Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы «Архистратиг Михаил» приходы православ шіркеуінде болып, жиналған қауымды осы нұрлы діни мерекемен құттықтады.
Бұл күні шіркеуге келген православие хрис-тиандары құдайға құлшылықтарын уағыз тыңдаудан бастап, онан әрі бір кісідей өңір басшысының құттықтауына құлақ түрді. Сергей Кулагин осы қасиетті мереке арқылы православ дінін ұстанушылар бірлік пен достықты қабылдайтынын, әр адамның жүрегінде жаратқанға деген сенім бар екендігін айта келе, отбастарына бақ-береке, жарқын болашақ тіледі.
–Көктемнің шуақты күнінде қасиетті мерекеміз Пасханы қарсы алып отырғанымыз жақсылықтың нышаны деп білемін. Елімізде тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың барлығының наным-сеніміне баршамыз бірдей сыйластықпен қараймыз. Сол себепті де, Пасха тек христиандардың мейрамы ғана емес, оны бүкіл ел болып атап өтеді, – дей келе, облыс әкімі шіркеуге жиналғандарға өңіріміздің экономикалық дамуы мен бірлігіміздің нығаюына қосып келе жатқан үлестері үшін шынайы алғысын жеткізді. Өз кезегінде Көкшетау және Ақмола эпархиясының эпископы Серапион әкей де облыс әкімін Христостың қайта тірілуінің нұрлы мейрамы Пасха мерекесімен құттықтап, еліміздің өркендей беруіне тілектестігін білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.