Қазақтың сайын даласының көк аспаны көк байраққа көмкеріліп, қанатын қомдап, қалықтап ұшқан қыран құс асқақ биікке ұмтылады. Тоныкөк болып тебіреніп, Білге қаған болып білегін сыбанып, егеулі найзаларын қолға алып, тұлпардың тұяғын тоздырып, ұлан-ғайыр өлкені қызғыштай қорғаған асыл хандарымыз ел болмақ үшін мәңгілікке түзеген ұлы көшіне биыл бес жарым ғасыр толғалы отыр.
Хандардың басы Керей мен Жәнібек уығын шанышып, шаңырағын көтерген киелі орданың Абылайдай ұлы дананың даму соқпағымен жалғасып, соңғы ханы Кенесарымен тоғысып, бүгінгі Нұрсұлтандай ұлы тұлғасымен жаңа заманға жеткені Алаштың азаттық үшін жан алысып, жан беріскен алмағайып замандағы ұлы мұраты еді.
Кешегі күні ғана ұлы ханымыз Абылайдың 300 жылдығын тойлаған тойында өзінің құттықтау хатын жолдаған Елбасы өзінің сөзінде: «Қай елдің де айбынын асырып, айдынын тасытатын басты белгісі – ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран болатын ұлы тұлғалары. Азаттықтың жолы азапты, тәуелсіздіктің тәуекелге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз. Бой таластыратын емес, ой талас-тыратын заманға, білектіден білікті басым түсетін кезеңге келіп отырғанда, мұның бәрі көп болып кеңесер күрделі жайлар» деген еді.
Сол айбынымызды асырып, айдынымызды тасытатын хандарды ұлықтау тойы аясында Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласынан «Қазақ елі – Мәңгілік ел» автокеруені сапарға шықты. Биылғы Қазақ хандығының құрылу тарихын зерделеу мақсатында ұйымдастырылған бұл автокеруенге зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар және журналистер еніп отыр. Автокеруенді шығарып салу салтанаты хан Абылай ескерткіші басындағы тағзым ету рәсімімен бастау алды. Бұл шараға облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматтары, саяси партиялар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және студент жастар өкілдері қатысты.
Бүгінгі күн!..
Еркіндіктің құшағында бесігің,
Әр таң сайын бақыт қаққан есігін.
Абылайлап!
Атқа қонған ұранмен,
Ғасырларға жаңғырып тұр есімің!
Ақынның осы бір жыр шумақтары Абылай алаңында асқақтай жөнелді. Ұлы ханға тағзым еткен халық елінің амандығын ойлап, бар ғұмырын аттың үстінде өткізген данасына тағзым етіп, оның асқақ бейнесі сомдалған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Одан әрі бұл салтанатты шара Тәуелсіздік алаңында жалғасып, хандардың тойы біздің ынтымағымыздың және тұтастығымыздың айшықты бір көрінісіндей есте қалды. Алаңға жиналған қала тұрғындары шаңырағы еңселеніп, биіктеп келе жатқан қазақ елінің тағы бір асқақ асуға қадам басқан айшықты көрінісіне куә болды.
–Биыл қазақ елі өзінің төл тарихының тұңғиық тереңінен сыр шертетін – Қазақ хандығының құрылуына байланысты айшықты оқиғаны атап өтеді. Тасқа жазылған тарих – ешқашан өшпек емес. Ал, өз тарихын білген өзін де сыйлайды, өзгені де құрметтейді. Сондықтан, бұл мереке Қазақстан халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін айтулы оқиға. Себебі, қазақ жері не бір өркениеттер мен халықтардың ұлы көшінің ошағы болды. Бүгін де осы даланың бірегей мәдениетін барша әлем танып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.
Ол Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ мемлекеттілігінің бүкіл тарихы – бірігу мен тұтасудың ортақ тарихы деген сөзін жаңғыртып, бүгінгі көпұлтты елімізде тарихқа деген жаңа көзқарастың қалыптасқанын атап көрсетті.
Шыны керек, қазақ жері басынан не бір тауқыметті өткерді. Жан-жақтан қысталаған жаудың да еңсені езіп, рухымызды мұқалтпақ болған басқыншылығына да қарсы тұрды. Азаттық – ұлы мұратымыз болып ғасырлар бойы күрескеніміз де еш жасырын емес.
Бүгін біз азат елміз, тәуелсіздігімізді алдық. Бірақ, жаһандық қиындықтар жан-жағымыздан өзінің теперішін де төндіріп отыр. Бірлігі берік, ынтымағы жарасқан ел ғана биік мақсаттарға жете алады. Біздің мақсатымыз да мәңгілік ел болу.
Ал, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов хандардың тойы өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеуге ықпал етіп, өз тарихын білуге деген танымдық қасиеттерді қалыптастыратындығын өз сөзіне арқау етті.
Бұдан әрі концерттік бағдарламаға жалғасып, жұрт патриоттық әндердің куәсі болды. Ал, хандардың биылғы мерейлі жылына арналған автокеруен облыстарды аралау үшін жолға шықты.
Алдымен автокеруен 14–18 сәуір аралығында Еңбекшілдер, Бұланды, Ақкөл және Шортанды аудандарында болып, жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізеді. Одан әрі маусым, тамыз айларында облыстың төрт бағытындағы аудандар мен қалаларды аралауды мақсат етіп отыр. Осылай биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында тағылымды кездесулер өткізетін болады.