мұнда үш жаңа автопавильон тұрғызылып, екі жақты жарық қойылады. Қылшақты өзені жағынан жүзден астам ағаш көшеттері отырғызылмақшы. Облыс әкімі қала әкімі Ермек Мыржықпаевқа келесі жылы өзенді көлге дейін тазалауды, оның жағалауын қалалықтардың демалыс орнына айналдыруды тапсырды.
Вокзал маңындағы алаңды абаттандырудың экскиздік жобасын көріп, бірқатар түзетулер енгізді. Онда алаң аумағын көгалдандыру және жарықтандыру қарастырылған. Жуыр арада «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қаржысы есебінен Көкшетау темір- жол вокзалының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Осы
орайда, алаңды да жаңарту қажеттігі туындап отыр.
Облыс басшысы Абылай хан даңғылы бойындағы екі скверде болып, көгалдандыру мәселесіне назар аударды. Мұнда Сергей Кулагин қалада ағаш отырғызу жұмыстарына қатысуға ұсыныс жасаған жеке меншік ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Биыл «Сбербанк» акционерлік қоғамының филиалы «Аққу» бала бақшасы маңында ағаш отырғызбақшы. Банк филиалының директоры Әсел Махмұтованың айтуынша, 300 мың теңгеге сатып алынған ағаш көшеттері мамыр айының соңына дейін отырғызылатын болады.
Облыс әкімі жаңа шіркеу құры-лысына да жер телімін қарастыруды тапсырды.