Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт үшін туған Тәшенев - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт үшін туған Тәшенев

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музы-калық-драма театрында Қазақстан Республи-касының халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың халқымыздың біртуар перзенті, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ел үшін сіңірген еңбегі кеңінен суреттелген «Алдаспан» атты драмасының премьерасы сәтті сахналанды.

Ерсайын Төлеубайдың аталмыш қойылымында өткен ғасырдың орта тұсында, яғни, кеңестік-тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезеңінде билік құрған Никита Хрущевтің тың игеру саясатына орай қазақ елінің солтүстігіндегі бес облысты Ресей мемлекетіне, мұнайлы Маңғыстау өңірін Түркіменстанға, бұрынғы Шымкент облысының Бостандық, Мақтарал, Киров аудандарын Өзбекстанға қосу жөніндегі шешіміне келісім бермей, Мәскеу билігіне жалғыз өзі қарсы тұрған арыстан мінез, алып жүрек, қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің ерен ерлігі кеңінен суреттеледі. Шығармаға арқау болған Жұмабек Тәшеневтің  Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қызметінде республиканың саяси- экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңіргендігі, оның қайраткерлігі, кеңес өкіметінің әділетсіздігіне қарсы келуі, ұлты үшін жасаған басқа да жақсылықтарын туынды авторы көркем тілмен, тарихи шындықты шынайы көркем шындыққа айналдырып, әсерлі бергендігі соншалық, театр көрермендері драманы ерекше сезіммен тамашалады. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірген, шығармашылық одақтар өкілдеріне пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталған, «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалған, «ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылған ел ағасының еңбегі қашанда халқының жадында сақталатыны сөзсіз. Ленин, Еңбек, Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендері соның бір айқын айғағы.
Сондай-ақ, драмада сол кездегі солақай саясаттың үстемдігіне бас имей өткен хас батырымыз, қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлы және өнер мен әдебиетте өшпес із қалдырған Ілияс Омаров, Гүлжихан Ғалиеваның өткен өмірлерінен де сыр шертілген.  
Белгілі актер Төлеубек Көңбайдың образ ашудағы шеберлігіне, кейіпкердің барлық болмыс-бітімін сомдаудағы ізденісіне, кәсіби тәжірибесіне қашан да тәнті едік. Бұл жолы да театр сахнасына тұңғыш шығарылып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің бейнесін барынша шынайы шығарғаны анық.  Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі – Бауыржан Момышұлына тән мінез-құлықты, оның бойындағы жігер мен қайсарлықты, өрлік пен қыңырлықты сомдаған Қайрат Мырзаболатов та образды жоғары деңгейде сомдады. Бұл жөнінде батырды көзі көрген республикалық «Казахстанская правда» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Шыңғыс Тәшенев:
– Мен Бауыржан Момышұлының жақын інісімен бірге Алматыда оқыған едім. Сонда бір рет халық қаһарманымен кездескенім бар. Сол кездесуде оның мінезі мен тәкаппарлығын көріп таң қалғанмын. Батырмен амандасқан кездің өзінде оның мысының басымдығы ма, әйтеуір, ішімде бір қорқыныш сияқты сезім пайда болатын. Бүгін Қайраттың образды шебер орындауы-нан ба, сол кездегі мен көрген батырдың бейнесімен тағы бір жолыққандай болдым, сол кезде алған әсер есіме түсті, –деп, актердің образ ашудағы кәсіби шеберлігіне зор баға берді.
Өнер мен әдебиет саласында өзіндік шоқтығы биік қайраткер Ілияс Омаровты сомдаған Құмарбек Қалқатаевтың да еңбегін бағалағанымыз абзал. Никита Хрущев пен Гүлжихан Ғалиеваның рөлдерін ойнаған Жарас Қалдаров пен Жанар Құсайынованың да шеберлігіне шәк келтіре алмаймыз. Олар да өздеріне берілген тарихи бейнелердің образдарын аса зор жауапкершілікпен ойнады.
Спектакль барысындағы сахнаны безендіру сол дәуірге сай қарапайым үлгіде жабдықталып, кейіпкерлердің киімдері де кеңестік заман үлгісінде жасалған. Спектакльдің қоюшы суретшісі – Ләйлә Нәбиева.
Қойылым соңында спектакльді тамашалауға келген бір топ қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері сахнаға шығып, туындыдан алған әсерлерімен бөлісіп, ұлт үшін туған азаматтың өмірінің кейбір сәттеріне тоқталды. Шығарманың қоюшы режиссері Ерсайын Төлеубайға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева Алғыс хат табыс етті. Сонымен бірге, Жұмабек Тәшеневтің келіні Фатима Садыққызы сөз алып, театр актерлері мен туындының авторына шын жүректен ізгі тілектерін айтып, зор алғысын білдірді. Театр ұжымы да шығарманың авторына сый-сыяпат жасап, ізгі тілектерін жеткізді. Тарихи драманы көруге көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан да бір топ басшылар мен зиялы қауым өкілдері келіп, ақмолалық әртістер өнеріне жоғары бағасын берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар